Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кредиттерге «каникул» жариялады

Кредиттерге «каникул» жариялады

Елде жарияланған төтенше жағдайға байланысты банкке берешегі бар қа­зақ­стан­дықтардың барлық несиесін төлеу кейінге қалдырылатын болды. Бұл туралы төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында Президент Қ.Тоқаев осындай тапсырма берді. Мемлекет басшысы мұндай бастаманың қолдау табатынына сенім білдірген болатын. Өйткені карантиннің кесірінен елдегі кәсіпкерлік нысандардың 80 проценті жұмысын тоқтатқан. Шамамен 500 мыңдай адам жұмысынан айырылған.  Халық табыс көзін жоғалтып, отбасыға кіретін кіріс аза­йып отыр.
Президент сенім білдерген банктер санаулы күндерден кейін-ақ өздерінің ресми сайттарында «мерзімі өткен кредиттерге үстемақыны алып тас­тап, 90 күнге дейін каникул жариялаймыз» деген ақпараттарды жариялай бастады.
– Төтенше жағдай кезінде айыппұл мен өсімпұл салмау жөніндегі шектеуден басқа, дағдарысқа ұшыраған халықтың барлық несиелері бойынша қарызды төлеуді тоқтата тұру қажет, – деді Президент. Оның пікірінше, бұл саладағы жағдайды бақылауда ұстау қажет. Сонымен қатар Президент көптеген отандастарымыздың жағдайдың қиындығына байланысты ломбард, онлайн кредит, микроқаржылық ұйымдарға барып жатқанын атап өтті.
Сонымен мерзімді уақытша ұзарту үшін не істеуіміз керек? Алдымен сіз қай банктің клиенті екеніңізді анықтайық. Мысалы, «Halyk bank» банкіне берешегіңіз болса, басты талап кредитті төлеу мерзімі 2020 жылдың 16 наурыз бен 15 сәуір аралығында болуы тиіс. Бұдан бөлек, «Баспана хит», «7-20-25» мемлекеттік бағдарламалары және «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ бағдарламалары шеңберінде берілген қарыздар бойынша күнтізбелік 90 күнге дейін мерзімге ұсынылады. Мерзімі ұзартылған жағдайда, қарыз алушы төлейтін жалпы сомасының мөлшері ұлғаймайды. Сізге банкке барудың да қажеті жоқ. Тек банктің ресми сайтынан өтінім толтырасыз және сіздің өтінім қабылданған жағдайды арнайы sms  хабарлама келеді.
Ал сіздер көп қолданатын «Kaspi bank» ұйымы бұл бастаманы қолдаған бірінші банк қатарында екен. Оған дәлел қаржылық ұйымның басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе төтенше жағдай режиміне байланысты уақытша қаржылық қиыншылықтарға тап болған Kaspi.kz-тің клиенттерін қолдау бағ­дарламасын іске қосты.
– Біз ай сайынғы төлемдер бойынша кейінге қалдыру мерзімін 2 айдан 3 айға дейін ұзартамыз. 18 наурызға дейін несие немесе бөліп төлеу ресімдеген, сондай-ақ Kaspi Red клубына кірген және уақытша қаржылық қиыншылықтарға тап болған клиенттер төлемді кейінге қалдыру мүмкіндігін ала алады. Kaspi.kz командасы 2 сәуір күні қолдау бағдарламасына қатысуға өтінімдер беруге арналған қолайлы онлайн-сервистің үйден шықпай-ақ тікелей Kaspi.kz мобильді қосымшасында қолжетімді болуы үшін барлық күш-жігерін салуда». Сіздерге ыңғайлы болу үшін біз жаднамада қолдау бағдарламасының негізгі шарттарын келтірдік және Kaspi.kz-тегі «Гид» бөліміне ең жиі кездесетін сұрақтарды топтастырдық, – деген басқарма төрағасы банктің ресми парақшасында.

Майя ҚОЖАБАЙ
31 наурыз 2020 ж. 558 0