Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Пхеньяндағы саммиттің екінші кезеңі аяқталды

Пхеньяндағы саммиттің екінші кезеңі аяқталды


Солтүстік пен Оңтүстік Корея шекара маңындағы қарусыздандырылған аймақтан әскерді шығарып, Пханмунджом бекетіндегі адамдардың санын азайтатын болды.
Мұндай уағдаластыққа екі бауырлас ел басшылары кездесуінің екінші күні қол жеткізілді. Бұдан бөлек қос тарап 1 қарашадан бастап қарусыздандырылған аймаққа жақын жерде ірі әскери жаттығу өткізбеу және әскери ұшақтарды ұшырмау туралы келісті.
Сондай-ақ Солтүстік Корея басшысы Йонбёндегі ядролық нысанды жоюға уәде етті.
Ал келесі жылдан бастап тараптар буферлік аймақ бөліп жатқан темір және тас жолдарды қосу туралы жұмыстарды бастайды. Бұдан бөлек екі мемлекет 2032 жылы Олимпиаданы бірігіп өткізу туралы өтініш білдіретін болып келісті. Тағы бір айта кететін жайт, Ким Чен Ын жақын арада Оңтүстік Корея астанасына алғаш рет ресми сапармен баратын болды.
Ким Чен Ын, Солтүстік Корея басшысы:
- Біз екі ел арасындағы қасіретті қақтығыс пен текетірес тарихын тоқтату үшін және Корей түбегін бейбітшілік пен ядролық қарудан азат өңірге айналдыру мақсатында әскери келісімшартқа қол қойдық.
Мун Чжэ Ин, Оңтүстік Корея президенті:
- Оңтүстік пен Солтүстік Корея тұңғыш рет түбекті ядролық қарудан азат өңірге айналдыру туралы келісімге келді. Бұл өте маңызды жетістік. Солтүстік халықаралық бақылаушылардың қатысуымен Тончхан Нидегі зымыран сынау полигонын жабуға келісті.


www.24.kz
19 қыркүйек 2018 ж. 1 026 0