Уганда халқы әлемдегі ең жас корольмен қоштасты
Угандада дәстүрлі Торо корольдігінің королі, әлемдегі ең жас билеуші монарх Ойо Ньимбу Кабамбу Игура Рукиди IV жерленді. Ол үш жасында таққа отырған. Король тамыз айының соңында 35 жасқа толмай, қатерлі ісіктен қайтыс болды, деп хабарлайды Egemen.kz.Корольмен қоштасу рәсімі ауқымды шараға айналды. Оның табыты құны шамамен 230 мың еуро тұратын арнайы жабдықталған Mercedes GLE 400d көлігімен жеткізілді. Көлік ұзартылып, табытты рәсімге қатысушылар жан-жағынан көре алуы үшін екі жаққа ашылатын есіктер орнатылған.
Форт-Портал қаласындағы англикан соборына мыңдаған адам жиналды. Рәсім аяқталғаннан кейін бас дін қызметкері табытты корольдер жерленген орынға дейін 6 шақырым жаяу алып барған.
Ойо 1995 жылы небәрі үш жасында король болды. Ал өткен жылы Гиннестің рекордтар кітабы оны әлемдегі ең жас король ретінде ресми түрде таныды. Монарх қоршаған ортаны қорғау және АИТВ-мен күрес мәселелеріне ерекше көңіл бөлген. Оның құрметіне Уганда Англикан шіркеуі 15 миллион ағаш отырғызуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
Король қайтыс болғаннан кейін тақ мұрагерлігіне қатысты дау туындады. Нәтижесінде король әулетінің бір бөлігінің қарсылығына қарамастан, 56 жастағы ханзада Эдвард Рукиди Кьянангома жаңа билеуші болып жарияланды.
Рәсім кезінде ол марқұмның денесін дәстүрлі матамен жауып, қабірге 9 кофе дәнін тастап, жерге сүт төккен. Осылайша жаңа король ата-баба рухтарына өзін таныстырып, олардан қорғау сұраған.









