Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Түркиядағы өртке аспаздардың салғырттығы себеп болған

Түркиядағы өртке аспаздардың салғырттығы себеп болған

Түркиядағы Карталкая тау шаңғысы курортындағы қонақ үйде болған өрттің себептері анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Құзырлы органдардың мәліметінше, өрт түнгі сағат 03:21-де қонақүйдегі мейрамханадан басталған. Осы кезде асхана қызметкерлері тағамды қуыру үшін грильді пайдаланып, таңғы асты пісіруге дайындалып жатқан. Құрылғыны ұзақ қыздыру салдарынан оның бетіндегі май кенеттен жанған.

Ас үй қызметкерлері өртті өздері сөндірмек болған. Алайда олар өрт сөндіру құралын пайдаланудың орнына жалынды сумен өшіреміз деп қате шешім қабылдаған. Бұл өрттің одан да қарқынды таралуына ықпал еткен.

Жалын майдан тазартылмаған сорғышқа тиіп, желдету жүйесі арқылы шатырға тараған. Салдарынан өрт бүкіл ғимаратты шарпыған. Осылайша, Grand Kartal қонақүйіндегі ірі өрттің шығуына аспаздардың салғырттығы себеп болған. Сондай-ақ, тергеу барысында қонақүйдегі өрт дабылы жұмыс істемегені анықталған. 

Қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалып,  асхананың төрт қызметкері ұсталған.

Естеріңізге сала кетейік,  қонақ үйде болған ірі өрттен 79 адам қаза тапты.

Фото: sabah.com.tr
27 қаңтар 2025 ж. 56 0