Нобель нақыштары: Ең жас лауреат
Нобель сыйлығының ең жас лауреаты – 17 жастағы Малала Юсуфзай есімді қыз. Пәкстандық бойжеткен мұсылман елдерінде әйелдерге білім алу құқығының берілуі жолында күрескен деп хабарлайды Egemen.kz
Оған жоғары марапат 2014 жылы бейбіт өмір жолында жүргізген күресі үшін табысталған. Юсуфзай 11 жасынан бастап BBC арнасында блог жүргізу арқылы танымал болды. Ол Талибан билігін, олардың Сват алқабын бақылауға алғанын, қыздарға білім алуға шектеу қойғанын әлемдік аренада ашық жазды. Қыздардың сауатын ашуды жақтағаны үшін 2012 жылы тәліптер Малалаға оқ атып, ауыр жарақаттайды. Сол оқиғадан кейін ол Ұлыбританияға емделуге жіберілді. Бірақ жігерлі қыз мықты дәрігерлердің арқасында аман қалып, қайтадан күресін жалғастырды. Әркім тайталасуға шамасы жетпейтін оның мұндай батыл қадамын әлем жұртшылығы жоғары бағалады.
Мария Кюри ханым мен оның күйеуі Пьер Кюри екеуі де әлемге әйгілі ғалымдар. Радиоактивті ғылым саласына қосқан үлестері адамзат тарихында өлшеусіз жаңалық болып бағаланды. Бірақ біздің айтпағымыз басқа.
Нобель сыйлығын ең алғаш болып, екі рет иеленген тұлға ретінде тарихта қалған Мария Кюри ханымның үйіне қонақтар келеді. Кенет олар Ұлыбританияның патшалық ғылым қоғамы тарту еткен алтын медальді екі қыздың ойыншық ретінде ойнап жүргенін көріп, қатты таңғалады. «Мынадай қастерлі сыйлықпен балаларыңа ойнатып қойғаның қалай?», деп жағасын ұстайды. Сонда Мария Кюри «Менің ғылымнан өзге ең ұлы міндетім – ұрпақ тәрбиелеу. Сыйлық – мені жігерлендіру үшін берілген ойыншық қана» деп жауап береді. Әйгілі Альберт Эйнштейннің «Ол – әлемдегі атақ-даңққа елітпеген жалғыз адам» дегені осыны меңзесе керек.
Әдебиет саласы бойынша тұңғыш Нобель сыйлығының иегері атанған Рене Сюлли Прюдомның шын есімі – Рене Франсуа Арман Прюдом.
1901 жылы Сюлли Прюдом кітаптарындағы ерекше көркемдік қуат, жоғары идеализм, сондай-ақ шынайылық пен талант қатар ұштасқаны үшін Нобель сыйлығының алғашқы лауреаты атанған. Мұндай құрметке Лев Толстойды лайық көрген әдеби қауымы үшін бұл күтпеген жаңалық болды. Құттықтау сөзінде академия мүшесі С.Д.Вирсен ақынның ізденімпаз, ештеңені қалт жібермейтін ақылымен адам жүрегіне жол таба алғанын айтады. Сюлли Прюдомның шығармашылығын зерттеушілер ақынның француз әдебиетіне ықпалы туралы айтқанда: «Ол француз поэзиясын түнектен жарыққа шығарды, пессимизмнен позитивизмге толтырды» деседі. Бірақ өкініштісі, өз заманында үлкен танымалдылыққа ие болған ақынның есімі бүгінде француздың жас ақындарына арнап өзі тағайындаған шәкіртақысы берілер кезде ғана аталып жүр.