Грузияда шай өндірісі қайта жанданды
Ауыл шаруашылығын қорғау бағдарламасы аясында қараусыз қалған шай алқаптарында жұмыс қызды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Тіпті тауарды шетелге экспорттау да жолға қойыла бастаған. Грузияда шай өсіру дәстүрінің жүздеген жылдық тарихы бар. Осы уақыт аралығында сала түрлі кезеңді бастан кешкен. Соңғы жылдары ежелгі кәсіпті қайта қолға алып, оны жандандыруға күш салып жатқандар көбейді. Соның бірі Геннадий Гарчагодашвили. Биыл кәсіпкер жиналатын өнімнің 450 тоннасын шетелге экспорттауды жоспарлап отыр. Оның 10 проценті жоғарғы сұрыпты шай.
Геннадий Гарчагодашвили, шай компаниясының қожайыны:
– Маған шай өсірумен айналысу туралы ой 2007 жылы келді. Ол кезде Кеңес одағы ыдырағаннан кейін бұл саланы қолға алып жатқан ешкім болмады. Алдымен плантация мен құрал-жабдықсыз бос тұрған шай фабрикасын сатып алдым. Содан кейін оны жөндеуден өткізіп, жаңа құралдар орнаттым. Қазір өндірісім күніне 40-50 тонна шай жапырағын өңдейді.
Грузия билігі 8 жыл бұрын шай өндіруші фермерлерді қолдау бағдарламасын іске қосты. Жоба аясында шарулардың көп шығынын өтеп, жеңілдікпен несие беру қарастырылған. Бағдарламаның көмегімен шай дәстүрі де жаңғыртыла бастады.
Гела Ханишвили, Грузия ауыл шаруашылық министрінің орынбасары:
– Біз Грузин шайын негізінен бұрынғы Кеңестер Одағы елдеріне экспорттаймыз. Өнімнің көп бөлігін Украина мен Беларусьқа жібереміз. 2019 жылы жақсы өнім алып, 3 мың тоннаны сыртқа жөнелтік. Содан кейін індеттен кәсібіміз біраз тұралап, биыл шаруамыз қайта оңала бастады. Келешекте плантациямызды ұлғайтып, экспорт көлемін арттыруды көздеп отырмыз.
Грузия табиғаты шай өсіруге өте қолайлы. Жылына үш рет өнім жинауға болады. Қазір жоғары сапалы шай өндіріледі. Әсіресе көк шай жоғары бағаланады.