Әлемде ауа райы құбылып тұр
Жалпы әлемде ауа райы құбылып тұр. АҚШ-тың солтүстігінде құйын соғып, 2 адам ажал құшты. Торнадо Германия тұрғындарын да әбігерге салды. Сондай-ақ Құрама Штаттардың батысында қар жауды. Ал Бразилияның солтүстік-батысында алапат су тасқыны болды, деп хабарлайды 24.kz.
Германияның батысында 3 бірдей торнадо соғып, 1 адам мерт болды. Тағы 40-тан астам тұрғын жараланған. Дәрігерлер 10 кісінің жарақаты ауыр деп отыр. Ағаштар опырылып, ғимараттар мен көліктер қирады. Авто және темір жолдар жабылып қалды. Метеорологтар енді жаңбыр мен бұршақ жауады деп ескертті.
Торнадо АҚШ-тың Мичиган штатында 2 кісінің өмірін қиды. Жарақат алғандар да бар. Бәрінен де Гейлорд қатты зардап шекті. Жүздеген үй жарықсыз қалды. Штат аумағында комменданттық сағат жарияланды.
Деррик Кэрролл, Мичиган штатының полициясы:
- Комменданттық сағат қараңғы мерзімге енгізілді. Өйткені Гейлорд қаласында электр жарығы жоқ. Түнде көшеде жүру қауіпті.
АҚШ-қа қалың қар жауды
Ал батыстағы Колорадо штатында күтпеген жерден қар жауды. Кейбір аудандарда ақ ұлпаның қалыңдығы 30 сантиметрден асқан. Ондаған мың адам жарықсыз отыр. Денвер қаласында бейсбол матчы кейінге шегерілді.
Испанияда аптап ыстық болып тұр
Испанияда керісінше күн ысыды. Температура 40 градусқа көтерілді. Ұлттық метеорологиялық агенттік ел астанасы Мадридте ыстық ауа райы әдепкі нормадан 16 градусқа асқанын айтады. Билік аптаптан кейін алапат өрт басталуы мүмкін деп дабыл қақты.
Росио Васкез, көше сыпырушы:
- Ми қайнатқан ыстық болып тұр. Бірақ көше сыпыру біздің жұмысымыз. Көнеміз, басқа амал жоқ.
Бразилияда тұтас ауылдар су астында қалды
Бразилияның Амазонас штатында тұтас ауылдар су астына қалды. Мал да қырылып, егістіктерді су шайып кетті. Барынан айырылыған шаруаларда есеп жоқ. 29 әкімшілік аумақта төтенше жағдай жарияланды. Бұл елде су тасқыны жыл басынан бері жалғасып келеді. Осы сәтке дейін 300 мыңдай адам зардап шеккен.