Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Үйлерін жөндеуден өткізіп, байлыққа кенелген

Үйлерін жөндеуден өткізіп, байлыққа кенелген

Францияның Бретани өңірінде тұратын ерлі-зайыпты үйлерінен ойда-жоқта қазына тауып алған. Олар ондаған жыл бойы тұрып келе жатқан үйлерін жөндеуге шешім қабылдаған. Ең алдымен үй иелері екі бөлмені біріктірмек болған.

Жұмысшылар қабырғаны құлатып, төбелік арқалықты опыра бастаған сәтте кенеттен еденге бір нәрсе құлап түскен.

Жерге түскен заттар жарқыраған алтын монеталары болып шығады. Онда XIV патша Людовиктің айқын бейнесін көруге болады.

Ерлі-зайыптылар үйлерінен табылған бірегей қазына туралы дереу префектураға хабарлаған. Олардың үйіне қазынаны зерттейтін археология қызметінің мамандары бірден келген. Олар табылған барлық монетаны түпнұсқалығын тексеру үшін өздерімен бірге алып кетеді.

Кейінірек қазынаның XVII ғасырға жататыны белгілі болды. Табылған монеталардың (барлығы 200-ден астам) бағдарланған құны 150 мың еуроны құрайды.

Франция заңы бойынша, 2016 жылдан кейін үйлерден табылған барлық қазына мен тарихи олжалар мемлекетке тиесілі. Бірақ бұл үйдің иелері оны осы заң талабы күшіне енерден көп уақыт бұрын сатып алғандықтан, табылған заттар оларға толық көлемде қайтарылып берілген.

Аяқ асты байлыққа кенелгендер аукционда қазынаны сатуға шешім қабылдады, ал түскен қаражатты тең бөліп, тиісті бөлігін жұмысшыларға да табыстамақ ойда.

05 қыркүйек 2021 ж. 588 0