Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Лондонның атақты автобусы неге қызыл түсті және екі қабатты?

Лондонның атақты автобусы неге қызыл түсті және екі қабатты?

Лондон дегенде ең алдымен көзге не елестейді? Биг Бен, Тауэр көпірі немесе атақты телефон будкалары ма? Кейбір адам Лондон дегенде ел астанасын кезіп жүретін екі қабатты қызыл автобусты көзге елестетінін айтады. Осы автобус неліктен туристер мен жергілікті тұрғындардың сүйікті көлігіне айналды? Оны екі қабатты етіп жасау идеясы қайдан келді? Осы сұрақтар төңірегінде ізденіп көрейік.

Бәріне белгілі алып шаһарларда халық санының өсуі мен транспортқа деген сұраныс – басты проблемалардың бірі. Лондон да бұл мәследен шет қалмаған. Қаладағы алғашқы омнибустар ХІХ ғасырдың 20-жылдарында пайда болып, жолаушыларды таси бастады.

Омнибус – ХІХ ғасырда болған қала ішіндегі қоғамдық көлік түрі немесе автобустың "атасы". Бұл алғашқы автобустар бір уақытта 15-20 адамды мекеніне жеткізетін. Уақыт өте омнибустар жылдам әрі жеңіл жүруі үшін релстерде қозғала бастады. Бірақ Лондон халқы қарқынды өсті де, омнибустардан да бөлек жаңа көлік түрі қажет бола бастады. Міне, осы уақытта омнибусқа қосымша қабат қосу идеясы пайда болды. Осылай 1847 жылы қос қабатты жаңа конструкция қала ішінде қатынай бастады. Бірақ басында жолаушыларды тасымалдайтын көліктің бұл түрі адамдарға аса қолайлы болған жоқ. Тек, 5 жыл өткенде ғана жолаушыларға біраз қолайлы көліктің жаңа моделі құрастырылды.

Уақыт өте Лондонда транспорттың басқа да түрлері пайда бола бастады. Омнибустың қозғалтқышты түрі қала ішінде қатынай бастады. Бірақ оның екі қабатты моделі сақталып қалды.

Атағы шыққан даблдекер (автобус) Routemaster деп аталады. Оны сөзбе-сөз аударар болсақ – "Жол қожайыны" болып шығады. Ал автобустың қызыл түсі де кездейсоқ таңдалмаған. Ол Лондонның тұманды ауа райында назардан шет қалмауы үшін әдейі таңдалған.

13 қараша 2020 ж. 900 0