Жұпар аңқыған кітаптар
Кітапта иіс бола ма? Естімеген елде көп. Болады екен. MyBook кітап орталығы мен иіссу шығаратын Demeter компаниясы классикалық шығармалардың желісімен иіссулар коллекциясын жасап шығарды. Хош иістердің бұл тобы MyBook Perfumes деп аталып отыр, - деп хабарлайды Egemen.kz.
Аталған жобаға 14 "парфюмерлік том" кірген. Оның жетеуі орыс классикасына арналса, қалған жартысы шетел әдебиеті негізінде жасалды. Мұндағы әр иіссу бір кітаптың көңіл күйін береді. Мәселен, "Алқызыл желкендер" (Александр Грин) повесінен теңіз бен салқын лептің иісі шығады. Ал "Дауыл" (Александр Островский) пьесасынан жердің сызын сезінесіз. Сондай-ақ "Алиса ғажайыптар елінде" (Льюис Кэрролл) бірден ағылшын шәйін еске түсіреді.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, иіссу жасауда ең қиынға соққан шығарма – Лермонтовтың "Біздің заманның қаһарманы" болыпты. "Бізге, бір жағы, өте танымал иіс, ал бір жағынан – Печориннің характері сияқты күрделі әрі құбылмалы иіс керек болды. Нәтижесінде, жұпар судың хош иісінің қанық композициясы секілді өткір иіс шығара алдық. Бұл патша әскеріндегі офицер образдарынан, сұлулық пен қауіптен, драмалық оқиғалардан бір үзік сыр бере алатындай", деді олар.
Авторлық иллюстрациялары бар кітап иіссуларының коллекциясы 27 маусымға дейін сатылмақ.