Республикалық ақындар айтысы өтеді
Ұлыстың Ұлы күні – әз-Наурыз мерекесіне орай аудан әкімдігінің қолдауымен республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылады деп жоспарлануда. Айтысқа елімізге белгілі арқалы ақындар қатысып, жырға шөліркеген аудан тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйламақ.
Айтыс 21 наурыз күні сағат 14.00-де басталады. Аудандық мәдениет үйінде өтетін республикалық жыр додасына елімізге белгілі айтыскерлер, атап айтқанда айтыс ақтаңгері Айбек Қалиев, «Алтын домбыраның» үш дүркін иегері Мұхтар Ниязов, «Алтын домбыра» иегері Еркебұлан Қайназаров, Жансая Мусина, «Асыл домбыра» сайысының тұңғыш жеңімпазы Хазірет Бердіхан, республикалық айтыстардың жеңімпазы Нұрлан Есенқұлов, Нұрбол Жауынбаев, Бексұлтан Орынбасаров, Мөлдір Айтбай, Мұхамеджан Мансұров қатысады.
Өрнекті өлең, кестелі жыр өрілетін айтысты Жүрсін Ерманның төл ізбасары, ақын, филология ғылымдарының докторы, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтаев жүргізеді.
– Айтыстың бас жүлдегеріне 1 000 000 теңге берілсе, І орын иегеріне 800 000 теңге, ІІ орын иегеріне 600 000 теңге табысталмақ. Сондай-ақ екі ІІІ орын тағайындалып, әр ақынға 400 000 теңгеден беріледі. Мұнан бөлек бес ақынға ынталандыру есебінде 250 мың теңгеден арнайы жүлделер үлестірілмек. Аудан әкімдігі аудан тұрғындары мен қонақтарын республикалық деңгейдегі ақындар айтысын тамашалауға, ақындарға шабыт сыйлап, қолдау көрсетуге шақырады, – дейді ұйымдастыру алқасы.
Айта кету керек, ақындардың өнерін елімізге белгілі ақындар бағалайтын болады.
«ТТ» ақпарат