Мерейтойымен құттықтады
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласының, сондай-ақ Арал, Қазалы және Сырдария аудандарының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Айтбай Көшербаевты 70 жасқа толу мерейтойымен құттықтады.
Облыс әкімі мерейтой иесінің Сыр өңірінің дамуына айрықша үлес қосқанын айтып, ұзақ жылғы еңбегін жоғары бағалады.
– «Ел азаматымен еңселі» дейді бұрынғылар. Қиын да өтпелі кезеңде әлеуметтің әлеуеті үшін істің иінін табу, облыстың су шаруашылығы мен экологиялық проблемаларын еңсеру, әлеуметтік, коммуналдық салада барды ұқсату тек іскер әрі халыққа жанашыр азаматтардың қолынан келді. Дана халқымыз «Туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың» дегендей, кіндік қаны тамған жерге ту тіккен азаматтардың қатарында Айтбай Көшербаевтың қолтаңбасы ерек! Елдіктің асыл мұратына арқау болған азаматтық ұстанымы, ілкімді істері мерейтой иесін бүгінгідей белеске көтерді. Сіз білікті маман атанып, туып-өскен өңіріңізде жемісті жұмыс жасадыңыз. Саяси-әкімшілік қызметтер атқарып, аймақтың экономикалық, әлеуметтік жағдайының жақсаруына бар күш-жігеріңізді арнадыңыз. Замандастарыңыз бен әріптестеріңіз өзіңізді өмір мектебінде шыңдалып, еңбегімен құрметке бөленген қайраткер, іскер азамат ретінде сыйлайды.
Айтбай Елеуұлы Қызылорда қаласының әкімі кезінде мені мемлекеттік қызметке қабылдап, орынбасары ретінде зор сенім білдірді. Жасы үлкен аға, тәжірибесі мол басшының қамқорлығын әрдайым сезіндім. Сондықтан сіздің тұлғалық қасиетіңізді, кісілік келбетіңізді ардақ тұтамын. Елдің келешегімен байланысты өміршең істердің бастамашысы болғаныңызды жастарға үлгі-өнеге ету – біздің парызымыз, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Мерейтойлық қабылдау барысында Айтбай Көшербайұлына Қызылорда облысының «Құрмет» грамотасы мен ҚР Мемлекеттік Кеңесшісі Ерлан Қариннің құттықтау хаты табысталды.
Мерейтой иесін мемлекет және қоғам қайраткерлері Қырымбек Көшербаев, Гүлшара Әбдіқалықова, сондай-ақ «РЗА» акционерлік қоғамының президенті Самұрат Имандосов және еңбек ардагері Сәбит Аңсат құттықтады.
– Айтбай Көшербайұлы бізге өзінің еңбекшілдігімен, жауапкершілігімен үлгі бола білді. Үлкен өндіріс және мемлекеттік қызмет мектебінен өтті. Әсіресе, САРАТС жобасының бірінші кезеңін іске асырудағы жанқиярлық еңбегі елдің есінде қаларлықтай. Ол өзінің 70 жасына абыройлы, парасатты, кемелденген қалпында келді. Өнегелі ғұмырын тамызық қылып, көрген-білгенін ортаға салуға әбден лайық, – деді Қырымбек Елеуұлы.
Өз кезегінде Айтбай Көшербайұлы мерейлі 70 жасына орай арнайы қабылдап, құрмет көрсеткен аймақ басшысына, замандас аға-інілеріне ризашылығын білдірді.
– Халқымызда «Азаматтың абыройы – еңбекте» деген аталы сөз бар. Қай салада қызмет етсек де осы аталы сөзді жадымыздан шығарған жоқпыз. Одан жаман болмадық. Оның үстіне біздің әулетіміздің Сыр өңірінде өзіндік орны бар. Сол әулетке кір келтірмейік, сенімді ақтайық деп хәл-қадірімізше халық игілігі жолында жұмыс істедік. Сол еңбегіміз елеусіз қалған жоқ. Бүгінгі құрмет көрсету іс-шарасы да ұзақ жылғы еңбегіме берілген баға деп білемін. Мені қызмет бабында қолдап келе жатқан әріптестеріме айтар алғысым шексіз. Алдағы уақытта да өңірдің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуына қолдан келгенше өз үлесімізді қоса береміз. Дамудың жаңа кезеңіне қадам басып, әлеуеті артқан Қызылорда облысы өркендеп, дами берсін, – деді мерейтой иесі.
Енді 70 жастың желкенін керген азаматтың өмір жолына тоқталсақ. А.Көшербаев 1953 жылы Қазалы ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1975 жылы «Қызылордаводстрой» тресінің №33 жылжымалы-механикалық колоннасында шебер болып бастаған. Құрылыс және аграрлық саладағы бірқатар кәсіпорындарда қызмет атқарған. Тәуелсіздік жылдарында аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып, Арал, Қазалы аудандарының және Қызылорда қаласының әкімі, облыс әкімінің орынбасары, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы қызметтерін абыроймен атқарды.
Айта кетейік, өткен аптада аудандық мәслихаттың кезекті VII сессиясында А.Көшербаевқа «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағы берілген болатын. Бұл ұсынысты депутаттар бірауыздан қолдап, тиісті шешім ресми бекітілді.
«Тт» ақпарат