Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қызылордада музыка, көркем еңбек пәні мұғалімдерінің съезі өтті

Қызылордада музыка, көркем еңбек пәні мұғалімдерінің съезі өтті

Кеше «Баланың кешенді дамуы: шығармашылық әлеуетін ашу» тақырыбында музыка, көркем еңбек пәндері мұғалімдерінің және көркем-эстетикалық бағыттағы қосымша білім беру ұйымдары педагогтерінің съезі өтті, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.

Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ұйымдастыруымен өткен съезге Білім және ғылым министрі Шолпан Каринова мен еліміздің барлық аймақтарынан келген 350-ден астам музыка, көркем еңбек пәндерінің мұғалімдері, әдіскерлер, министрліктің өкілдері, жоғары оқу орындары және педагогикалық колледж оқытушылары, біліктілікті арттыру институтының мамандары қатысты.

Жиынды облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова жүргізіп, ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Сайраш Жиенбаева, Нұр-Сұлтан қаласының Қ.Сәтпаев атындағы №61 орта мектебінің көркем еңбек пәнінің мұғалімі, педагог-шебер Мұхаметқан Ахметжанов, Алматы қаласындағы Б.Атыханұлы атындағы №36 гимназияның музыка пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Медет Қасымбаев және Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы «Ұзынағаш ауылындағы өнер мектебінің» директоры Жанар Ермекбаева музыкалық және көркем еңбек пәндерінің білім беруі бойынша баяндама жасады.

Сьезд барысында педагогтар музыка, көркем еңбек пәндерін мектепте оқытудың өзекті мәселелерін және өнер мен мәдениетті насихаттау арқылы қоғамдық сананы рухани тұрғыдан жаңғырту мәселелерін қозғап, өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Шолпан Таңатқызы музыкалық және көркем еңбек бойынша білім беру тұжырымдамасын қайта қарап, сондай-ақ оқу бағдарламаларының мазмұны оқушыларды ынталандырып, олардың пәнге деген қызығушылығын арттыруы тиіс екенін атап өтті.

Съезд қорытындысы бойынша білікті музыка және көркем еңбек пәнінің мұғалімдері мен қосымша білім беру ұйымдары педагогтерінің ұсынысына сәйкес жаңадан тұжырымдама жасалынып, түрлі деңгейдегі шаралар, олимпиадалар өткізілетін болды.
06 мамыр 2022 ж. 470 0