Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚОҚЫСТАН ҚАЛАЙ ҚҰТЫЛАМЫЗ?

ҚОҚЫСТАН ҚАЛАЙ ҚҰТЫЛАМЫЗ?

Ау, көрші аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің 21 мамыр күнгі нөмірін оқыдың ба?
– Е, онда не бар екен?
– Түсінікті болды. Оқымағансың ғой.
– Айтсаңшы не бар екенін.
– Мына көшенің бойында ұшып жүретін қағаз пәкеттен, кез келген жерде жатқан бәкіләшкіден құтылатын болдық.
– Оны кім айтты? Көрші әлі аң-таң.
– Кәзитке солай жазыпты. Баяғыда шыны қабылдайтын арбакештер болушы еді ғой. Өзіміз талай бөтелке апарып, алған тиын-тебенімізге лимонад ішкеніміз есіңнен шығып қалды ма?
– Е, ол келмеске кеткен заман ғой. Бәкіләшкі деген бір пәле, отқа салсаң иісі-ақ, жаман ал, ал, ана пәкет деген тіпті жаман. Әлгі балалар үйде жүргенде , картоптың, сәбіздің қабығымен қоса қоқысқа тастайды. Малдың жеміне араластырайын десең жаңағыдан көзің сүрінеді. Бір күні жем жеп тұрған сиырдың аузында сол құрғыр тұрғаны...
– Иә, замандас дұрыс айтасың. Осы сол қоқыс қалдығы сор болды. Бірақ сол бәкіләшкіні қабылдайтын орын ашылатын болыпты. Кәзиттен хабарландыру оқыдым. Күндікке газет оқыдың ба деп отырғаным да сол ғой.
– Е, қайдан білейін онда дұрыс болған екен. Баяғыда өзіміз талай шыны бөтелкені өткізіп, ағаш жәшік жасаушы едік қой ақшаға. Оның үстіне балдардың демалысы да басталды. Құр босқа әне бір телефон деген бәлеге жабысқанша, айналада шашылып жатқан құтыны жинап ақша тапсын. Сонда балалар балмұздаққа ақшаны адал еңбекпен табатын болады. Қой мына жаңалықты үйдегілерге айтайын. Екі көрші әңгімелерін қысқа қайырды да үйлеріне асықты... Шынында да маңызды жаңалық. Балаларға айту керек.
Орта жолдан мақала авторы ретінде кейіпкерлерімнің сөзін әрі қарай қуаттағым келді. Қырық мыңға жуық халқы бар ауданның басқаға үлгі етерілік бастамысы жетерлік. Соның бір айқын дәлелі алдағы уақытта қоқыстан арылу мақсатында игілікті істі қолға алуда. Жоғарыда аталған қоқыстан арылудың бірден-бір жолы қарапайым тұрғындарға байланысты. Себебі, алдағы күндері кент орталығында қоқыс тастайтын жәшіктің қатарын арнайы құты мен қағаз өнімдерін тастайтын тор жәшік толықтырады. Сөз арасында айта кеткеніміздей баяғы тұрғындардың шөлмек өткізіп, аз-кем қаржы табатынындай тұрғындар өзі тұтынған өнімнің құтысына, яғни, баклашкасына, полиэтилен қалталарды ақылы түрде өткізе алады.
Бұл дегеніміз пайдаланылған тұрмыстық қатты қалдықтарды пайдаға жарату және қайта өңдеу шараларын ұйымдастыру мақсатында аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес кенторталығында пластикалық бөтелкелер мен пакеттер (ПЭТ) қабылдайтын 2 қабылдау пункті ашылу үстінде. Осы ретте қабылдау пункттері Аманкелді Иманов көшесі №82 мекен жайда Тереңөзек кенті әкімінің аппараты мекемесінің ауласында және Керейтбаев көшесінде орналасқан «Сәулет» өндірістік кооперативінің базасында орналасқандығын айта кеткен жөн Тұрғындардың назарға алатын жағдай Пластикалық бөтелкелер мен пакеттердің 1 кг салмағы 10 теңгеден қабылданады. Жұмыстарды «Сәулет» өндірістік кооперативі ұйымдастыруды қолға алған. Аталған қалдықтарды арнайы алынған пресс құралы арқылы бастырып, жинақтау көзделуде. Жинақталған қалдықты қайта өңдеу шараларын жүзеге асыруға белгіленген орынға жібереді.
PS. Мен ойға қалдым. Дамыған, өркендеген елдер бүгінде полиэтилен пакетті қолданудан бас тартып отыр. Көптеген мемлекеттерде пластик ыдыс пен құтыны қайта өндеу ісі жолға қойылған. Кейбір мемлекетте аталған заттарды пайдаланған жағдайда олар ауада ұшып жүрмейді, арнайы жәшіктерге салынады. Демек, кентте қолға алынған ауқымды жоба – қоршаған ортаны қорғауға жасалған алғашқы бастама деп түсіндік.

Б.ОРДАБЕКОВ
28 мамыр 2019 ж. 1 119 0