ЕУРАЗИЯЛЫҚ МЕДИА ФОРУМ: ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ТАЛҚЫЛАЙТЫН ОРТАҚ ПЛАТФОРМА
Жаңақорғандық әріптес Нұрлат Байгенже өзінің «Facebook» әлеуметтік желісінде: «Кезекті Еуразиялық медиа форумға қатысу үшін Қызылордадан келдік. «Сыр медиа» ЖШС шығармашылық өкілдері бір пәтерді қоныс еттік. Алғашқы күні қызу пікір-талас. Әңгіме өзегі – әр түрлі тақырыптар. Екінші, үшінші күні бір-біріне парасат-пайымын дәлелдеуден жалықты-ау деймін, тек смартфонға үңілумен болды. Бірі «Youtube»-тан қызығатын видеосын қараса, бірі «Facebook», «Instagram» желісінің қызығына түсті. Осы күндері «пульт» ұстап, телеарналарды ауыстырып отырған әріптесімді көрмедім. Өзімнің соңғы рет қай арнаны, қандай кино көргенім де есімде жоқ. Менің ұл-қыздарым реті келсе телефонды басқарғанға құмар. Үйде анам ғана бірнеше телеарнадан сериал көреді. Басқа уақытта «WhatsApp» арқылы таныстарымен хат алмасып отырғаны. Мұндай құбылыс қоғамға ортақ секілді» деп пікір білдірді. Ойланып қарасам, расында бүгінде теледидарға деген сұраныс бәсеңдеген секілді. Жуық арада қытайлықтар осыған қатысты статистика жүргізіпті. Сөйтсе, қазір сауда орталықтарында теледидар сатылымы күрт төмендеген. Бұл нені білдіреді? Бұл дегеніңіз, ақпараттық қоғам жедел дамып жатқанда дәстүрлі журналистикаға қарағанда жаңа медианың бәсі биіктеп барады деген сөз. Біз «алдағы уақытта блогсфера, ақпарат агенттіктері мен сайттар газет-журналдың орнын басады» деген қорқынышпен жүрсек, форумға келген медиа сарапшылар «жақын 5 жылдықта телевизия саласы тәмам болуы мүмкін» дейді. Бұл жөнінде украиналық журналист, «Бульвар Гордона» газетінің бас редакторы Дмитрий Гордон форум аясындағы кезекті мәжілісте айтып өтті. Ол «Соңғы 5 жылда телевизия жұмысы тоқтауы мүмкін. Қазір әлемде жаңа медиа жұмысы қалыптасып үлгерді. Ақпарат саласында жаңа технологияларды қолданудың арқасында газет-журнал, теледидарға деген тәуелділіктен арылудамыз. Жуық уақытта блокинг, әлеуметтік желі осылардың орнын басады» деген пікірін жеткізді. Мұны медиа форумға қатысқан спикер, үкіметпен байланыс жөніндегі мексикалық маман Луис Мигель Лопес те құптады. Серпінді жобалар бойынша әлеуметтік стратег «Қабырғадағы қара жәшіктің орнын қолдағы кішкентай құрылғы басатын уақыт келді» деп есептейді.
Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда дәстүрлі журналистика мен жаңа медианың арасында қақтығыс жүріп жатыр. Бұған қатысты «жаңа медиа дәстүрлі медианы ығыстырады» дегенді қолдайтындар көп. Қанша жерден кереғар пікір айтқанымен, заман талабы осы болып тұр. Уақыттың ырқымен блокинг өрісі кеңейіп, дәстүрлі медиа өзінен-өзі ығысып барады. Тіпті, қазір блогсфера коммуникация өндірісінің толыққанды мүшесі саналып, адамзаттың бір бөлшегіне айналған іспетті. Яғни, бүгінде көпшілік виртуалды әлемге бойұсынған десек артық болмас.
Жалпы, Алматыда дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын Еуразиялық медиа форум биыл 16-шы рет өткізіліп отыр. Ондағы басты тақырып – «Бүгінгі әлем – шынайылық трансформациясы ма?». Елімізде 2002 жылдан бері өткізіліп келе жатқан форум әлемнің білікті сарапшыларының басын қосып, жаһандық тақырыптарды ашық талқылауда халықаралық платформаға айналып отыр. Осы уақытқа дейін Еуразиялық медиа форум 60-қа жуық мемлекеттің 600-ден аса делегатының басын қосқан. Бұл жолғы форумға да тәжірибелі медиа сарапшылар қатысып, олар өзекті тақырыптарда пікір алмасты. Атап айтқанда, әлемдегі дағдарыс үдерісі, тығырыққа тірелген тұтынушы «күйзелісі», медиа саланың цифрлануы, халықаралық құқық және сын-қатерлер, жаңа технологиялар мен жасанды интеллект тұрғысында ой-пікірлерін ортаға салды.
ХҮІ Еуразиялық медиа форумның ашылуы салтанатты түрде өтті. Оған сенат спикері, форумның негізін қалаушы Дариға Назарбаева, Армения Президенті Армен Саркисян және құрметті меймандар қатысты. Салтанатты шара ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзімен ашылды. Ресми хатты ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев оқып берді. Онда: «Бұл форум халықаралық, аймақтық деңгейдегі қордаланған мәселелердің мәні мен мазмұнына үңіліп, себебі мен салдарын анықтауға мүмкіндік беретін маңызды алаң. Еуразия қоғамы үшін өмірлік маңызы зор ауқымды шараға айналды. Биылғы форумның негізгі тақырыбы – сандық дәуірдің дәурені мен бүгінгі әлемдегі ақиқат трансформациясы. Тұрғындардың аталмыш кезеңнің сын-қатерлеріне қарсы тұратын иммунитетін қалыптастыру қажет, бұл күн тәртібіндегі аса өзекті мәселе» делінген. Өз кезегінде Армения Президенті Армен Саркисян да форумның маңызына тоқталды.
– Еуразия медиа форумы жеке институт ретінде қалыптасты. Бүгінде журналистік ортаға ғана емес, бүткіл Еуразия аумағына ықпал ететіндей күші бар, – деді Армения Президенті.
Мұнан соң күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге қатысты мәжілістер өтті. Оған қатысушыларды дәстүрлі басылымдар мен әлеуметтік желілер бәсекесі төңірегіндегі сауалдар қызықтырды. Басқосуларда мамандар виртуалды ақиқаттың экономикаға, саясатқа, әлеумет пен мәдениетке әсер етер күші зор екенін айтты. Бұл орайда, А.Саркесян:
– Медиа – ауқымды виртуалды әлем және оның шынайы өмірімізге ықпалы орасан. Біздің ғаламдық құндылықтарымыз бұл құбылысқа орай өзгеруде, бүгінде смартфонның көмегімен референдум өткізетін күнге жеттік, – деген пікірін білдірді.
Дәстүрлі медиа мен жаңа медиа арасындағы қақтығысты талқылауда спикерлер бірауыздан алдағы уақытта екеуі бір арнаға тоғысатынын айтты. Бірақ бұл заман талабына сай өзгеріске ұшырайды. Десе де, әлеуметтік желі қолданушылары күн санап артқан сайын оған тосқауыл қою мүмкін болмауда. Мұны әлемдік сарапшылар атап өтті. Осыған қатысты Ұлыбританияның Еуропалық одақтағы тұрақты өкілі (2013-2017), Премьер-министрдің ЕО жөніндегі бұрынғы кеңесшісі Айвэн Роджерс:
– Әлеуметтік желілерді бір тәртіпке салып, реттеп отыру я болмаса оның бүгінгі қарқынды дамуына тосқауыл қою мүмкін емес. Бірақ оны диалог алаңы ретінде пайдалануға болады, – дейді. Бұл пікірмен форумға қатысқан көптеген медиа сарапшылар келісті.
Қанша дегенімен, әлеуметтік желі немесе блокингтің кемшін тұстары да бар. Ең бастысы, мұндағы ақпараттың шынайылығына көз жеткізу қажет. Қазір әлеуметтік желілерді жалған ақпарат көп тарауда. Бұл қоғамға кері ықпалын тигізері анық. Сондықтан өрісі кеңейе түскен блогсферада ақпараттың шынайылығына күмән туып отыр. Ал шынайы, сапалы контент ұсынуда дәстүрлі БАҚ үлкен басымдыққа ие. Бұған қатысты 2006-2016 жылдары Эстония Президенті болған саясаткер Томас Хендрик Ильвес пікір білдірді.
– Дәстүрлі БАҚ тарататын ақпараттың 90-95 пайызы шындыққа жанасады. Өйткені, онда жауапты тұлғалар болады. Бұлар жаңа технологияны меңгеруге жұмыс істеуі керек. Ал әлеуметтік желілер сапалы контент қалыптастыруға ұмтылуы тиіс. Әйтпесе, онда тек хаос. Сонда ғана екі ақпарат таратушының арасында сыйластық туады, – дейді маман.
Сарапшылар айтқандай, кез келген ақпаратты таратуда жауапкершілік аса қажет. Себебі, қазіргідей ақпараттық қоғамның тым жедел даму үдерісінде блогсфераның қоғам пікірін жылдам өзгертетіндей ықпалы бар. Ал оның мемлекеттің тұрақтылығына кері әсері көп. Сондықтан жаһанданудың жаңа тәсілдері пайда болса да тек шынайы ақпарат қоғамға жетуі тиіс.
Жалпы, медиа форум шеңберінде заманауи журналистиканың өзекті мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, әлемдік жүйеде мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас, масс-медианың бүгінгі сын-қатерге жауап беруі, Орталық Азиядағы аймақтық интеграция және өзге де тақырыптық мәжілістер, шеберлік сағаттар өтіп, білікті медиа сарапшылар тәжірибе бөлісті. Яғни, медиа форум тәжірибе алмасудың ортақ платформасы болып, ақпарат жеткізуші маманның кәсіби шеберлігіне мән берілді. Демек, әрбір медиа маманы алдағы уақыттың сын-қатеріне төтеп беріп, жаңашылдықты жылдам меңгеріп отыруы қажет. Сонда ғана журналистің кәсібилігі көрініп, қоғам сұранысы қамтамасыз етілмек.
Үш күндік медиа форумнан аймақтан барған журналистер тәжірибе жинақтап қайтты. Осындай әлемдік деңгейдегі пікір-талас алаңына қатысуға мүмкіндік жасаған Қызылорда облысы әкімдігі мен «Сыр медиа» серіктестігіне алғыс зор.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ,
Тереңөзек-Алматы-Тереңөзек