Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ТҰЗДЫҢ ПАЙДАСЫ МЕН ЗИЯНЫ

ТҰЗДЫҢ ПАЙДАСЫ МЕН ЗИЯНЫ

Астың дәмін тұз келтірер,
Елдің сәнін қыз келтірер.
Халық мәтелі.
Тұз ағзаның дұрыс және толассыз түрде қызмет етіп отыруына арналған қажетті компонент. Қазақта тұзды төгіп қойсаң, өмірің ащы болады, тұзды тегін бермең ұрыс-керіске тап боласың деген ырым-тиымдар бар. Сондай-ақ көне көз қариялар тұзды иығыңнан асырып үш рет лақтырсаң, барлық ауру мен жамандықтан аулақ боласың деп жатады.
Тұрмыста тұз бен астың дәмін келтіріп қана қоймайды, ол көптеген пайдалы қасиеттерімен де ерекшеленеді. Мысалы емдеу-сауықтыру шараларында тұз өте көп қолданылады. Одан бөлек балықтың иісін кетіру үшін ыдысты тұз қосылған сумен шайса иіс тез кетеді сонымен бірге түкті заттарды тұз қосылған сумен шайса бұрынғыдан да үлпілдей түседі. Дақтарды кетіргенде де тұздың пайдасы зор. Жұмыртқаны пісіргенде суға тұз салсаңыз жұмыртқа жарылмайды. Яғни, тұрмыста тұз кеңінен қолданылады.
Осыған қарамастан тұзды көп пайдалану адам ағзасының қартаю үдерісін жеделдетеді. Мұны Джорджия университетінің ғалымдары анықтаған. Дегенде шамадан тыс мөлшерде тұздың жинауы түрлі ауруларға алып келеді. Мысалы буын аурулары, остехондроз секілді дерт түрлері тұздың денеде аса көп мөлшерде жиналу салдарынан пайда болады дейді мамандар. Тұзға қатысты мынадай қызықты дерек бар. Ертеде ағылшындар жорыққа шыққанда өздерімен бірге үнемі тұз алып жүретін болған. Бұл бір жағынан астың дәмін келтірсе, екіншіден, жамандықтан қорғайды деп есептеген. Сонымен бірге ағылшындар жорықтан қайтқан жауынгерлерге жалақы орнына тұз берген. «Тұз» сөзінің өзі ағылшын тілінен аударғанда «жалақы» дегенді білдіреді екен.
Халық даналығында да тұз ерекше мәнге ие. «Дәм-тұзы жараспады, я жарасты», «дәм-тұзы таусылды», «әңгімеге тұздық» дейміз. Тағамдағы сияқты адами қарым-қатынасты да «тұзбен» өлшейтініміз және бар. Туған-туыс, көрші-көлемнен тұз алмайтынымыздың да түп-төркінінде тұз сияқты арамыз «ап-ащы» болмасын деген сенімде жатыр. Жалпы қазақ тұз арқылы көп нәрсені тұспалдап айтуға шебер халық.
«Тұзы жеңіл» – бұл көбіне аңғал, ішінде арамдығы жоқ адамдарға қарата айтылады.
«Дәм тұзы таусылды» – өмірден өтті. «Дәм-тұзы жараспады» – адамдар арасындағы қарым-қатынас. Тұзы сор, еңбегі еш-еңбегі еленбеу, тұз ұру-қарғысқа ұшырау дегенді білдіреді.  
Иә, сонымен медальдің екі жағы болатыны сияқты тұздың да пайдалы-пайдасыз жағы бар. Соны тек ретімен, өз орнымен пайдалансаң болғаны. ‌

С.СҰЛТАНҚЫЗЫ

25 мамыр 2019 ж. 2 411 0