Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » БАР БЕРЕКЕ – КӘСІПТЕ

БАР БЕРЕКЕ – КӘСІПТЕ

Қазақ жерінде «кәсіп» деген ұғым ерте заманда-ақ пайда болған деседі. Сөзімізге дәлел сол заманда кәсіпкерлікпен айналысатын адамдар қатарына көпестер, саудагерлер, қолөнер шеберлері кірген. Ал бүгінде бұл ұғымның ауқымы кеңейді. Белгілі бір кәсіптің көзін тауып, оны ұршықтай иірген қалталы жандар қатары күн санап артып келеді. Мемлекетте осы салаға баса назар аударып, көмек қолын созуда.
Қазақ қазір әл-ауқатын көтеріп, тұрмыс жағдайын түзеудің қамымен жүр. Араларында байып кеткендер де, дүниені қарпып қалудың жолын таппай әуре-сарсаңға түскендер де бар. Кәсіп ашып, таза байлыққа кенелгісі келетіндер де кездеседі. Алайда, олардың ішінде соның нақты тетігін білмейтіндер көп екен. Бай болудың жолын үйрететін тренерлердің көбейіп кеткендігінен қазір кімге сенеріңді білмей қаласың.
Ақылды болсаң, неге бай емессің?
Еврей ұлтында осындай тәлімді ұстаным бар. Оған назар аударып қарасақ, адамның ақылы мен ақшасының қатар жүргені керек. Қазір кабинетке қамалып отырғысы келмейтін жастардың көбі бизнес ашуға өте құлықты. Енді олар шағын және орта бизнесті дамыту үшін қосымша миллиардтаған қаражат бөлетінін естіген соң, тіпті құлшынып жүр.
Негізі, Үкімет жұмыссыздарды азайтып, өзінөзі жұмыспен қамтығандардың санын көбейту үшін осындай шешім қабылдады. Былтыр кәсіпкерлікті қолдау үшін 62 миллиард теңгеден астам қаражат бөлініп, 7200 шағын несие берілген екен. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда екі есеге ұлғайған.
Жалпы, мемлекеттік бағдарламалар негізінде кез келген кәсіпкер 18 млн. теңгеге дейін несие ала алады. Берілетін мерзімі – 5 жыл. Ал, ауыл шаруашылығын дамытатын кәсіпкер бұл несиені 7 жылға рәсімдей алады. Несие мөлшерлемесі алты пайыздан аспайды. Әрине, несие алу үшін кепілдікке мүлік қою керек болады. Ол жеткіліксіз болып жатқан жағдайда мемлекет кепілдендіреді. Демек, бизнесін жаңа бастап жатқан азаматтар қаржысының сексен бес пайызын, бизнесін одан әрі дамытатындарға елу пайызын мемлекет кепілдендіреді, яғни ақысыз негізде жүзеге асады. Мұның негізі мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы корпоративтерін құру үшін бөлініп отыр. Олай дейтін себеп, мемлекеттік бағдарламаларда қарастырылған қаржының көп бөлігі ауыл шаруашылығы саласына бағытталған. Сондықтан да қазіргі таңда егін егіп, мал бордақылаумен айналысатындардың қатары көбейген.
Шағын несиені алу үшін ең алдымен не істеу керек? Ең бірінші міндетті түрде кәсіпкерлік негіздерін үйрететін қысқа мерзімді курстарда оқуы керек. Ол не үшін керек? Бизнес жоспарды құруды үйреніп, бірнеше жылдан кейінгі бизнесін қалай елестетінін меңгеріп шығады. Алдағы уақытта алған несиені бизнеске жаратып, білмегеннен үстіндегі қаражаты өтей алмаса қиындық туғызады. Міне, сол себепті дұрыс шешім қабылдап, істі өрге домалату үшін осындай курстардан сабақ алу қажет. Оқып алғаннан кейін екінші қадам «ҚазАгро» холдингіне өтініш жазасыз. Қолыңызда дайын бизнес жоспар болуы шарт. Эксперт мамандар оны бағалап, микрокредит беру мүмкіндігі қаншалықты жоғары екендігі туралы қорытынды шығарады. Яғни, бір жылдан кейін бизнесі тоқырауға ұшырамайтыны жөнінде зерттеп, зерделейді. Міне, мұның бәрі сіздің жеке кәсіп ашып, екі қолға бір күрек таппай жүрген жандарды еңбекпен қамтып, ел игілігіне қызмет атқаруыңызға болатын үлкен мүмкіндік. Сондықтан уақыт созбай, іске кіріскен жөн.

Майя ҚОЖАБАЙ
07 сәуір 2019 ж. 660 0