Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ОЙТАЛҚЫДАН ОРАМДЫ ОЙ

ОЙТАЛҚЫДАН ОРАМДЫ ОЙ


Мемлекеттік қызметкерлердің басын қосқан дөңгелек үстел Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының және ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мамандарының қатысуымен өтті.
Ойталқыға негізделген жиында мамандар мемлекеттік қызметкердің келбеті мен оларға қойылатын талаптардың ерекшелігі тұрғысында пікірлерін білдірді.
Мемлекеттік қызметкер дегенде ойымызға ең бірінші келетіні бүгінгі заманға ілесіп отыратын, білімді, заңды білетін, сенімге лайық азамат деген пайым. Шын мәнінде адам психологиясы жылдам өзгеріп жатқан қоғамды бірден қабылдай алмайды. Мұндай сенімді көзқарасқа адам миындағы ақпарат жетелейді. Әркім өзінің үйренген ортасын өзгертуден қорқады. Бір ауыз сөзбен айтқанда, өзгергіміз келмейді. Ал бұл өз кезегінде адамды тежейтін фактор. Жағымды ой-пікір қалыптастыру мидың жағымды бағытқа бет алуының көрінісі. Өзгерісті басқару, сананы өзгерту – маңызды сұрақ «сіз кімсіз?» деген сауалға жауап береді.
Мамандардың пікірінше өмір бойы білім алу – өмірлік азық. Жұмыс уақытын қатаң бақылау – жетістікке жетудің жолы. «Өмірдің үстінен жүрмесеңіздер, өмір сіздің үстіңізден жүріп кетеді» деген ойлар қайткен күнде кеш қалмай, өзгерісті өзіңнен бастауды ұғындырып тұр емес пе?
Барлық мемлекеттік қызметшіге тән қасиет мына төрт қағидаға негізделеді. Оның – бірінші, еріту. Бұл әсіресе, басшыға байланысты. Түсінік, ой қалыптастыра білу кәсіби біліктілік пен тәжірибені қажет етеді. Мәселен, екі қызметкер өз пікірлерінің дұрыстығын дәлелдеп бағуда. Ақыры жанжалға ұласқан сөз тартысты тоқтатудың бір жолы бар. Ол екі жақтың да пікірі дұрыс деген шешім. Сонан соң ақырын түрде басқаша өз ойыңызды білдіру.
Екініші қағида – өзгерту деп аталады. Қызметкер жаңалық жасауда кедергілерден қорықпауы керек. Жаңа идеялар арқылы жаңаша іс-шаралар жасау қажеттілігі туындаса алға қарай басуда жалтақтаудың қажеті жоқ.
Үшінші қағида – қатыру. Әбден өзгерген, жаңа идеяларды қалыптастырған қызметкер одан әрі дамуға ыңғайлана береді. Бұл жерде бәрін бірдей мақтамау ұстанымын естен шығармаған жөн.
Ал, төртінші, соңғы қағида – нәтиже. Аты айтып тұрғандай осындай ұстанымдардан соң нәтижеге жетесіз. Жаңа нормаларға байланысты жазалау немесе мадақтау қажеттігі туындайды.
Мемлекеттік басқару академиясының оқытушысы А.Тұрабаева көзқарасты жаңаға ауыстырудың қадамдарын осылайша бағамдайды.
– Адам өмірге келген соң армандауға, қиялдауға құқылы. Арманға қанат қаққан адам мақсат қойып, жетістікке жетеді. Өмір философиясы осылай болғандықтан шектеулі көзқарастан арылып, ішкі ойды өзгертіп, жай ғана өзіңе уақыт пен көңіл бөлсеңіз жеткілікті. Сіз алмайтын асу мен қамал болмайды, – дейді Ақмарал Айдарқызы.
Мемлекеттік қызметшіліердің жай-күйін баяндаған агенттіктің бас маманы Б.Нұралы біздің ауданда 192 мемлекеттік қызметкер бар екенін айтты. Жоғарғы оқу орнын бітірген, дипломы бар маман бұрын мемлекеттік қызметке орналаса алмаса, қазір мұндай шектеу жоқтың қасы. Конкурс арқылы қызметке орналасудың талаптары біршама жеңілдетілген. Яғни, жұмыс өтілі талап етілмейтін мемлекеттік қызмет түрлері де бар екендігі талапкерге берілген мүмкіндік.
– Біздің қоғамда қарама-қайшылықтар өте көп. Өзіндік пікір айтуда кері тартатын кез жиі болады. «Мен идеямды айтсам, жұрт қалай қабылдайды, мүмкін күлкіге айналып қалармын» деген кереғар ой адамға маза бермейді. Бұл дұрыс емес. Қайта күлкі миды қозғалтады. Үнемі күліп жүретін адамдар айналасына жағымды энергия шығарады. Сондықтан олар жұмысын жеңіл, әрі ойдағыдай атқарады, – деді академияның доценті А.Аяғанова.
Иә, көп сөзден шынай әрекет артық. Мемлекет әдепті, білікті қызметкер дайындауда барын салуда. Түрлі оқулар ұйымдастырып, біліктілік талаптарына байланыс­ты аттестация өткізу арқылы бақылап отыр. Қарапайым сәлемінен қарап мемлекеттік қызметкердің қандай адам екенін білесіз. Сырттан келген кісі алдымен амандасуы тиіс деген қағиданы ұстансаңыз, біздің жан дүниеміздің көрінісі, әдептілігіміздің белгісі сол болмақ.
Р.S. Мемлекеттік қызметте бірталай уақыт қызмет еткен азамат осы жиыннан соң өз ой-пікірін былай білдірді:
– Ойталқыдан керемет әсер алдым. Шын мәнінде біз жайлылық шеңберінен шыққымыз келмейді. Күнделікті жұмысымызды атқарып, уақыт өткізгенімізге мәзбіз. Жетістікке жету, алдыңа мақсат қою жағы жетпей жататынына көзім жеткендей болды. Миға шабуыл, өзгеру деген сөздердің мағынасын түсіндім. Айналама қарасам, көңіл-күйлеріне қарап, барлығы да жақсы әсер алған тәрізді. Әрине, «барлығын қабылдау мүмкін емес, бір ғана нәрсе алудың өзі жеткілікті, ол да болса жетістік» деді мамандар. Міне, мен жиыннан жаңа ой түйдім. Ол ойыма ешуақытта өкінбеймін.
Біздің де айтарымыз осы.

Б.ЖАНӘЛІ

31 қаңтар 2019 ж. 697 0