Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАМШЫДАЙ ҚУАНЫШ: Еңбек жәрмеңкесінде 32 адам тұрақты жұмысқа орналасты

ТАМШЫДАЙ ҚУАНЫШ: Еңбек жәрмеңкесінде 32 адам тұрақты жұмысқа орналасты

Ол кейде әйелінің сабырлығына, шыдамдылығына таң қалады. Үйге табыс кірмейді. Жұмыс жоқ. Талғажау ететін тамақты баланың жәрдемақысына алады. Жәрдемақы түсетін күнді бүкіл үй іші болып күтеді. Сол күн бұлар үшін нағыз мереке.
Бүгін де көшені бір аралап келген беті. «Екі қолға бір күрек» дейтіндей жаз айы емес. Жүрегінің түкпірінде бір үміт бар. Әлсін-әлсін қалта телефонына қарап қояды. Әйелі күлімсіреп:
– Отағасы, қайта-қайта телефонға қарағыштай бересің бір кездесуге асыққан адамша, – деп әзілдеп еді. Ол жақтырмаған сыңай танытты. Тамағына тығылған өксікті көрсеткісі келмеді ме, бетін сипап, «болдым» дегендей ишара танытты. Сыртқа беттеді. Қаңтардың қақаған аязы тынысын ашып жібергендей болды. Жаңағы бір сәттік іштегі өкініш басылып, көңілі сабасына түсті. Үйден шығарда қолына балтасын ала шыққан, темекісін тұтатып, сораптап отырды да, ағаш жара бастады. Оны-мұны істеп, сыртта жүргеніне бір сағаттан асты. «Қой, үйге от жағайын» – деген оймен көмір толы шелекті, бір құшақ отынды алып үйге беттегені сол еді, телефоны безілдеп қоя берді. Жүрегі алып-ұшып, тұтқаны көтерген, ар жағындағы дауыс:
– Аға, ертең бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі болатын еді. Соған келеңіз, – деді.
Осыдан бірнеше ай бұрын аудандық жұмыспен қамту орталығына барып, жұмыссыздық тізіміне тіркелген болатын. Бұл соған шақыру. Келесі күні орталыққа табан тіреді. Өзі секелді қаумалаған халық бүгінгі жәрмеңкеден «екі қолға бір күрек» таба алатындығына сеніммен келген. Әр мекемеден өкіл ретінде қатысқан маманның сүзгісінен өзі құралы жұмыссыз жігіттердің әрқайсысы да жолдамадан үмітті. Мұның да жолы болды. Белгілі бір мекемеге тұрақты жұмысқа қабылданды. Кеше шақыру алғалы бері бір үміт, бір күдікпен таң атқанша көз ілмеген. Қуанышы қойнына сыймай, үйінің табалдырығын нық сеніммен аттады. Жалпы алғанда аудан көлемінде орналасқан 19 мекемеден 23 сұраныс келіп түскен. Ал, шын мәнінде дәл осы жәрмеңкеде 32 адамға жұмысқа орналасу жөнінде жолдама берілді.
«Жақсылық еккен алғыс орады» деген тәмсілдің астарында талай жылдан бері жұмыссыз жүрген тағдыр иелерінің дархан пейілі жатыр. Олар жыл бойына аңсаған мақсатына бір күнде қол жеткізді. Енді көптен күткен жұмысында бар күш-жігерін салып, еңбек ететін болады.

Б.ОРДАБЕКОВ
30 қаңтар 2019 ж. 646 0