Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » СҰЛУ СЫРДЫҢ САЗ СЫРЫ

СҰЛУ СЫРДЫҢ САЗ СЫРЫ

Жамбыл колхозының жеті қызы жайлы білетін бе едіңіз? Олардың ішіндегі Баян Құтыбаеваны естуі­ңіз бар ма? Естімесеңіз айтайық, ол ауданда ал­ғашқылардың бірі болып күріш еккен диқан қыз. Бір топ қыздарды біріктіріп, күріш өсіруші жастардың комсомол бригадасын ұйым­дастырған жан. Бұл аз десеңіз, дүйім ел әуелетіп шырқап жүрген «Сыр сұлуы» әні осы колхоз қызының құрметіне шыққан.
Әуелеген ән тарихы
Жайраңдап жазда ағатын еді,
Есімде қайран Сыр сұлу.
Таңертең сонда баратын еді,
Толқынға құмар бір сұлу.
Сазды әуен. Тыңдаған сайын ерекше күйге бөлейді. Өз-өзіңмен ырғалып, ынтызарлықпен әнге қосыласың. Иә, бұл әні ауызда, аты көкейдегі композитор Шәмші Қалдаяқовтың тамаша туындыларының бірі. Тұнып тұрған махаббат лирикасы дерсің?! Бірақ мұның түп-төркінінде Сейхундарияны жағалай бойлаған елдің еңбек даңқын насихаттау жатыр. Ырысты елдің күрішті мекен екенін ұғындыру бар.
Ән қалай туды? Жұрт білетін Шәмші ән кейіпкерлерімен қалай жолықты?
1964 жылдың көктемі. Ақпанның ақырғы күні бітіп, шуағын шашып наурыз айы келген. Жер-Ана бусанып, бүкіл тіршілік ояна бастады. Күзгі орымнан кейін тыныққан еңбеккерлер де дала қосына қарай бет алған шақ. Бұл кезде барлық күш дала жұмысына бағытталады. Еңбекшілердің рухын шыңдау, жұмысқа деген ынтасын арттыру – идеологиялық жұмыстың негізі. Осы жылы облыс басшылығы күрішті өңірдің даңқын бүкіл республикаға танытып, оны дәріптеуді қолға алады. Сол бойынша елге композитор Ш.Қалдаяқов шақырылған.
Игі істің бастамашысы облыстық партия комитетінің хатшылары М.Ықсанов пен Қ.Жарқынбеков болса, белгілі композиторды күтіп, Сыр күрішінің – ел ырысы екенін таныту облыстық «Ленин жолы» газетінің редакторы Ұ.Бағаевқа, облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы А.Айдосовқа және облыстық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімінің басшысы Д.Айдаровқа жүктелген. Бұл жөнінде мемлекет және қоғам қайраткері Дәуірхан Айдаров «Сыр сұлуы» әнінің тарихы туралы естелігінде жазыпты. Естелік қоғам қайраткерінің зайыбы Рәш Ембергенқызы арқылы «Ана тілі» газетіне жарияланған.
Сол жылдың көктемінде Шәмші Қалдаяқов жас ақын Мұхтар Шахановпен елге келеді. Жауаптылар құрметпен күтіп, берекелі аймақпен таныстырады. Содан соң негізгі мақсатқа көшкен. Адам жанын тебірентер ән шығарып жүрген Шәмші: «Иә, болашақ әннің әлдеқандай нобайын түсіргендей болдым. Бірақ, бір сыр айтайын, осы кезге дейін ақ күріштің палауын қанша құмартып жесем де, сол күріштің қайда, қалай өсетінін, өскен кезде қандай түрде болатынын көрген емеспін. Ал көрмеген нәрсені қиялда тербетіп, ол жайында жанды тебірентер жақсы дүние туғыза қою да қиын. Осы жағы мені біраз қинайтын түрі бар» дейді. Сол мезетте, жауаптылар өткен жылы Сыр дақылынан мол өнім алып, ауыл шаруашылығы көрмесіне күрішпен қатысқан Сырдария ауданы Жамбыл колхозына бірден шығады. Колхоз төрағасы Сейіткамал Иманбаевқа мән-жайды айтып, құрметті меймандар аталған ауылға қонақ болады.
Бұл кезеңде Жамбыл колхозының жеті қызынан құ­рылған «Сыр сұлуы» бригадасының аты жан-жаққа тараған. Жас күрішшілер Баян, Дариха, Әсия, Қаламқас, Арапа, Тұрғанкүл, Раушан мектепті бітірісімен қолға кетпен алып, ауыр жұмысқа жегілген. Жас күрішшілер жасағын да құрып, алғашқы жылы әр гектардан 52 центнерден өнім алды. Жас звеноводтардың бұл жетістіктері газеттерде жарыса жазылды. Жергілікті композитор Арыстан Айтбаев пен жас ақын Сақтаған Есмахановтың жеті қызға арнап жазған «Аққуымыз ауылдың» әні ұранға айналып үлгірді.
Күрішті айдында аққумыз,
Сайраған бұлбұлы бақтың – біз.
Күмбірлеп көмейден төгілген,
Жігіттің аузында гәккуміз.

Қайырмасы:
Әніміз – сәніміз,
От-жалын – жанымыз.
Арайлы – әр таңымыз,
Егін-жай ері деп таныңыз,
Тек сонан табыңыз,
Тек сонан табыңыз.
Даңғайыр диқан Ыбырай Жақаевтың ізбасары бол­ған жас күрішшілердің әнін көпшілік жатқа айтатын бол­ған. Бригаданың комсомол жетекшісі Баян Құтыбаева мен Дариха Заитова Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің күміс медалімен марапатталып, жүз сом ақшалай сыйлығын алуы да сол қыздардың ерен еңбегінің нәтижесі. Осыдан кейін күрішші қыздар жасағында еңбек етуге тілек білдірушілер қатары көбейіп, келер жылы бригада құрамы он алты қызға жеткен.
«Белгілі композитор келеді» дегенде клубқа ауыл жұрты лық тола жиналған. Дарын иесін көріп қалу­дың өзі бір ғанибет. Құрметті меймандар келіп, ха­лықпен жүздеседі. Арнайы келген соң мерекелі кеш ұйымдастырылып, өлең оқылып, ән шырқалады. Кеште іздеп келген жеті қыздың жетістіктері әңгімеленді. Шара соңы жамбылдық күрішшілердің «Аққуымыз ауылдың» әнімен қорытындыланды. Шәмші Қалдаяқовқа еңбекші қыздар, олардың өнері қатты ұнайды. Бұл кештен жақсы әсер алған композитор сол арада «Сыр сұлуы» әнін дүниеге әкелген. Ал оның мәтінін дарынды ақын Зейнолла Шүкіров жазады. Осы әннің арқасында қос талант Сыр бойында кездесіп, ырғақты, әуезді әнді жұртшылыққа ұсынды. Бұл ән қазақстандықтардың еңбек гимніне айналды. Оны ең алғаш сол кезде Қызылордадағы М.Мәметова атындағы қыздар педагогикалық училищесінің студенті Зияш Айдарова орындайды.

«Халықтық» атақ алған тұңғыш ансамбль
Бірегей талант иесі мен қазақ вальсі королінің туындысы негізінде 1967 жылы «Сыр сұлуы» ән-би ансамблі құрылды. Оның негізін қалаушы – композитор Мүлкаман Сүлейменұлы Қалауов. Ерекше дарын иесі өнерлі ұжымға өзі көркемдік жетекші әрі дирижер болады. Ол күндіз-түні еңбектеніп жүріп, ансамбльді үлкен жетістікке жеткізеді. Мәселен, 1967 жылы 9-14 шілде аралығында 140 мүшесі бар «Сыр сұлуы» ансамблі республикалық байқаудан үздік шығып, құрамы 90 адамға қысқартылып, Мәскеуге Қазақстан Республикасының мәдениет және өнер апталығына жолдама алады. Бір апта бойы ансамбль Мәскеудің алаңдарында, Кеңес Одағы халық шаруашылығы жетістіктерінің бүкіл одақтық көрмесінің (ХШЖБК) үлкен сахнасында концерт беріп, нәтижесінде ХШЖБК-ның «Алтын медалі» және дипломмен марапатталды. Ал 1968 жылы «Сыр сұлуы» ән-би ансамблі респуб­ликада тұңғыш рет «Халық ән-би ансамблі» деген жоғары атаққа ие болды. Осы жылы шеберлігі ұшталған, құрамында 35 адамы бар өнер ұжымы Болгарияда өткен студент жастардың ІХ фестивалінің лауреаты атанды.
1970 жылы Молдавия астанасы – Кишинев қаласында өткізілген ІІ Бүкілодақтық ән-би ансамбльдерінің фестиваліне қатысып, Орта Азия республикаларынан барған өнерпаз ұжымдардан шоқтығы биік болып, І дәрежелі дипломымен марапатталды. Келер жылы «Сыр сұлуы» халық ән-би ансамблі Алматыға өнер көрсетуге шақырылды. Осы сапарда мәдениет министрлігінің «Құрмет» грамотасына ие болған ансамбль туралы журналист, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Ж.Бекқожаевтың сценарийі бойынша «Қазақфильм» киностудиясында «Сыр сұлуы» атты деректі фильм түсірілді. 1986 жылы «Сыр сұлуы» халық ән-би ансамблі Йемен Араб республикасына және Йемен халық демократиялық республикасына өнер сапарымен барып, абыроймен оралды. Ансамбль туралы 1967, 1968, 1971, 1982 жылдары деректі фильмдер түсірілген. Бүгінде ансамбльдің құрылғанына жарты ғасыр уақыт болған.
Танымдық кеш
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Бесарық ауылында Қазақстан мәде­ниетіне еңбегі сіңген қызметкер, профессор, сырдариялық сазгер М.Қалауовтың туғанына 80 жыл және әйгілі «Сыр сұлуы» халықтық ән-би ансамблінің 50 жылдығына орай «Сұлу Сырдың саз сыры» тақырыбында танымдық кеш өтті. Кештің басты қонақтары – «Сыр сұлуы» күрішшілер бригадасының алғашқы мүшелері және халықтық ән-би ансамблінде өнер көрсеткен талант иелері мен өнер ұжымдары, Мүлкаманның шәкірттері. Бүгінде жамбылдық жеті қыздың комсомол жетекшісі болған Баян Құтыбаева өмірден өткен. Іс-шараға оның қызы қатысты.
«Сыр сұлуы» әнімен басталған танымдық кеште азаматтық биік тұлғасымен есте қалып, артына өшпестей із қалдырған Мүлкаман Сүлейменұлының өмірі мен шығармашылығы дәріптелді. Өмір жолындағы биік болмысы, ерекше дарыны кешке келген шәкірттерінің әңгіме арқауы болды. Ауыл әкімі Назира Жүсіпова, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дің академиялық доценті Зинаида Сексенбаева, ансамбльдің ең алғашқы мүшесі Жанымкүл Есіркепова, белді мүшесі Раушанбек Салманов, өнер зерттеушісі, күйші, композитор Балтабай Нұржанов сөз сөйлеп, парасат иесінің өшпес мұрасы – халыққа рухани азық екенін айтты. Шәкірттері жүрек пернесі ерекше сергек те сезімтал жанның жақын көрген адамдарына бәйек қағып, өбектейтін, жібектей есілген жайдары мінезіне ерекше тоқталып өтті. Өз сөзінде Зинаида Қалмаққызы рухани жаңғыру аясында М.Қалауов негізін қалаған «Сыр сұлуы» халық ән-би ансамблін қайта жаңғыртса екен» деген арман-тілегі барын жеткізді. «Сыр сұлуы» құрамы қайта жасақталып, жас таланттармен жаңа шығармашылық өмірге жолдама алса, Сыр елі өнерінің бір парасы болып, өнер тарихын жалғайтынына сенім білдірді. Шара барысында «Сәдуақасовтар» ансамблі (жетекшісі Сансызбай Сәдуақасов) Мүлкаманның «Той» күйін, «Сыр сұлуы» вокалды тобы «Сағыныш» әнін орындады.
Ерекше бір атап өтерлігі, танымдық кеште «Әуелеген ән ғұмыр» әні көпшілікке жол тартты. Әнді М.Қалауовтың шәкірттері аталмыш шараны ұйымдастыру барысында шығарған. Авторы – 1975-79 жылдардағы «Сыр сұлуы» ән-би ансамблінің мүшелері Мереке Күзенбаев пен Бесарық мәдениет үйінің әдіскері Жұмабай Әубәкір. Аңсау әнді «Сәдуақасовтар» ансамблінің сүйемелдеуімен «Сыр сұлуы» вокалдық тобы орындады. Кәсіби әншілердің орындауындағы жаңа ән халық көңілінен шықты.
Осылайша, республика жұртына белгілі «Сыр сұлуы» әнінің тарихы, осы атпен құрылған ансамбль, оның негізін қалаған талант иесі жас ұрпаққа насихатталды. Бұл өскелең ұрпаққа рухани азық болары хақ.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ,
журналист
04 желтоқсан 2018 ж. 1 196 0