Қайрат Әбдірахманов: Президенттің жолдауы сыртқы саясат ведомствосының алдында нақты міндеттер қояды
Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа жолдауынан шыққан міндеттер туралы баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Сыртқы істер министрлігінің алдында прагматизм негізінде халықаралық аренада Қазақстанның сыртқы саясатын бейімдеу және ұлттық мүдделерін ілгерілету бойынша нақты міндеттер қойылды. Әлемдегі ахуал ауысып келеді, сондықтан бізге Қазақстанның дамуы үшін, Мемлекет басшысы алдымызға қойған барлық мақсаттарды орындау үшін біз жағымды сыртқы жағдайды қамтамасыз етуіміз қажет», - деді Министр Алматы облысындағы «Қорғас» Шекара маңы ынтымақтастық халықаралық орталығында дипломатиялық корпустың алдында сөйлеген сөзінде.
«Саяси тұрғыда біз аймақтық ынтымақтастық, жақсы тату көршілікті нығайту, Қазақстанның бітімгершілік рөлі, Шығыс пен Батыстың арасындағы көпір салу, сондай-ақ біздің еліміздің көп жақты дипломатияға белсенді қатысуы туралы айтып отырмыз. Мемлекет басшысы «экономикалық дипломатия» саласында оданда жоғары міндеттерді қойып отыр. Бұл шикізаттық емес экспортты қолдау, белсенді сауда саясаты, қазақстандық бизнесті шетелде қорғау және ілгерілету, инвестициялар, технологиялар мен үздік әлемдік тәжірибені тарту, туризмді дамыту», - деп атап өтті ведомство басшысы.
Министрдің айтуынша, Сыртқы істер министрлігі алдына қойылған міндеттерді орындау үшін елдегі салалық агенттіктер және өңірлермен тығыз ынтымақтастық орнатып, қажетті қолдау көрсетеді. Шетелдік дипломатиялық миссиялар басшыларының Алматы облысына жасаған сапары барысында облыс өзінің экономикалық және инвестициялық әлеуетін таныстырады.
https://www.inform.kz/kz