Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Рауан Кенжеханұлына жаңа міндет жүктелді

Рауан Кенжеханұлына жаңа міндет жүктелді


Мәулен Әшімбаев өзінің фейсбук парақшасында жамағаттан сүйінші сұрай отыра, жаңа тағайындауды жария етті деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
"Білікті маман, өз ісінің шебері Рауан Кенжеханұлы «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасарының кеңесшісі болып тағайындалды.
Рауан көпшілікке белгілі журналист, қоғам қайраткері, көптеген жобалардың авторы ретінде жақсы танымал. Оның бастамасымен жүзеге асырылған жобалар қазақстандықтардың зияткерлік әлеуетін арттырып, отандық білім саласының жаңа үрдістерге сай дамуына жол ашты. Сондай-ақ Рауан Кенжеханұлы әйгілі Википедияны қазақша сөйлетіп, ана тіліміздің аясын кеңейтуге үлкен үлес қосты. Қазақ тілінің Google аударма жүйесіне енгізілуіне де сіңірген еңбегі зор.
Рауан мемлекеттік қызметте де өзін жақсы қырынан көрсетіп, мол тәжірибе жинады. Қазіргі таңда ол еліміздің рухани өмірін дамыту жолында аянбай еңбек етіп келеді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын жүзеге асыруда Рауанның ерен еңбегін ерекше атап өткен жөн. Ол басқаратын «Ұлттық аударма бюросы» сәуір айында жобаның алғашқы жемісі ретінде әлемнің ең үздік жоғары оқу орындарында оқытылатын 18 оқулықты қазақ тіліне аударғанын жақсы білеміз. Алдағы уақытта да Рауан рухани жаңғыру аясындағы жұмыстарды жалғастырып, оның басшылығымен аударма бюросы мұндай оқулықтардың қатарын толықтыра түседі деген ойдамыз және соған тілектеспіз.
Сонымен қатар Рауан Кенжеханұлы басқа да тың жобаларды партия қатарында жүріп жүзеге асырады деп сенеміз. Ол үшін партия жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Сондықтан Рауанға алдағы қызметіне тек табыс пен сәттілік тілейміз!"
«Қамшы» сілтейді
21 тамыз 2018 ж. 954 0