Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕЛ БОЛАМЫН ДЕСЕҢ, ЭКРАНЫҢДЫ ТҮЗЕ

ЕЛ БОЛАМЫН ДЕСЕҢ, ЭКРАНЫҢДЫ ТҮЗЕ


Кеше әпкемнің үйіне барғанмын, інілерім теледидардан көз алмай мультфильм қарап отыр екен. Жандарына барып жайғастым. Бірақ, шетелдің мульт­фильмдерінен балаға беретін тәрбие, айтатын ой көре алмадым. Соны көріп өскен бала, келешекте қандай болмақ?
Балалар көбіне көгілдір экран алдынан бас алмай, арналарымыздан үзбей беріп отыратын шетел мультфильмдерін жіпсіз байланып тамашалайды. Мултьфильм баланың писихологиясына әсер етіп, дүниетанымын қалыптастырады. Сондай-ақ, ойлау қабілетінің қалыптасуына, сөздік қорының дамуына тікелей әсер етеді. Қазіргі кезде балаларға арналған туындылардың көбісі сын көтермейді. Басым көпшілігі шетелдің мультфильмдерін қазақ тіліне аударып көрсетіп жатыр. Ондағы жағымсыз құбыжықтар, роботтар, түрлі-түсті машиналар, атыс-шабыстар өсіп келе жатқан бүлдіршіндерге кері әсерін тигізбей қоймайды. Мысалға: «Лесси», «Саяхатшы Дара», «Маша қыз бен аю», «Том мен джерри» т.б. айта берсек толып жатыр. Бұларды көрген кішкентайлар ішіндегі кейіпкерлерге еліктеп, іс-әрекерттері мен сөйлеген сөзін қайта­лаудан тайынбайды.
Тәрбиелік мән беретін отандық туындыларда жетерлік. Бірақ қазіргі балалар неге өзге елдің мультфильмдерін көруге әуес? Себебі, бүлдіршіндерді қызықтыратын, бір қарағанда елітіп әкететін сапалы мультхикаялар жоқтың қасы және оны жасайтын мультипликатор да сирек. Қазақ мультипликациясы дегенде алғаш «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан», «Құйыршық» мультфильмдерінің авторы Әмен Қайдаров еске түседі. Оның жасаған анимациялық мультфильмдері көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, оң бағаға ие болған. Яки, ізімен жарық көрген Б.Омаровтың «Үш шебер», «Қаңбақ шал», Т.Мұқановтың «Жібек шашақ», «Қайшы», Қ.Сейденовтың «Тігінші мен ай», «Қыдырдың бақыты» мультипликациясы қазақ тарихында ерекше орын алады. Ендеше қазіргі технология дамыған заманда кішкене балақайлардың бойына ұлттық тәрбие, қазақы салт-дәстүрді сіңіруге көмектесетін мультфильмді жасап шығаруға не кедергі?
Нағыз салт-сананы бойына сіңірген, дәстүрін ұлықтаған ұрпақ тәрбиелейміз десек ең алдымен буыны қатпаған балақайлардан бастауымыз қажет. Ата-аналар бала тәрбиесіне баса назар аударып, ұлттық ділімізге тән бағдарламаларды көрсеткені жөн. Ел боламыз десек тек бесік қана емес, ең алдымен экранды тузеу керек.

Арайлым ӨМІРБЕК,
ҚМУ-дың ІІ курс студенті
01 тамыз 2018 ж. 1 072 0