Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚҰЛПЫТАСТАҒЫ ҚОЛҒАП

ҚҰЛПЫТАСТАҒЫ ҚОЛҒАП


Сәбитті көшеден жолықтырдым. Ол – Қазалы боксын өрге сүйреген марқұм Тар-ғын Нұралиевтің бауыры. Әулеттеріне тән қарапайымдылықпен елпілдей амандасты. Дегенмен, көңілінде әлде бір жайтқа алаңдаушылық бары сезілді. Дауысы да мұңды шықты. Жанары жасқа шыланып аз-кем үнсіз қалды. Бар ниетіммен сөзіне құлақ түрдім.
– Тарғынның перзент сүймегенін білесіз. Соңында ұрпақ қалмағаны қандай өкінішті. Тағдырдың жазуына амал нешік?! Тіршілігінде туған бауырындай сыйласқан ағасысыз. Көрген көрінісімді сізбен бөлісуді жөн санадым. Тәкеңнің бейітіне барғанмын. Менен бұрын да біреулер келген екен. Гүл дестелерін қойыпты. Кенет... құлпытасқа мықтап байланған бокс қолғаптарын көзім шалды. Суретінің тура жанына ілініпті. Мәрмәр тасқа да қашалып салыныпты. Көкем бейне жаттығудан қалжырап келіп, қалғып кеткендей. Өзімді ұстай алмадым. Ағатайым үшін ең қымбат саналған қолғаптарды құшақтай құладым. Еңіреп жылап, шерімді тарқаттым. Бұл ненің нышаны?! – деп Сәбит тағы егілді.
Сәбитті жұбатуға сөз таппадым. Оның бойын билеген азалы күйді түсінуге тырыстым. Шамамның келгені иығынан қағу ғана болды. Өзім де зорға шыдап тұрған едім. Көз алдымнан шаршы алаңдағы алыптардың шайқасы, көрермендердің қошеметі, гонг дыбысы, аппақ киінген төреші Тарғын, жеңімпаздың шат күлкісі, жеңілгеннің өкінішті жүзі өтіп жатты.
Айналайын-ай, мен не дейін?! Білерім, Тарғынның Қазалы боксын шыңға шығарғаны, «Бапкерлердің бапкері» атанып талай саңлақтарды түлеткені, «шәкірттерімнен қол үзбеймін» деп әлденеше ай жалақысыз, тегін еңбек еткені, әлдекімдердей болмашыға мастанбайтындығы, адалдықтан айнымағаны, жағымпаздыққа жаны қастығы, жаттығу кезіндегі талапшылдығы, қадірін білмегендерге сөзін шығындамайтыны, өзгеден мақтау-марапат күтпейтіні, дәрі сатып алуға ақша таппай қамыққан танысына қал¬тасындағы қаржысын түгел беріп, өзі ай бойы қиналғанын сездірмеген мәрттігі ғана.
Тоқырау жылдарында Тарғын қатты қамықты. Әрине, қарақан басының қамын күйттеп емес, ортақ мүдде үшін. Бұрынғы спорт мектебі іргелі мекемелерге берілген соң жаттығу үзілді. Ғимаратсыз қалған боксшылар біршама уақыт дағдарысқа түсті. Тарғынның орнында өзге жаттықтырушы болса, қолын бір-ақ сілтер еді. Неткен шы-дамдылық десеңізші?! Сонау Қарағандыдан әкелген жалғыз бокс қапшығын көзінің қарашығындай сақтады. Ескі-құсқы бокс қолғаптарын жамап, кәдеге асырды. Кез келген нысанда, тіпті аулада жаттықты.
Кафа, шлем, боксшылар формасы деген Тарғынның шәкірттері үшін арман болатын. Бірде үлкен жарысқа барған қазалылық бокшылардың жұтаң кейпіне алаң иелерінің мысқылдай күліп, «партизандар» деп айдар таққаны бар-ды. Ерте күліпті. «Партизандар» бәсекелестерін қуып жүріп сабады. Көптеген боксшылар жеңімпаз атанды. Командалық есепте сол тұста аудан боксшылары жоғары орындардан табылып жүрді. Ата-аналар бас қосқанда балаларының келешегіне алаңдаған Тарғынға ризашылықтарын жаудыратын еді.
Ұстаздың қамқорлығын шәкірттері де жете сезінді. Жаттығудан қалмауға тырысатын. Тоқырау тұсында да Тарғынның түлектері жарыстардан қол үзген жоқ. Қалталы азаматтарға беделін салып, кейде үстемеге қарыз алып, жарысқа қатысып жүрді. Әрі қоржындары жүлдеден бос болмайтын. Жеңіс Боранбаев есімді шәкірті өзінің жолын қуып білікті бапкер атанса, Батырбек Сыдықов, Райымбек Бақиев, Қайыркелді Табынбаев, Алтынбек Ақтілеуов, Бауыржан Қаюпов, басқа да көптеген шәкірттері талай дүрмектерде топ жарды.
Арада уақыт өте Тарғын Таңатарұлы облыстық спортқа дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа жаттықтырушылыққа ауысты. Сыр өңіріне танымал бапкерлермен бірге қызмет жасады. Балғындарды баптады. Жалған дүние! Қиырдағы Қапшағайдан туған жеріне сағынып жеткен еді. Кір жуып, кіндік кескен мекенінде келместің кемесіне мінерін кім болжаған?! Көлік апатынан қаза тапты. Жерлеу рәсіміне жұртшылық көп жиналды. Жер-жерден бұрынғы боксшылар түгелге жуық келді. Көз жастарын көл қылып, бапкерлердің бапкерін ақтық сапарға аттандырды.
Тарғынның дүниеден өткеніне міне, біршама жыл болды. Бір өкініштісі, Қазалы ауданында білікті бапкер Тарғын Нұралиевтің атында бұған дейін ешқандай турнир өткізілген жоқ еді. Кезінде бауырындай сыйласқан ағалары, өзі шаршы алаңда шыңдаған көптеген шәкірттері бас қосып, бұл мәселені бұған дейін де бірнеше мәрте көтердік те. Алайда, тиісті орындар тарапынан нақты қолдау болған жоқ.
Тарғын Нұралиевке арналып турнир өткізілетін болса, оның көзін көрген азаматтар тарапынан демеушілік жасайтын жандар да табылып еді. Көптен бері ойда жүрген осы істің орайы енді келгендей. Жақында ғана Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов осы мәселе бойынша қабылдап, көтерілген тақырып ескерусіз қалмайты-нын, Тарғын Нұралиевтің есімін есте қалдыру мақсатында бірқатар іс-шаралар атқарылатынын жеткізді. Бұл бастама Қазалы боксын биікке шығарып кеткен азамат рухына деген лайықты құрмет болары сөзсіз.

Ж.ТАБЫНБАЕВ,
Қазалы ауданы,
Жанқожа батыр ауылы
25 шілде 2018 ж. 816 0