Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыр өңірі сайлауда да белсенді

Сыр өңірі сайлауда да белсенді

Елімізде өткен Қазақстан Республикасы Құрылтай депутаттарының сайлауы ел тарихындағы маңызды саяси оқиғаның бірі болды. Тұңғыш рет бір палаталы Құрылтай депутатын сайлау арқылы азаматтарға елдің саяси бағытына қатысты өз таңдауын білдіруге мүмкіндік берілді.Маңызды саяси науқан Қызылорда облысында да жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтіп, өңір тұрғындарының азаматтық белсенділігімен ерекшеленді. Әсіресе, Сырдария ауданында сайлау күні халықтың қарасы қалың болды. Таң атқаннан бас­тап сайлау учаскелеріне ағылған тұрғындар өз азаматтық ұстанымдарын білдіріп, ел болашағына қатысты таңдау жасады. Сыр өңірінің тұрғындары маңызды қоғамдық-саяси науқанға белсенді қатысып, азаматтық жауапкершіліктің жоғары үлгісін көрсетті.

Бұл жолғы Құрылтай сайлауы­на еліміздегі жеті саяси партия қатысты. Олар – «Әділет» партиясы, «Ауыл» партиясы, «Ақ жол» демократиялық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, Қазақстанның жасылдар партиясы «Байтақ», Қазақстан Халық партиясы және «Respublica» партия­сы. Партиялар атынан жалпы саны 546 кандидат ұсынылды. Соның ішінде «Әділет» партиясы – 186, «Respublica» – 76, Қазақстан Халық партиясы – 72, «Ауыл» партиясы – 69, «Ақ жол» демократиялық партия­сы – 63, «Байтақ» партиясы – 47, ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партия 33 кандидатты сайлауға ұсынды.

Сайлаудың маңыздылығын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де атап өтті. Президент Тәуелсіздік сарайында орналасқан №520 сайлау учаскесінде дауыс берді. Дауыс бергеннен кейін БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізіп, сайлаудың тарихи маңызына тоқталды.

– Шын мәнінде, бүгін – еліміз үшін тарихи күн. Тұңғыш рет бір палаталы Құрылтай сайлауын өткізіп отырмыз. Бұл – маңызды тарихи оқиға. Біз біртұтас ел болып, ауқымды реформалар жүргізіп жатырмыз. Мұны бәріңіз білесіздер, куә болып отырсыздар. Ойдағыдай нәтижелерге қол жеткіздік. Дегенмен алдымызда тұрған жұмыс ауқымды, мақсатымыз маңызды деп айтуға болады. Бүгінгі сайлау – осы жұмыстың бастауы ғана, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының бұл сөзі сайлаудың елдің саяси дамуындағы жаңа кезеңнің бастауы екенін айқындай түсті. Қызылорда облысында сайлауды өткізу үшін барлығы 386 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Оның 132-сі Қызылорда қаласында, 254-і аудандарда орналасты. Азаматтардың уақытша болу орындарында 27 жабық сайлау учаскесі жұмыс істеді. Өңір бойынша 500 591 азаматтың дауыс беруге құқығы болды. Тұрғындар кешкі сағат 20.00-ге дейін өз аумағындағы сайлау учаскелеріне барып, дауыс берді.

Вахталық әдіспен жұмыс істейтін мекемелер мен әскери бөлімшелердегі алты учаскеде дауыс беру таңғы сағат 6.00-де басталды. Оның бесеуі кен орынында, біреуі әскери бөлімде орналасқан. Бұл учаскелерде 4627 азамат дауыс беруге құқылы болды. Осылайша өңірдің шалғай елді мекенінде, өндірістік нысанында және әскери бөлімінде жүрген азаматтардың да өз таңдауын жасауы­на барлық мүмкіндік қарастырылды.

Сайлаушылардың учаскелерге еркін әрі кедергісіз жетуіне де жағдай жасалды. Қызылорда қаласында сайлау күні қоғамдық көлік тұрғындарға тегін қызмет көрсетті. Ал Сырдария ауданында «Жас сайлаушылар клубы» және аудан жастарының бас­тамасымен автокөлік волонтерлігі ұйым­дастырылды. Әрбір автоволонтер өзді­гі­нен сайлау учаскесіне келе алмайтын немесе жол жүруде қиындыққа тап бол­ған азамат­ты жеткізіп, оның дауыс беру мүм­кіндігін қамтамасыз етуге үлес қосты. Бұл бастама жастардың қоғамдық іске белсенді араласуының және азаматтық жауапкершілігінің көрінісі болды.

Сырдария ауданында сайлау күні ерекше белсенділік байқалды. Ауданның түрлі саласында еңбек ететін азаматтар ұжым болып дауыс беруге келді. Егіншілер, ұстаздар, мәдениет, денсаулық сақтау, спорт саласының мамандары өз таңдауларын жасап, ел өміріндегі маңызды саяси науқанға қатысты. №155 сайлау учаскесінде аудан әкімі Берік Сәрменбаев пен Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыров дауыс берді.

– Бүгінгі күн – ел ертеңі үшін маңызды сәт. Еліміздің болашағына қатысты шешім қабылдауда әр азаматтың дауысы маңызды деп ойлаймын. Сондықтан сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауымды жасауды азаматтық парызым деп білдім. Мен өмірде көп нәрсені көрдім. Соғыс жылдарын да, қиын кезеңдерді де бас­тан өткердім. Сол себепті бейбітшіліктің, ел бірлігінің қадірін жақсы білемін. Бүгінгі ұрпақтың алаңсыз өмір сүріп, білім алып, еңбек етіп, елдің дамуына үлес қосып жатқанын көру – біз үшін үлкен қуаныш. Еліміздің ертеңі жарқын болуы үшін әркім өз таңдауын жасауы керек. Жастарымыз ел тағдырына бей-жай қарамай, осындай маңызды қоғамдық іс-шараға белсенді қатысса екен деймін. Бірлігіміз бекем, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! – деді Яхия Тасыров.

Сайлау учаскелерінде тұрғындардың көңіл күйін көтеріп, қоғамдық белсенділікті арттыру мақсатында сан түрлі мәдени және спорттық іс-шара ұйымдастырылды. Атап айтқанда, спорттық ойындар, «Бауырсақ party» және интеллектуалдық сайыстар өткізілді. Аудан өнерпаздары да тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, өнер көрсетті. Отбасылық ансамбльдер, әжелер ансамблі, әкелер ансамблі өз өнерлерін ортаға салды. Ауданда ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып, тұрғындарға жергілікті өнімдерді ұсынуға мүмкіндік жасалды.

Сайлау учаскелерінде рухани-мәдени бағыттағы жұмыстар да назардан тыс қалмады. Сырдария ауданындағы сайлау учаскелерінде сайлаушылар назарына арнайы кітап көрмелері ұсынылды. Оны аудандық орталық кітапхана мамандары өткізді. Көрмеге түрлі тақырыптағы әдебиет қойылып, тұрғындарға кітаптар кеңінен насихатталды. Кітапхана қызметкерлері сайлау учаскесіне келген азаматтарға көрмедегі кітаптарды таныстырып, олардың мазмұны мен маңызы туралы ақпарат берді. Рухани құндылықтарды дәріптеген бұл көрме тұрғындардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, кітап оқудың маңызын насихаттауға мүмкіндік берді. Ал аудандық тарихи-өлкетану музейінің мамандары көне жәдігерлерді көпшілік назарына ұсынып, туған өлкенің тарихынан сыр шертетін құнды дүниелерді таныстырды.

Қызылорда қаласындағы №200 сайлау учаскесінде сайлаушыларды арнайы роботтың қарсы алуы да сайлау күніндегі ерекше жаңалықтың біріне айналды. Заманауи технология элементтерінің қолданылуы тұрғындардың назарын аударып, сайлау учаскесіндегі көңіл күйді ерекше сипатқа бөледі. Мұның барлығы сайлау күнін тұрғындар үшін тек азаматтық міндетін орындау күні ғана емес, қоғамдық өмірдің маңызды бір бөлігі ретінде өткізуге бағытталғанын көрсетті.

Сайлау барысындағы ең маңызды көрсеткіштің қатарында тұрғындардың дауыс беруге қатысу белсенділігі қарастырылды. Сыр бойылықтар таңнан басталған белсенділігін бір сәт те бәсеңдеткен жоқ. Әр екі сағат сайын Орталық сайлау комиссиясы жариялап отырған мәліметтерде Қызылорда облысы дауыс беруге қатысу көрсеткіші бойынша республика өңірлері арасында алдыңғы қатардан көрінді. Кешкі сағат 20.00-дегі алдын ала қорытынды бойынша, Қызылорда облысында сайлаушылардың 90,75 пайызы дауыс берді. Бұл көрсеткіш еліміз бойынша үздік үштікті түйіндеуге жеткілікті болды.

Сыр өңіріндегі азаматтардың маңызды қоғамдық-саяси науқандарға деген жауапкершілігі мен белсенділігінің айқын көрінісін аңғара алдық. Сайлау – азаматтың өз таңдауын білдірумен қатар, елдің болашағына қатысты ұстанымын көрсететін маңызды қоғамдық үдеріс. Осы тұрғыдан алғанда Қызылорда облысындағы жоғары көрсеткіш тұрғындардың саяси науқандарға немқұрайлы қарамайтынын аңғартты.

Құрылтай сайлауына қатысты алдын ала Exit poll нәтижелері де жарияланды. «Хабар» агенттігінің тапсырысы бойынша жүргізілген Exit poll нәтижесінде «Әділет» партиясы – 71,8 пайыз, «Ауыл» партиясы – 6,4 пайыз, «Respublica» партиясы – 5,4 пайыз, ОСДП – 5,2 пайыз, «Ақ жол» партиясы – 5,1 пайыз, Қазақстан Халық партиясы – 3 пайыз, «Байтақ» партиясы – 1 пайыз дауыс жинаған. Ал барлық партияға қарсы дауыс бергендер үлесі 2,1 пайыз болды. СОЦИС-А ұсынған Exit poll нәтижесінде «Әділет» партиясы – 70,7 пайыз, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия – 5 пайыз, Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы – 1,2 пайыз, Қазақстан Халық партиясы – 3,2 пайыз, «Ауыл» партиясы – 6,4 пайыз, «Ақ жол» партиясы – 5,4 пайыз, «Respublica» партиясы – 5,5 пайыз дауыс жинаған. Барлық партияға қарсылардың үлесі 2,6 пайызды құрады. Ал Қазақстандық қоғамдық даму институты ұсынған Exit poll нәтижесінде «Әділет» партиясы – 72,3 пайыз, «Ауыл» партиясы – 6,2 пайыз, «Respublica» – 5,2 пайыз, «Ақ жол» – 5,1 пайыз, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия – 5 пайыз, Қазақстан Халық партиясы – 2,8 пайыз, «Байтақ» партиясы – 0,9 пайыз дауыс жинаған. Барлық партияға қарсы дауыс бергендердің үлесі – 2,5 пайыз.

Exit poll нәтижелері сайлаушылардың саяси таңдауын алдын ала бағалауға мүмкіндік береді. Дегенмен оның қорытындысы алдын ала көрсеткіш болып саналады. Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарын сайлаудың алдын ала нәтижелерін жариялады. Бұл туралы ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров мәлімдеді. Алдын ала қорытынды бойын­ша, сайлаушылардың нақтыланған тізіміне енгі­­зілген 12 млн 623 мың 289 азамат­тың 9 мл­н 351 мың 539-ы дауыс беруге қатысқан. Бұл ел азаматтарының сайлау науқанына бел­сенді қатысқанын көрсетеді. Дауыс беруге қатысушылардың басым бөлігі 6 млн 528 мың 948 дауысын, яғни 71,17 пайызын «Әділет» партиясына берген.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясына 469 058 сайлаушы дауыс беріп, бұл жалпы дауыстың 5,11 пайызын құрады. «Байтақ» Қазақстанның жасылдар партиясы 97 751 дауыс немесе 1,07 пайыз жинады. Қазақстан Халық партиясы 285 395 дауысқа ие болып, 3,11 пайыздық көрсеткішке жетті. «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясын 574 621 азамат қолдап, 6,26 пайыз дауыс жинады. Ал «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясына 478 083 сайлаушы дауыс беріп, оның үлесі 5,21 пайызды құрады. Respublica партиясы 509 631 дауыс жинап, 5,56 пайыздық нәтижеге қол жеткізді. Сонымен қатар сайлаушылардың 2,51 пайызы «Бәріне қарсы» нұсқасын таңдады.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров сайлау процесінің ашық әрі жариялы жағдайда өткенін атап өтті. Оның айтуынша, дауыс беру рәсімдерін бақылауға 51 мыңнан астам отандық байқаушы жұмылдырылып, сайлау барысын қазақстандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кеңінен жариялаған.

– Ұлттық және халықаралық байқаушыларға, қоғамдық бірлестіктер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне сайлау процесінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етуге жәрдемдескені үшін алғысымызды білдіреміз, – деді ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров.

Сайлау науқанына қазақстандық БАҚ-тың 1 852 өкілі, сондай-ақ 117 шетелдік аккредиттелген журналист қатысып, дауыс беру барысын көпшілікке жеткізді. Алдағы уақытта Орталық сайлау комиссиясы заңнамада белгіленген тәртіппен сайлау қорытындыларын шығарып, Құрылтай депутаттарын сайлаудың түпкілікті нәтижелерін жариялайды.

Ел тарихында алғаш рет бір палаталы Құрылтай депутаттары сайланған тарихи күні Сыр бойының тұрғындары да өз азаматтық ұстанымын танытып, маңызды саяси науқаннан шет қалмады. Сайлау қорытындысы қандай болғанына қарамастан, бұл күннің басты ерекшелігі – ел азаматтарының өз таңдауын жасауға деген белсенділігі мен жауапкершілігінде.

Сыр бойы тағы бір мәрте өзінің елдік мәселелерге бей-жай қарамайтынын, маңызды қоғамдық-саяси бастамада белсенділік таныта алатынын көрсетті.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
25 тамыз 2026 ж. 43 0