Ел бірлігі – барлық бастамалардың тірегі
Жыл жарымынан ауды. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін бірқатар ірі жоба бастау алды. Тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған бастамалар да нәтижесіз емес. Әйтсе де алда тұрған ауқымды міндеттер бар.Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев сол міндеттер мен қолға алған бастамалар туралы облыстық «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттерінің бас редакторларымен сұхбат барысында кеңірек баяндады.
Қуат Шарабидинов: – Мұрат Нәлқожаұлы, алдымен облыстық басылымдар арқылы оқырмандарға ой бөлісуге уақыт бөлгеніңіз үшін рақмет!Қазақтың арғы-бергі тарихында талай тарихи шешім қабылданған Сыр елінде биылғы жыл басында бесінші әрі қорытынды Ұлттық құрылтай өтті. Осы алқалы жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық реформа мен Парламентті Құрылтай атауымен атау туралы тағдыршешті пікірін айтты. Сонда Президент: «Ұлт болашағын айқындайтын ең маңызды шаралар енді басталды», – деген болатын. Әділеттілікті үндейтін жаңа қоғамның тың талаптары туралы қандай ой бөлісесіз? Алдымен әңгімемізді осыдан бастасақ…
– Тарихи сәйкестік тектен-тек келмесе керек. Осыдан бір ғасыр бұрын алғашқы астана атанып, қазақ атын қайта жаңғыртқан Қызылорда қаласында биыл бесінші Ұлттық құрылтайдың шақырылуы, шын мәнінде, тарихи оқиға болды. 1925 жылғы Ақмешіт Алқасы мен Қызылордада өткен Құрылтайдың арасындағы бұл тарихи сабақтастық болашақта өз жемісін беріп, халық игі нәтижесін көрері анық.
«Сыр – Алаштың анасы» деген аталы сөз бар. Осы атыраптағы Шірік-Рабат, Жанкент, Сығанақ, Алтынасар, Баршынкент қалаларының орны көне заманның өзінде қазақ жерінде дамыған қала өркениеті болғанын аңғартады. Қызылорданы сол әйгілі қалалардың заңды жалғасы дей аламыз. Бұл шаһардың тарихи мән-маңызы айрықша», – деген Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда облыстың қазіргі жарқын жетістіктері туралы да дәйекті мысалдар келтіргенін білесіздер. Президентіміз жиында Қызылорда облысының даму барысына тоқталып, сол кезеңдегі облыс басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевқа ризашылығын білдірді.
Мемлекет басшысы айрықша атап өткендей, шынайы еңбектің шыңына шыққан тұлғалар да осы өңірдің мақтанышы саналады. Сол жолды лайықты жалғастыру әрбіріміз үшін сын екенін де ұмытпаған жөн деп ойлаймын.
Одан беріде мемлекет дамуының нақты бағытын айқындайтын маңызды стратегиялық құжат – Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енді. Президентіміз алдағы 23 тамызда Құрылтай сайлауын өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұған дейін үлкен науқандарда ауызбірліктің үлгісін көрсетіп келген Сыр халқы осы саяси науқанда да азаматтық ұстанымдарын танытып, белсенділік көрсетеді деп сенемін.
Ботагөз Ажарбаева: – Осы жылдың 21 мамырында Мемлекет басшысының қабылдауында болып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері мен алдағы даму жоспарын баяндадыңыз. Президент экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, экологиялық ахуалды ілгерілету және ауыл шаруашылығына су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Бұл тұрғыда не айтасыз?
– Мемлекет басшысының тапсырмасын мүлтіксіз орындау – басты міндетіміз. Сондықтан аймақтың өркениеті өрістеп, көркі келіскен өлкеге айналуына бар ынта-жігерімізбен қызмет етуде атқаратын шаруаларымыз алда көп.
Бүгінде өңір экономикасы тұрақты дамуда, макрокөрсеткіштердің өсімі қалыптасуда. Облыс бюджетінің көлемі 809,6 млрд теңгеге жетіп, өзінің әлеуметтік бағыттылығын сақтады.
Аймақта инвестициялық ахуал жақсарып, кәсіпкерлік қарқынды дамуда. Бұл – өңір экономикасының тұрақты өсімінің және халықтың әл-ауқаты артуының негізі.

Қазір «Қорқыт ата» арнайы экономикалық аймағын өндірістік жобалармен толықтыру мақсатында әлеуетті инвесторлармен белсенді келіссөздер жүргізілуде. Өңірдің ресурстық, еңбек және географиялық әлеуеті, сондай-ақ әлеуетті инвесторлардың қызығушылығы ескеріле отырып, экономикалық аймақ аумағында жүзеге асырылуы мүмкін 18 басымдыққа ие қызмет түрі айқындалды.
Бүгінде Экономикалық аймақ аумағын қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында тиісті техникалық-экономикалық негіздемені және жоба-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Инженерлік инфрақұрылым жұмыстарын осы жылы бастап, келесі жылы аяқтау жоспарлануда.
Өздеріңізге мәлім, ұзақ жылдар аймақ дамуына айрықша үлес қосып келе жатқан мұнай-газ саласының өсімі кейінгі жылдары кідіріске ұшырады. Осыдан 13 жыл бұрын облыста жылына 11 млн тонна мұнай өндірілсе, табиғи сарқылудың салдарынан өткен жылы өндіріс көлемі 3 млн тоннаға дейін азайған.
Инвестиция тарту және жаңа жобаларды іске асыру – әкімдіктің негізгі басымдықтарының бірі. Алдағы үш жылда экономиканы әртараптандыру мақсатында құны 1,9 трлн теңгені құрайтын 48 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Осы жылға жоспарланған 21 жобаның 8-і алғашқы 7 айда іске қосылды. Мысалы, «Марал Нұр» серіктестігінің жолаушылар вагондарын жөндеумен және техникалық қызмет көрсетумен айналысатын жаңа кешені жылына 600-ден астам вагонға техникалық қызмет көрсетуге, 100 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Аралдағы «Тоғыс-Аралотын» серіктестігі жылына 40 тонна жоғары сұрыпты ас тұзын өндіру және жылына 20 мың дана мотоцикл құрастыру зауыттарын іске қосты. «Qazaq Camel» компаниясы жылына 400 тонна түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндіретін зауыт ашты.
Жыл соныңа дейін әк, 2 автоклавты газоблок, тауарлы балық өсіру, жүгері кептіру және сақтау қоймасы, желдету және ауаны баптау қондырғыларын құрастыру, гофрленген картон және картонның тегіс қабатын өндіруге арналған қағаз өндірістері іске қосылады.
Сондай-ақ Жалағаш ауданында швейцариялық «ХарвестАгро» компаниясымен бірінші кезеңде 7 мың гектар алқапқа жүгері және мақсары егуге бағытталған агрокластер құру жобасы іске қосылады. Сонымен қатар, тауарлы сүт фермасы мен 2 заманауи қонақүйдің құрылысы аяқталады.
Алдағы кезеңде облыс экономикасын одан әрі дамыту мақсатында бірқатар ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Мысалы, Жаңақорған ауданында «HongDa» компаниясының қорғасын-мырыш кенін байыту фабрикасы, «Alpecon Group» компаниясының қызанақ пастасын өндіру, ал Қызылорда қаласында «Fabe-Agro» және «Мелиоратор» компанияларының заманауи жылыжай кешендері, «Қызылорда Цемент» компаниясының цемент зауыты бойынша құрылыс жұмыстары басталады.
Бұған қоса, энергетика саласында «Самрұқ-Энерго» және Қатардың UCC Holding компанияларымен қуаты 1,1 ГВт болатын бу-газ қондырғысы электр станциясын салу, сондай-ақ испандық «Roca group» компаниясымен санитарлық-техникалық бұйымдар өндіретін жоғары технологиялық зауыт салу жобалары бойынша құрылыс жұмыстарын бастау жоспарлануда.
Сонымен бірге, 50-ден астам перспективалық жобалар болып есептелетін полипропилен, каустикалық сода, лак бояу өнімдері, ПЭТ-преформ сияқты бірқатар жоғары технологиялық жаңа бастама бойынша да жүйелі жұмыстар жалғасуда.
Жалпы, аймақта инвестициялық ахуал жақсарып, кәсіпкерлік дамуда. Бұл – өңір экономикасының тұрақты өсімінің және халықтың әл-ауқаты артуының берік негізі. Жүзеге асырылып жатқан және жоспарланған инвестициялық жобалар өңірдің жаңа экономикалық өсу нүктелерін қалыптастырады. Әсіресе, энергетика, агроөнеркәсіптік кешен, құрылыс индустриясы және машина жасау салаларында жаңа өндірістік кластерлерді қалыптастыруға, қосылған құны жоғары өнім өндірісін кеңейтуге және жаңа жұмыс орындарын ашып, салық базасын ұлғайтуға мүмкіндік береді.
«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы өңірімізде уран өндіру саласын ұзақ жылдар бойы тұрақты дамытып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға, өндірістік әлеуетті арттыруға және облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосуда. Компанияның демеушілігімен 2,1 млрд теңгеге жуық қаражатқа Жаңақорған, Шиелі аудандарынан 2 спорт кешенін, ауылдық клуб және емхана салу жоспарға алынған. Сәтін салса, биыл осы жобалардың құрылысы басталады.
Қуат Шарабидинов: – Ауыл шаруашылығы демекші, осы саланы қолдау және дамыту бағытында, әсіресе су үнемдеуге қатысты қандай бастамалар бар?
– Біздің өңіріміз үшін де су мәселесі өте өзекті екені белгілі. Ендігі талап – егін шаруашылығын әртараптандыру, су үнемдеу технологиясын батыл енгізу.

Биыл аграрлық секторды қолдауға бөлінген қаржы өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге артты. Оның ішінде субсидиялауға 25,7 млрд теңге бөлінді.
Жыл қорытындысымен ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін 245,9 млрд теңгеге жеткізу, негізгі қорына 55,2 млрд теңге инвестиция тарту межеге алынып отыр. Осы жылдың 6 айында ауыл шаруашылығында 34,9 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім көрсеткіші 3,9%-ға артты. Саланың негізгі қорына тартылған инвестиция көлемі 1,9 есеге артты.
Қазір егісті әртараптандырудың маңызы зор. Осыған орай суды көп қажет ететін күріш көлемі 10,9 мың гектарға қысқартылып, орнына майлы, малазықтық дақылдар егіліп, дәнді жүгерінің көлемі 10 мың гектарға жеткізілді. Осылайша дәнді жүгерінің көлемі 5 есеге артты. Нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда егін көлемі 7,1 мың гектарға артып, 193,7 мың гектарды құрады. Біз алдағы уақытта егісті әртараптандыру бағытын мұқият бақылайтын боламыз. Осының негізінде тапсырмаға сай 2026-2028 жылдарға арналған жүгері егіс алқаптарын ұлғайту жол картасын қабылдадық.
Ал су үнемдеу технологияларын пайдалану өткен жылы 8,1 мың гектарды құраса, биыл 14,2 мың гектарға жетті. Жалпы 2030 жылға дейін су үнемдеу технологияларын енгізу алаңдарын 34,2 мың гектарға жеткізу жоспарда бар. Бұл егіншілік мәдениетіне жақсы өзгеріс әкеледі.
Қазақ – ежелден мал баққан халық. Төрт түлік мал басында өсім бар. Сол түліктердің асыл тұқымын көбейту, өнімділікті арттыру қазіргідей бәсекелестікте өте маңызды. «Игілік», «Береке» жеңілдетілген несиелік бағдарламалары мал сатып алуға мұрындық болуда. Ал «Жайлау» жеңілдетілген несиелік бағдарламасының пилоттық жобасына Қызылорда облысын қосу жөнінде ұсыныс әзірленуде.
Осы жылдың 6 айында ет өндірісі 4,1%, сүт өндірісі 4,9%, жұмыртқа өндірісі 8,8% пайызға артты. Айта кеткен жөн, мал шаруашылығын дамыту перспективасы өте зор. Қазірдің өзінде мал шаруашылғы өнімдеріне шетелдерден сұраныс жоғары. Жыл сайын малды экспорттау өсіп келеді. Биыл Өзбекстанға 1479 бас қошқар тірілей экспортталды. 2025 жылы 869 бас экспортталған. Жаңақорған ауданында жуырда іске қосылған «Абдулла» серіктестігінің құс фабрикасы аз уақытта 180 тонна құс етін өндіріп, оның 108 тоннасын Қызылорда, Шымкент, Астана, Алматы қалаларына сатуға шығарған. Сондай-ақ осы аудандағы «Қожамберді батыр» мал сою және ет экспорттау орталығы бордақылау алаңына есептік нөмір алып, Өзбекстан мемлекетіне алғаш рет 1000 тонна қой етін экспорттауға 5 млн долларға келісім жасап отыр.

Жалпы, өңірдің агроөнеркәсіп саласына инвестиция тарту бойынша қарқынды жұмыс бар. Бұл орайда 2026-2028 жылдары іске асырылатын инвестициялық жобалардың Жол картасы бекітілді. Онда жалпы құны 172,5 млрд теңгені құрайтын 17 инвестициялық жоба енгізілген. Осы жылға белгіленген 8 жобаның 3-еуі пайдалануға берілді. Ірі жобалар санатында Шиелі ауданындағы «Центр семеноводства» серіктестігінің 10 мың гектарға жүгеріні жаңбырлатып суару әдісімен егу, «Таң ЛТД» ЖШС-ның тамшылатып суару технологиясын қолдана отырып 3 мың гектар жүгері өсіру жобалары іске асырылуда.
Сонымен қатар, жыл аяғына дейін Қызылорда қаласындағы «Қызылорда НК Құрылыс» ЖШС-ның 800 басқа арналған тауарлы сүт фермасы іске қосылады. «Қызылорда крахмал-сірне зауыты» жүгері өңдеу зауытының бірінші кезеңі қазан айында аяқталады. Биыл 20 мың тоннаға лайық жүгері сақтау қоймасы мен астық кептіргіш орнатылады.
Әрине, әрбір жобаның артында жұмыс көзі бар, шығаратын өнім бар. Осының бәрінде су ресурстарын неғұрлым тиімді пайдалану, үнемдеу технологияларын енгізу, су жүйелерін цифрландыру өзекті мәселеге айналады.
Ұлттық құрылтайда да Президентіміз су еліміз үшін стратегиялық ресурс екенін, су мәселесімен жүйелі түрде айналысу керектігін ескертті.
Аймақтағы 16 мың шақырымды құрайтын каналдар 1960-1970 жылдары пайдалануға берілген. Су шығынын азайту мақсатында каналдарды бетондауды қолға алдық. Осының негізінде жалпы құны 142,3 млрд теңгені құрайтын 68 каналға бетондау жұмыстарын жүргізу үшін жоба-сметалық құжаттама әзірленуде. Біз осы бастаманы жүзеге асыру арқылы үнемделетін 30 пайыз суды Арал теңізі мен көлдер жүйесіне бағыттай аламыз.
Ботагөз Ажарбаева: – Облыс бюджетінің 52 пайызы әлеуметтік салаға бағытталған. Осының нәтижесі туралы айтыңызшы…
– Әрине, тұрғындар алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді орындау қай кезде де алғашқы орында тұрады.

Балалардың жайлы ғимараттарда сапалы білім алып, халыққа сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету және тұрақты жұмыс орындарын құрып, халықтың табысын арттыру – басты міндетіміз.
Биыл білім саласына 302,2 млрд теңге қаржы қарадық. Айтулы жаңалығымыз – Ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша орташа балл 74,9-ды құрап, республикада өңіріміз үшінші жыл қатарынан І орыннан көрінді.
Биыл оқушылардың білім жетістіктерінің мониторингісі зерттеуіне аймақтағы 88 жалпы орта білім беру ұйымынан 6 мыңға жуық оқушы қатысып, республика бойынша 4 сынып оқушылары ІІІ орын, 9 сынып оқушылары ІІ орынды иеленді.
Халықаралық олимпиадалар мен ғылыми зерттеу жобалары, республикалық пәндік олимпиадада оқушыларымыз жақсы нәтиже көрсетіп, 2 оқушы жоғары оқу орнының білім грантын жеңіп алды.
Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық пәндік олимпиадада облыс командасы «Ең үздік олимпиадалық команда – 2025» номинациясын иеленді. Білімге салынған инвестиция еселеп қайтатынын жақсы білесіздер. Демек, бұл – жоғары нәтиже.
Балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту мақсатында биыл жылына 8400 баланы қамту мүмкіндігі бар «AI-Kerim» балалар білім беру-сауықтыру орталығы пайдалануға берілді. Орталықта ғылыми-техникалық, жаратылыстану, экологиялық, спорттық бағыттағы үйірмелер жұмыс жасайды.
Өңірдің ғылыми-ағартушылық және туристік әлеуетін арттыру мақсатында жылына 14 мыңға жуық келушіні қабылдауға мүмкіндігі бар «Ботаникалық білім беру орталығы» ел игілігіне табысталды.
2027 жылы Қызылорда қаласы, Әл Фараби шағын ауданынан құны 6,9 млрд теңгені құрайтын бір мезетте 364 баланы, ал күніне 2000-нан аса баланы қабылдауға мүмкіндігі бар инновациялық шығармашылық орталығы салынады деп жоспарлануда.
2026 жылға 55 жобаның құрылысын жүзеге асыруға 177,3 млрд теңге бөлінді. Әсіресе әлеуметтік салаға ерекше мән берілуде. Атап айтсақ, денсаулық сақтау саласында 3 нысан, жұмылдыру дайындығы бойынша 1 нысан, инженерлік инфрақұрылым желілері 38 нысанның және сол жағалаудан 7 қабатты 84 пәтерлі 3 кредиттік тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Ал спорт саласында 8 нысан жоспарланса, оның 6-уы және мәдениет саласында 2 нысан пайдалануға берілді.
Денсаулық сақтау саласы да басты назарымызда. Денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етуде 5,2 млрд теңгеге медициналық техникалар сатып алынуда.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен, Үкіметтің қолдауымен биыл облыс орталығында 54,3 млрд теңге қаржыға бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухана және Титов ауданында ауысымына 400 келушіге арналған №5 қалалық емхана пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек, Қызылорда қаласында құны 52,7 млрд теңгені құрайтын 200 төсек-орынға арналған перинаталдық орталықтың және Сырдария өзенінің сол жағалауынан 14,7 млрд теңге қаржыға 500 келушіге арналған емхананың құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, Арал қаласында 6,6 млрд теңгеге 250 келушіге арналған емхананың құрылысы жыл соңына дейін басталады.
Өңірімізде өткен құрылтайда Мемлекет басшысы салуды тапсырған драма театр мен тәулік бойы жұмыс жасайтын 600 мың кітап қорын сақтауға арналған Президенттік кітапхана құрылысы қарқынды жүруде.
Үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту мақсатында 6200-ден астам пәтер салу жоспарлануда. Бұл өз кезегінде 25 мыңға жуық тұрғынның баспана мәселесін шешетін болады.
Ботагөз Ажарбаева: – Мемлекет басшысы спорт және туризмді дамытуға үлкен мән беріп отыр. Кейінгі екі-үш айдың еншісінде бірақатар спорт нысаны ашылды. Бұқаралық спорттың маңызы артты. Ал туристік орындардың инфрақұрылымын жетілдіруде қандай жоспарлар бар?
– Қазір облыс орталығында құны 20,5 млрд теңгені құрайтын 2500 орындық көпбейінді «Қызылорда Арена» спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Бұл кешенде спорттың бірнеше түріне арналған арнайы жаттығу залы, жабық бассейн, жаттығу-сауықтыру залдары, 300 орындық конференц залы бар.
Жалпы, спорт – қоғамды алға жетелейтін күш. Оның тұрғындар үшін қолжетімділігі маңызды. Айталық, облыс орталығында 26 көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларына құны 1,9 млрд теңгені құрайтын балалар ойын алаңдары салынуда.
Биыл сәуір айында Астанада өткен Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшылары кеңесінің қорытынды отырысында Президентіміз Солтүстік Арал экожүйесін қалпына келтіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін жоғары бағалады.
Осы орайда, еліміздегі бірегей табиғи әрі ғылыми нысан – «Арал геопаркін» дамыту бойынша нақты міндеттер жүктеді. Жобаның мақсаты – Арал өңірінің табиғи-экологиялық, геологиялық, тарихи және мәдени мұрасын сақтау, ғылыми зерттеулерді дамыту, экологиялық туризмді ілгерілету және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беру.
Талаптарға сәйкес «Арал геопаркі» аумағында дайындық жұмыстары жүргізіліп, 4 туристік-танымдық маршрут әзірленді. Биылғы шілдеде Геопарк аумағында халықаралық сарапшылармен бірге жүргізілген негізгі бағалау жұмыстарының қорытындысымен «Арал геопаркін» ЮНЕСКО-ның 51 елді біріктірген Жаһандық геопарктер желісіне енгізуге қатысты нақты шешім ұсынылатын болады.
Оң шешім қабылданса, «Арал геопаркі» Қазақстандағы халықаралық деңгейде мойындалған алғашқы жаһандық геопарк мәртебесін иеленеді. Бұл – Арал өңірінің туристік тартымдылығын арттырудың, ғылыми зерттеулерді кеңейтудің және жергілікті халықтың тұрмыс сапасын жақсартудың жаңа мүмкіндіктері.
Қуат Шарабидинов: – Енді көлік-логистика саласына ойыссақ…
– Биыл облыстың жол инфрақұрылымын дамытуда жалпы ұзындығы 141 шақырым болатын автомобиль жолдары, көшелер мен көпір өткелдерін жөндеуден өткізуге бюджеттен барлығы 38,4 млрд теңге бөлініп, жалпы индикаторлық көрсеткіш 95,5 пайызға жетеді.

Сонымен қатар, биылғы жылы өңірдің көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша бірқатар ірі жоба іске асырылмақ. Мысалы, Қызылорда қаласында Сырдария өзені арқылы өтетін жаяу жүргіншілер, Тоқтыбаев көшесінен Сырдария өзені арқылы автожол көпірлерін салу жобалары осы санатта.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен республикалық бюджеттен бөлінген 10,2 млрд теңгеге облыстағы 7 теміржол вокзалы (Жаңақорған, Шиелі, Жосалы, Төретам, Қазалы, Арал теңізі, Сексеуіл), 2 қызмет көрсету пункті (Тереңөзек және Жалағаш) және «Талап» бекетіндегі жолаушылар платформасы жаңғыртылуда.
Маусым-шілде айларында 4 теміржол вокзалы және «Талап» бекетіндегі жолаушылар платформасы халық игілігіне пайдалануға берілді. Қалған вокзалдар бойынша жаңғырту жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады.
Жуырда ғана Мемлекет басшысы телекөпір арқылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында айрықша маңызға ие «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын-Сексеуіл» қайта жаңғырту жобасының құрылысын және «Сексеуіл-Бейнеу» автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстарын бастауға пәрмен берді.
«Қызылорда-Сексеуіл» автомобиль жолының құрылысы көлік байланысын жақсартып қана қоймай, өңірдің транзиттік мүмкіндігін жаңа сатыға көтереді. Бұл жолдың ұзындығы – 462 шақырым, құны – 832,8 млрд теңге. Ал «Сексеуіл-Бейнеу» автомобиль жолы – тыңнан түсетін тарихи жоба. Оның құны – 780,3 млрд теңге. Жалпы ұзындығы 800 шақырымды құрайтын халықаралық дәліздің 189 шақырымы Қызылорда облысының елді мекендері (Құланды, Ақбасты, Ақеспе, Қосаман, Сексеуіл) арқылы өтеді. «Сексеуіл-Ұлғайсын» автомобиль жолының ұзындығы 312 шақырым, оның 97 шақырымы облыс аумағына тиесілі. Бұл жобаның құны – 762 млрд теңге.

Аталған жолдар – еліміздің батысы мен оңтүстігін өзара тиімді байланыстыратын маңызды көлік дәлізі. Осы күре жолдар арқылы Қытай мен Орталық Азиядан Еуропа бағытындағы жүк ағындарын тиімді өткізуге, транзиттік тасымал көлемін ұлғайтуға мүмкіндік туады.
Жол-көлік инфрақұрылымын аудан, ауылдарда да дамытуды назардан тыс қалдырмаймыз. Мысалы, Қазалы ауданындағы «Қарлаң» учаскесінен Сырдария өзені арқылы көпір өткелін салу жұмыстары қазір қарқын алды. Жобаның жалпы келісімшарт құны – 6,8 млрд теңге.
Ботагөз Ажарбаева: – Тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуда коммуналдық қызметтің жүгі ауыр. Десе де, халыққа газ, ауызсу жеткізуде облыстың көрсеткіші жақсы. Электр энергиясы, жылу және кәріз жүйелерін дамыту бойынша қандай басымдықтарды айтар едіңіз?
– Шынында, елді мекендерді газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биыл бюджеттен бөлінген 4,7 млрд теңгеге 10 елді мекен табиғи газбен қамтамасыз етіледі. Осы жобалардың ішінде Сырдария ауданындағы 3 мыңға жуық тұрғыны бар Ақжарма ауылы табиғи газға қосылды. Бұдан бөлек, қосымша 21 елді мекенді газдандыру бойынша жұмыстар бастауды жоспарлап отырмыз. Осы жобаларды іске асыру арқылы газдандырылған елді мекен саны 87-ге жетіп, облыс халқын газдандыру деңгейі 92 пайызды құрайтын болады.
Өңір халқын орталықтандырылған ауызсумен қамту деңгейі 100 пайызға жеткізілді. Ендігі негізгі міндет – қолданыстағы су жүйелерін жаңғырту, олардың техникалық жағдайын жақсарту және тұрғындарға көрсетілетін қызметтің сапасын одан әрі арттыру.
Биыл ауызсумен қамту және су бұру саласында жалпы құны 11,9 млрд. теңгені құрайтын 7 жоба іске асырылуда. Арнайы мемлекеттік қор және облыстық бюджет есебінен 1 млрд теңге қаржы бөлініп, жақында Жаңақорған кентіндегі «МАИ бекеті» шағын ауданында су тарту станциясы және қосылу тармағының құрылысы пайдалануға берілді.
Сонымен қатар, өңір үшін стратегиялық маңызы бар ірі жобалардың бірі – Арал және Қазалы аудандарының 160 мыңнан астам тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ететін «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбырының екінші тармағын салу. Жалпы ұзындығы 234 шақырымды құрайтын жобаның құны – 43,7 млрд теңге. Бүгінде бюджеттен 7,4 млрд теңге бөлініп, 35 шақырым су құбырының құрылысы аяқталды. Жоба 2029 жылға дейін толық жүзеге асырылып, Арал және Қазалы аудандарының тұрғындарын сапалы ауызсумен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Мамандардың сараптауынша, өңірде қазір электр желілерінің тозу деңгейі 60 пайызды құрайды. Электр желілерін жаңғырту және олардың өткізу қабілетін арттыру мақсатында жалпы құны 3,2 млрд теңгені құрайтын 276 шақырым әуе электр желісін және 109 қосалқы станцияны қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынған.
Өңірдің энергетикалық әлеуетін арттыруда жалпы қуаты 148 МВт болатын 5 ірі күн-электр станциясы жұмыс жасауда және жыл соңына дейін 1 күн-электр станциясын пайдалануға беруді көздеп отырмыз. Одан бөлек алдағы уақытта қуаты 230 МВт болатын 1 жел және 5 күн- электр станциясын салу жоспарлануда. Осы жобалардың іске асырылуы облыстың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, электр энергиясының тапшылығын төмендетуге және жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыруға мүмкіндік береді.
Облыста қазір жылу желілерінің жалпы ұзындығы 217 шақырымды құрайды. 2025-2026 жылдары Қызылорда қаласы бойынша 7,2 млрд теңге қаржыға 6 жоба іске асырылып, нәтижесінде 8,7 шақырым жылу желісі жаңғыртылды. Ал 2026-2029 жылдары 32 шақырымы ретке келтіріліп, жылу желілерінің тозу деңгейі қазіргі 40 пайыздан 30 пайызға дейін төмендейді.
Қуат Шарабидинов: – Арнайы мемлекеттік қор қаражаты деп қалдыңыз, осының есебінен облыста жүзеге асырылып жатқан қандай әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобалар бар?
– Арнайы мемлекеттік қор есебінен Қызылорда облысында жалпы құны 35,4 млрд теңге болатын 17 жоба іске асырылуда. Оның ішінде өткен жылы 16 жоба, биыл білім беру саласы бойынша 1 жоба қолға алынды. Жобалардың ішінде 1 денсаулық сақтау нысаны, 1 білім беру нысаны, 1 автомобиль жолы құрылысы, 2 ауызсумен және 12 ыстық сумен жабдықтау нысаны бар. Биылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 17 жобаның 3-еуі аяқталды. Атап айтқанда, Аралдағы көпбейінді орталық аудандық ауруханаға 25 төсектік инфекциялық бөлімшенің жапсаржайы, Қызылорда қаласындағы М.Ықсанов атындағы IT колледжге қосымша ғимарат, Жаңақорған кентінің «МАИ бекеті» шағын ауданындағы су алу құрылысы мен қосу желісі пайдалануға берілді.

«Қызылорда қаласындағы Жанқожа батыр көшесі арқылы теміржол өткелін салу», облыс орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлерді ыстық сумен жабдықтау, Байқоңыр қаласындағы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструкциялау жобалары жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда.
Ботагөз Ажарбаева: – Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын, қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жаппай цифрландыруды жеделдету және жасанды интеллект технологияларын өндіріске кеңінен енгізудің стратегиялық маңызын айқындап берді. Біздің мүмкіндіктеріміз қандай?
– Қазіргі таңда әлеуметтік салаларды заманауи цифрлық форматқа көшіру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Мәселен, денсаулық сақтау саласында осы жылы науқастарды ерте диагностикалау, хирургиялық емдеудің тиімділігін арттыру бойынша облыстағы 21 медициналық ұйымға жасанды интеллект көмегімен PACS жүйесі енгізілді (3,2 млрд теңге). Бұл радиологиялық зерттеулерді цифрландыру және орталықтандыру арқылы онкологиялық ауруларды, әсіресе сүт безі мен өкпе обырын ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.
Экология саласында қатты қалдықтарды жинау, тасымалдау және бақылау процесін толық цифрландыру үшін «Waste Management» жүйесі іске қосылды. Бұл өз кезегінде абоненттік базаны цифрландыру, төлемдерді есепке алу, жанармай шығынын бақылау, сондай-ақ орындалған жұмыстар бойынша талдау және автоматты есептілік қалыптастыруға септігін тигізеді.
Қоғамдық қауіпсіздікті қадағалауды, оның ішінде аумақтарды, инфрақұрылымдық объектілерді, өнеркәсіптік аймақтарды жедел бақылауды, сондай-ақ төтенше жағдайларда және басқа да оқиғаларда жылдам әрекет ету мақсатында облыстық полиция департаменті пилоттық режимде 6 ұшқышсыз ұшу аппаратын (дрон) пайдалануда. Алдағы уақытта 10 дронға дейін көбейту жоспарымызда бар.
Қызылорда қаласында қоғамдық көлік жүргізушілері мен жолаушылардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында пилоттық режимде қоғамдық көлікке (1 көлік) интеллектуалды қауіпсіздік жүйесі іске қосылды. Жүйе қозғалыс барысында жүргізушінің жағдайы мен әрекеттерін бақылауды, жолда болып жатқан жағдайды және қауіпті оқиғаларды платформада тіркеп, онлайн бақылауды жүзеге асырады. Одан бөлек жолаушылар көлігіне мінген және түскен жолаушыларды автоматты түрде бақылап, жолаушылар ағынын (санын) платформада көрсету мүмкіндігі бар.

Жол инфрақұрылымын мониторингілеу жүйесі «Freedom Data Centers» ЖШС мен Қызылорда қаласында 1 экотаксиге пилотты түрде іске қосылды. Аталған жүйе автокөлікте орнатылған бейнетіркегіш арқылы қозғалыс барысында жол жабынының және қалалық инфрақұрылым ақауларын (жарық бағаналары, билборд, ағаштар, бағдаршам, т.б.) жасанды интеллект арқылы анықтауға, фотофиксациялауға және жауапты мекемеге онлайн жіберуге мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен халықтың интернет-ресурстарға қолжетімділігін арттыру аясында «ҚызылордаТрансТелеком» филиалы осы жылдың 1 мамырынан бастап Mesh-желі технологиясы бойынша қоғамдық орындарда тегін интернет желісін ұсыну үшін «Free Wi-fi» жобасын іске қосты. Міне, жаппай цифрландыруды жетілдіру бағытында қолға алған осындай жұмыстарымыз бар. Бұл ретте тиісті мамандармен кеңесе отырып, бірқатар бастаманы жоспарға да енгіздік.
Қуат Шарабидинов: – Мұрат Нәлқожаұлы, сіз Сыр бойының перзенті ретінде жер жағдайын да, ел жағдайын да өте жақсы білесіз. Төрт ауданда, қалада, бірнеше басқармаларда басшылық қызмет атқардыңыз. Өмірлік тәжірибеңізде бүгінгі қоғам қандай құндылықтарға арқа сүйегені абзал деп ойлайсыз?
– Буын алмасады, қоғам жаңарады. Жаһандық өзгерістер кезеңінде қоғамның ең басты құндылығы – бірлік, татулық, ал қазір Президентіміздің пәрменімен әділетті қоғамның негізі қаланды.
Кейінгі уақытта Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен «Таза Қазақстан», «Заң мен тәртіп» қағидаттары үстемдік алды. Бұл – шын мәнінде, өмір сапасын жақсартатын жаңа мәнге ие бастамалар. «Таза Қазақстан» көше мәдениетінің ғана көрінісі емес, мұның астарында саналық тәрбие, тұрмыстық мәдениет пен өркениетті өмірге ұмтылыс жатыр. Ал оның заң мен тәртіп арқылы дамуы – елімізді жарқын болашаққа бастайтын ұстаным.

Бүгінгі қоғам ең алдымен ұлттық бірегейлік, еңбекқорлық және жауапкершілік сияқты іргелі құндылықтарға арқа сүйеуі керек деп ойлаймын. Қазір байқасаңыздар, қоғам өзгерді, реформалар тұрақты сипатқа ие бола бастады, халықтың сана-сезімінде бетбұрыс жасалды. Қашаннан татулықты ту еткен Сыр елінде әрбір жетістік өскелең ұрпақтың бақытты өмірі үшін қызмет етеді деп сенемін.
Ботагөз Ажарбаева: – Жастарға қандай ой бөліскен болар едіңіз?
– Қазір жастар үшін кең мүмкіндік ашылған уақыт. Мен де ауылда өстім, еңбектің қадірін білем. Отбасында ата-анамыздың қазақы тәрбиесімен жетілдік. Жаңа Конституциямызда да отбасы құндылығына айырықша мән беріліп отыр.
Расында, кез келген тәрбиенің негізі отбасынан басталады. Өзімнің де өмірлік ұстанымдарым мен бала күнгі арман-мақсаттарым осы отбасы тәрбиесінен басталды. Бала күнімізден ата-анамыздың тәлім-тәрбиесімен өстік, әкеміздің елге еткен қызметіне, тұлғалық қасиеттеріне қарап бой түзедік. Бұл менің азамат болып қалыптасуыма зор әсер етті және өмірлік азық болды десем, қателеспеймін.

Елге қызмет ету үшін ауылда не қалада тұрудың айырмасы жоқ. Әсіресе, бүгінгі жастар үшін мүмкіндік көп. Біле білсек, жаңа дәуірдің иігіліктеріне шақыратын «Келешек мектептерінің» өзі аудан-ауылдарда салынып жатыр. Сол секілді, денсаулық, спорт, мәдениет саласының жетістіктері де ауылға жетті.
Өмірлік тәжірибемнен айтарым, әсіресе, жастарға мамандық таңдауда қателеспеу керек. Өйткені бұл мәселе әрбір адамның бүкіл саналы өмірінің айнасы болмақ. Өзіңнің жүрегіңмен таңдаған мамандығың – өмір сүрудің материалдық және рухани көзі. Өз өміріміз үшін өзіміз жауаптымыз.
Айта берсек, бүгінгі қоғам жастарына бағытталған игіліктер аз емес. «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында да жас ұрпақтың бойында асыл қасиеттерді дамытуға барынша жағдай жасалуда. Елге деген адалдық, әрбір жастың өзінің сенімі мен қоғамға деген адалдығынан басталады. Сол жолда оларға табыс, сәттілік тілегім келеді.
Әрине, бір сұхбаттың өзегіне барлық ойды сыйғызу қиын болар. Өңірдің өзге де салаларында, әсіресе мәдениет, қоғамдық даму, құқық қорғау саласында атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Халықтың сапалы өмірі үшін бір-бірімен сабақтаса жүретін барлық қызметте жақсы нәтижелерге жету – әлгінде айтқандай бірлік пен ынтымағымыздың арқасы. Осы жолда жұмыла қызмет ете берейік!
Сұхбаттасқандар
Қуат ШАРАБИДИНОВ,
«Сыр бойы».
Ботагөз АЖАРБАЕВА,
«Кызылординские вести»










