Құрылтай
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жанкент археологиялық экспедициясына – 20 жыл: көне қаланың жаңа қырлары зерттелуде

Жанкент археологиялық экспедициясына – 20 жыл: көне қаланың жаңа қырлары зерттелуде

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Оғыздардың материалдық және рухани мәдениеті» ғылыми-танымдық кітап-каталогының таныстырылымы және «Жанкент археологиялық экспедициясына – 20 жыл» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік дөңгелек үстел өтті.

Ғылыми басқосуға Қазақстан, Ресей, Германия, Ұлыбритания және Өзбекстаннан археологтар, тарихшылар, зерттеушілер мен ғылыми мекеме өкілдері қатысты.

 «Жанкент қалашығы XIX ғасырдан бастап зерттеушілердің назарында болғанымен, оны жүйелі әрі кешенді зерттеудің жаңа кезеңі 2005 жылы басталды. Жиырма жыл ішінде қалашықтың цитаделі, шахристаны, тұрғын үйлері мен шаруашылық нысандары зерттелді. Жалпы 4000 шаршы метрден астам аумақта археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Жанкентті зерттеу жұмыстары халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың маңызды бағытына айналды. Әртүрлі елдердің ғалымдарымен бірлескен зерттеулер Жанкент тарихын жаңа ғылыми әдістермен зерделеуге мүмкіндік беріп отыр. Бұл жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыру маңызды», – деді Наурызбай Байқадамов.
Зерттеу барысында 25 мыңнан аса керамикалық бұйым, сондай-ақ металл, тас, сүйек және шыныдан жасалған жәдігерлер табылды. Археологиялық материалдар ортағасырлық қала тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі, қолөнері, шаруашылығы мен мәдени байланыстары туралы маңызды деректер береді. Экспедицияның соңғы жылдардағы маңызды олжаларының бірі – күміс монеталар көмбесінің табылуы. Бұл жәдігерлер Жанкенттің ортағасырлық сауда және ақша айналымындағы орнын тереңірек зерттеуге мүмкіндік береді. Жоба Қорқыт ата университетінің, Қызылорда облысының жергілікті бюджеті, Қазақстан Республикасының мемлекеттік ғылыми гранттары, сондай-ақ халықаралық Wenner-Gren және DFG гранттарының қолдауымен жүзеге асырылды.

Іс-шара барысында Жанкенттен табылған археологиялық жәдігерлерді жүйелейтін «Оғыздардың материалдық және рухани мәдениеті» ғылыми-танымдық кітап-каталогының тұсаукесері өтті. Салтанатты рәсімге университет басшысы, Қызылорда облысы әкімінің кеңесшісі Руслан Рүстемов, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының Бас директоры Ақан Оңғарұлы, Эберхард Карл атындағы Тюбинген университетінің құрметті профессоры, археолог-ғалым Генрих Харке және облыстық ардегерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенов қатысты.
Еңбекте оғыз дәуірінің материалдық және рухани мәдениетіне қатысты археологиялық деректер жинақталып, көпшілікке ғылыми-танымдық форматта ұсынылған. Кітап-каталогтың мазмұны Ыстанбұл қаласында өткен «Оғыз феномені: Ұлы Даладан Анадолыға дейін» халықаралық конференциясы мен көрмесінде көтерілген ғылыми бағыттардың жалғасы ретінде ұсынылды.

Бұдан бөлек, қатысушылар «Жанкент қаласының жәдігерлері» көрмесі мен «Аптаған ыстық күн астында Жанкентте өткен 20 жыл» фотокөрмесін тамашалады.

Дөңгелек үстелде Жанкент пен Сыр өңірінің археологиялық мұрасын зерттеудің өзекті мәселелері талқыланып, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту, тарихи-мәдени нысандарды сақтау және насихаттау бағыттары сөз болды.
19 тамыз 2026 ж. 48 0