Педагогтерге арналған «AI заңгер» цифрлық көмекші іске қосылды
2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енген жаңа Конституция мен Мемлекет басшысы ілгерілетіп отырған «Заң және Тәртіп» идеологиясы Қазақстанның саяси-құқықтық дамуындағы жаңа кезеңді айқындады. Бұл бастамалар қоғамда құқықтық мәдениетті нығайтып, азаматтардың заңға қолжетімділігін арттыруға бағытталған, деп хабарлайды Egemen.kz.Осы қағидаттарды қолдау мақсатында Daryn Ustaz орталығы педагогтерге арналған «AI заңгер» цифрлық көмекшісін іске қосты. Жаңа құрал мұғалімдерге еңбек қатынастары, білім беру саласындағы құқықтық нормалар және кәсіби қызметке қатысты сұрақтар бойынша жедел кеңес алуға мүмкіндік береді.
Педагогтер енді әрбір заңның мәтінін өз бетінше іздеп, түрлі платформаларды қарауға уақыт жұмсамайды. Жасанды интеллект сұраққа жауап берген кезде ресми құқықтық актілер мен нормативтік құжаттарға сілтеме ұсынады. Бұл мұғалімдердің сенімді дереккөздерге негізделген ақпаратты бір платформа арқылы жылдам алуына жағдай жасайды.
Жобаның басты мақсаты – педагогтердің құқықтық сауаттылығын арттырып, заңнамалық ақпаратқа қолжетімділікті жеңілдету және күнделікті кәсіби қызметте құқықтық қолдау көрсету.










