Құрылтай: Қызылордада 1344 комиссия мүшесінің білімі жетілдіріледі
23 тамыз күні еліміз бойынша Құрылтай сайлауы өткізіледі. Маңызды саяси науқанда Қызылорда өңірінің 500 591 азамат дауыс беруге құқылы. Жауапты кезенде аймақта 9 аумақтық, 386 учаскелік комиссия құрылып, 2783 комиссия мүшесі қызметке тартылды.Құрылтай сайлауының процесін заң шеңберінде ашық әрі алқалы түрде өткізу және дауыс беруді ұйымдастыру — комиссия мүшелерінің тікелей міндеті.
Қызылорда облысының аумақтық сайлау комиссиясы қала және аудандарда көшпелі оқытуды бастады.
Алғашқы 3 күн Қызылорда қаласында бастау алды.
Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Қызылорда облыстық филиалымен бірлескен оқыту семинарында кәсіби лекторлар пулы жасақталып, сайлауды өткізу тәртібі, дауыс беруші азаматтармен жұмыс жасау, қоғамдық бірлестік өкілдері және БАҚ өкілдерімен жұмыс жасау алгоритмі, мүгедектігі бар сайлаушылар үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету туралы дәріс берілді. Сонымен қатар комиссия мүшелері практикалық кейстерді талқылады.
Оқытуға комиссия төрағасы, төраға орынбасары және хатшылар қатысады. Ал, қалған комиссия мүшелері каскад әдісі арқылы білімін жетілдірді.
Семинар комиссия мүшелерінің заңнаманы білуіне, дауыс беруді ұйымдастырудың тәртібіне негізделген. Сондай-ақ, практикалық кейстер мен рөлдік ойындарға басымдық берілді.
Оқыту барлық аудандарда жүргізіледі және әрбір комиссия мүшесі онлайн платформа көмегімен біліктілікті растайтын тест тапсырды.
- Комиссия мүшелерінің білімін жетілдіру өте маңызды. ҚР Сайлау туралы Конституциялық заңға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Мәселен, сайлаушылардың дербес деректерін қорғау деңгейі күшейді. Сайлаушының, байқаушының жеке куәлігін рұқсатсыз көшіріп алу немесе телефонға түсіруге қатаң тыйым салынды. Сондай-ақ, дауыс беру кабинасының ішінде сайлаушы белгіленген бюллетеньді фотоға түсіріп, жариялай алмайды. Бұл науқанда комиссия мүшелерінің заңдылықты сақтай отырып сайлау процесін ашық әрі алқалы түрде өткізуіне баса мән беруін басымдыққа аламыз.
Оқыту процесіне ұзақмерзімді шетелдік байқаушылар да қатысып көруде. Біз семинар жұмысын ашық форматта жүзеге асырудамыз,-деді Қызылорда облысының аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Болат Накипов.
Айта кетейік, Қызылорда қаласы және барлық аудандарда 1344 комиссия мүшесі білімін жетілдіреді. Оның ішінде жаңадан келген 129 комиссия мүшесі арнайы оқыту курсынан өткізілуде.
Барлық комиссия мүшелеріне оқу-әдістемелік құралдар таратылып, арнайы әзірленген оқыту бейнефильмі көрсетілді.










