Құрылтай
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал-Сырдария бассейнінде су ресурстарын тиімді пайдалану жұмыстары күшейтілуде

Арал-Сырдария бассейнінде су ресурстарын тиімді пайдалану жұмыстары күшейтілуде

Су ресурстарын тиімді басқару - өңірдің тұрақты дамуы мен аграрлық саланың табысты болуының басты шарттарының бірі. Осы бағытта Арал-Сырдария бассейнінде су қорын сақтау, егістікті сумен қамтамасыз ету және су пайдалануды заң талаптарына сәйкестендіру бойынша кешенді жұмыстар атқарылып келеді.Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында Арал-Сырдария бассейндік су инспекциясының басшысы Зейнулла Қазтоғанов мәлімдеді.

- Қазіргі таңда Арал-Сырдария бассейніндегі су шаруашылығы жағдайы тұрақты бақылауда. Биыл бассейн бойынша тұрақты суару лимиті 7 млрд 103 млн текше метр болып белгіленсе, Қызылорда облысына 3 млрд 270 млн текше метр су бөлінді. Өңірде жоспарланған 185,8 мың гектар егіс алқабы толық егілді. Оның ішінде 70 мың гектар күріш алқабы толық суға бастырылды. Сонымен қатар, жаңа Су кодексінің талаптарын түсіндіру және судың «қара нарығын» жою бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері 80 тексеру жүргізіліп, заңсыз су пайдалану фактілері бойынша тиісті әкімшілік шаралар қабылданды. Бұдан бөлек, су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары жоспарланған көлемнен асып, өңірде 13,7 мың гектар алқапқа заманауи технологиялар қолданылды. Бұл су ресурстарын тиімді пайдаланып, су шығынын азайтуға мүмкіндік береді,- деді Зейнулла Молдағалиұлы.

Спикердің айтуынша, су ресурстарын ұтымды пайдалану тек бақылау шараларымен шектелмейді. Бұл бағытта тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға да ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта «Суды үнемде - болашақты сақта!» және «Судың қара нарығына жол жоқ!» тақырыптарында кең көлемді ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» бастамасы аясында ұйымдастырылған «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы арқылы су нысандарының жағалауларында тазалық жұмыстары жүргізіліп, жастар мен еріктілердің белсенді қатысуымен табиғи су көздерін қорғауға бағытталған игі бастамалар жүзеге асырылуда.
23 шілде 2026 ж. 139 0