Жұқпалы дерттен сақтану жолы қарастырылды
Сырдария ауданында ауыл шаруашылығы жануарларының аса қауіпті жұқпалы ауруларының алдын алу және ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ауданаралық аусылға қарсы симуляциялық оқу-жаттығу өткізілді.«Руханият орталығында» ұйымдастырылған оқу-жаттығуға Сырдария ауданы әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Қызылорда облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Ерсұлтан Апетов, Қызылорда облыстық ветеринария басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев, Республикалық ветеринариялық зертхананың Қызылорда облыстық филиалының директоры Манас Шатенов, «Республикалық эпизоотияға қарсы отряд» Қызылорда облыстық филиалының басшысы Сағидулла Серімбетов, аудандық және қалалық аумақтық инспекциялардың, ветеринариялық станциялардың басшылары, эпизоотолог мамандар, ветеринариялық пункт меңгерушілері, жергілікті атқарушы органдардың, төтенше жағдайлар қызметі мен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласының өкілдері қатысты.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев ашып, оқу-жаттығудың маңыздылығына тоқталды.
– Бүгінгі оқу-жаттығудың басты мақсаты – аусыл секілді аса қауіпті жұқпалы ауру анықталған жағдайда барлық жауапты органдардың үйлесімді әрі жедел әрекет ету қабілетін жетілдіру. Мал шаруашылығы – аудан экономикасының маңызды саласының бірі. Сондықтан ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – баршаға ортақ міндет. Осындай тәжірибелік іс-мамандардың кәсіби даярлығын шыңдап, төтенше жағдайлар кезінде нақты әрі тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта ауданда тұрақты эпизоотиялық ахуалды сақтау бағытындағы жұмыс жүйелі түрде жалғасын табады, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Жиында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Қызылорда облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Ерсұлтан Амантайұлы мұндай оқу-жаттығулардың маңызы жоғары екенін атап өтті.
– Ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуына тікелей әсер ететін маңызды міндеттің бірі. Аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу, олардың таралуына жол бермеу және індет жағдайында жедел әрекет ету үшін кез келген жауапты маманның дайындығы әрдайым жоғары деңгейде болуы қажет. Бүгінгі ауданаралық оқу-жаттығудың маңызы зор. Себебі мұндай тәжірибелік іс-шара барысында ветеринариялық қызмет мамандары нақты жағдайға жақын сценарий бойынша жұмыс жасап, ауру ошағын анықтау, оқшаулау, сынама алу, залалсыздандыру және шектеу іс-шарасын ұйымдастыру бағытындағы іс-қимылын жетілдіреді. Сонымен қатар мемлекеттік органдар мен жауапты мекемелер арасындағы өзара байланысты нығайтуға мүмкіндік береді. Аусыл – мал шаруашылығына елеулі қауіп төндіретін аса қауіпті жұқпалы аурудың бірі. Сондықтан оның алдын алу бағытындағы профилактикалық жұмысты тұрақты жүргізу, ветеринариялық талаптың сақталуын қамтамасыз ету және мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру – басты назардағы мәселенің санатында. Осындай оқу-жаттығу ветеринариялық қызметтің шұғыл әрі үйлесімді әрекет ету қабілетін арттырып, төтенше жағдай туындаған кезде нақты шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта да өңірдегі эпизоотиялық ахуалды тұрақты сақтау, жануарлар ауруларын болдырмау және ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыс жүргізіледі, – деді Ерсұлтан Апетов.
Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – аусыл ауруы тіркелген жағдайда жедел әрекет ету алгоритмін пысықтау, мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру және қабылданатын шаралардың тиімділігін арттыру екені даусыз. Жалпы алғанда, іс-шарада жауапты бірнеше мекеменің мамандары төтенше жағдай кезіндегі іс-қимылын пысықтап, ветеринариялық қызметтердің дайындығын арттыруға күш жұмылдырылды.
Жаттығу барысына сәйкес, Тереңөзек кенті маңындағы шартты «Мақсат» шаруа қожалығында екі бас ірі қара малдан аусыл ауруына тән клиникалық белгі анықталған. Атап айтқанда, жануарлардың дене қызуы көтеріліп, ауыз қуысы мен тұяқ аралықтарында күлдіреуік тәрізді зақымдану байқалған. Шартты хабарлама түскеннен кейін ветеринариялық мамандар оқиға орнына жедел жетіп, эпизоотиялық зерттеу жұмысын жүргізді. Ауруға күдікті малдан биологиялық сынама алынып, зертханалық тексеруге жөнелтілді. Шаруашылық аумағында уақытша шектеу шарасы енгізіліп, ауру ошағын оқшаулау, залалсыздандыру және жануарлардың қозғалысын бақылау жұмысы ұйымдастырылды.
Практикалық бөлім кезінде карантин енгізу тәртібі, ветеринариялық бекеттерді орналастыру, халық арасында түсіндіру жұмысын жүргізу және мемлекеттік органдардың бірлескен іс-қимыл тетігі тәжірибе жүзінде пысықталды. Кез келген қатысушы шартты жағдайға сәйкес өз міндетін атқарып, төтенше жағдай туындаған кездегі әрекет алгоритмін нақтылады.
Мамандардың айтуынша, мұндай оқу-жаттығулар ветеринариялық қызметтердің кәсіби дайындығын арттырып, аса қауіпті аурулар тіркелген жағдайда жедел әрі тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Ақтоты ӨТЕПБЕРГЕНОВА











