Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлем чемпионаты: Бүгін алаңға кімдер шығады?

Әлем чемпионаты: Бүгін алаңға кімдер шығады?

Бүгін әлем чемпионатының J тобында Аргентина мен Австрия құрамалары екінші тур аясында өзара күш сынасады. Сондай ақ турнир фавориттері Франция, Норвегия құрамалары да алаңға шығады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Астана уақытымен сағат 20:00-ге жоспарланған Аргентина мен Австрия арасындағы кездесу АҚШ-тың Даллас қаласында өтеді. Ойынға мысырлық маман Амин Омар төрелік етеді.

Екі құрама өз тарихында үшінші рет кездескелі отыр. Бұған дейін өткен ойындарда Аргентина бір рет жеңіске жетсе, бір матч тең есеппен аяқталған.

Топтық кезеңнің бірінші турында Аргентина Алжир құрамасын 3:0 есебімен жеңсе, Австрия Иорданиядан 3:1 есебімен басым түскен еді.
23 маусымға қараған түні сағат 02:00-де Франция мен Ирак құрамалары ойнайды. Матч АҚШ-тың Филадельфия қаласындағы «Lincoln Financial Field» стадионында өтеді.

I тобындағы алғашқы ойында Франция Сенегалды 3:1 есебімен жеңсе, Ирак Норвегияға 4:1 есебімен есе жіберген еді.


Сондай-ақ I тобында Норвегия мен Сенегал құрамалары да өнер көрсетеді. Кездесу 23 маусым сағат 05:00-ге жоспарланған.

Ал сағат 08:00-де Алжир мен Иордания кездеседі. Матч АҚШ-тың Санта-Клара қаласындағы «Levi’s Stadium» аренасында өтеді.

Еске сала кетейік, әлем чемпионатының матчтарын «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары тікелей эфирде көрсетеді. Сонымен қатар ойындар qazaqstan.tv, qazsporttv.kz ресми сайттарында, «Qazaqstan.tv» мобильді қосымшасында және «Birge.tv» платформасында онлайн форматта қолжетімді болады.

Фото: sportilinet.kz
22 маусым 2026 ж. 44 0