Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда зейнетке шығудың жаңа ережелері ұсынылды

Қазақстанда зейнетке шығудың жаңа ережелері ұсынылды

Қазақстанда зейнетке шығу тәртібін қайта қарау ұсынылып отыр. Енді зейнетке шығу кезінде адамның жасы ғана емес, 40 жылдық еңбек өтілі де ескерілуі мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бұл бастамалардың барлығы әзірге талқылау сатысында. Нақты шешім қабылданған жоқ.

Министрлік зейнетақы жүйесін ұзақ мерзімде қаржылық тұрғыдан тұрақты ету және азаматтарға зейнетке шыққаннан кейін жеткілікті төлем беру жолдарын қарастырып жатыр. Осы мақсатта мемлекеттік органдар, сарапшылар мен салалық ұйым өкілдерінен тұратын арнайы жұмыс тобы құрылған.

Талқылаудағы ұсыныстардың бірі — зейнетақы төлемін адамның орташа табысы мен еңбек өтіліне байланысты есептеу. Яғни, азаматтың елдегі медианалық жалақыға шаққандағы табысы және жүйеге қатысу ұзақтығы ескерілуі мүмкін.

Бұдан бөлек, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын бөлу тәртібін өзгерту ұсынылды. БЖЗҚ нұсқасы бойынша, жарнаның 4 пайызы қызметкердің жеке шотына, ал 1%-ы ортақ сақтандыру бөлігіне бағытталуы мүмкін. Бұл компонент азаматқа зейнетке шыққаннан кейін өмір бойы төлем алуға мүмкіндік беруге тиіс.

Сондай-ақ сенатор Амангелді Нұғмановтың 40 жылдық еңбек өтілін зейнетке шығу шарттарының бірі ретінде енгізу туралы ұсынысы қаралып жатыр. Әсіресе бюджеттік салада 40 жылдан астам жұмыс істеген азаматтарға зейнетке шығу мерзімін икемдірек белгілеу мүмкіндігі ұсынылған.

Министрлік бұл ұсыныстардың әзірге кеңес сипатында екенін атап өтті. Қандай да бір шешім қабылданбас бұрын олардың қаржылық негізділігі, әлеуметтік тиімділігі және азаматтарға ықтимал әсері жан-жақты бағаланады.

Айта кетейік, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда базалық және ынтымақты зейнетақы 10% индекстелді. Базалық зейнетақының ең жоғары мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 110%-дан 118%-ға дейін өсті. 2027 жылы бұл көрсеткішті 120%-ға жеткізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасы кезең-кезеңімен өсіп келеді. 2026 жылы оның мөлшерлемесі қызметкер табысының 3,5%-ын алады, ал 2028 жылға қарай 5%-ға дейін жетуге тиіс.

Фото: Freepik.com
19 маусым 2026 ж. 30 0