Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№45 газет

16 маусым 2026 ж.

№44 газет

13 маусым 2026 ж.

№43 газет

09 маусым 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » Тариф бағасы өседі

Тариф бағасы өседі

Елімізде алдағы жылдары коммуналдық қызмет тарифтері кезең-кезеңімен өседі. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, тарифтердің өзгеруі коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға, қызмет сапасын арттыруға және табиғи монополия субъектілерінің шығындарын өтеуге бағытталған. Күнделікті ауызсу, жарық, жылу секілді коммуналдық қызметтің өсуі – едәуір алаңдатарлық мәселе.

Соңғы жылдары елімізде ком­му­налдық инфрақұрылымның тозу деңгейі өзекті мәселенің біріне айналды. Сарапшылардың пікірінше, жылу, электр энергиясы, су және кәріз жүйелерінің бірқатары ұзақ жыл бойы күр­делі жөндеуді қажет етіп келеді. Сондықтан мемлекет тарапынан аталған салаларды жаңғыртуға бағытталған жұмыс қолға алынып, қаржыландыру тетігі қа­рас­тырылуда.

Комитет төрағасы Тимур Қосымбаевтың айтуынша, та­риф­­тердің көтерілуі ең алды­мен опера­циялық шы­ғындарды инфляция деңгейіне сәйкес индекстеуге және стра­те­гия­лық маңызы бар тауарлар бағасының өзгеруіне байланысты. Коммуналдық кәсіпорын­дардың техникалық базасын жаңарту мен күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін де қосымша қаражат қажет.

– Негізгі қағида – бір мезетте ірі көлемдегі қаражатты тартып, оны ұзақ мерзім ішінде өтеу. Сондықтан тарифтер бірден емес, кезең-кезеңімен өседі. Бұл тұрғындарға түсетін қаржылық жүктемені біршама жеңілдетуге мүмкіндік береді, – деді комитет төрағасы.

Комитет мәліметінше, егер ірі инфрақұрылымдық жөндеу жұмыстарының құны шамамен 5 миллиард теңгені құраса, оның толық сомасы бірден тарифке енгізілмейді. Мәселен, алғашқы жылы тариф құрамына тек 500 миллион теңге көлеміндегі шығын ғана қосылады. Мұндай тәсіл тарифтердің күрт өсуіне жол бермей, шығындарды бірнеше жылға бөліп өтеуге мүм­кіндік береді. Жоспарланған өзге­рістерге сәйкес, жылумен жаб­дықтау тарифтері алдағы жылдары кезең-кезеңімен өседі. Атап айтқанда, 2026 жы­лы тарифтер 10 пайызға, 2027 жылы 17 пайызға, ал 2029 жылы 11 пайызға дейін ұлғаяды деп болжануда. Нәтижесінде, 2029 жылға қарай жылумен жабдықтау қызметтерінің жиын­тық өсімі шамамен 65 па­йызды құрауы мүмкін.

Электр энергиясымен жаб­дықтау саласында да осындай үр­діс сақталады. Алдын ала болжам бойынша, электр тарифтері 2026 жылы 11 пайызға, 2027 жылы 14 пайызға, 2028 жылы 15 пайызға және 2029 жылы 16 пайызға өседі. Жалпы алғанда, төрт жыл ішінде электр энергиясы тарифтерінің жиынтық өсімі 70 пайызға жуықтауы ықтимал.

Мамандардың айтуынша, тариф­­тердің көтерілуі ком­му­нал­дық қызмет сапасын жақ­сар­туға, апатты жағдайлардың алдын алуға және халыққа үздіксіз қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Өйткені тозығы жеткен ин­же­нерлік желілерді жаңарту мен күрделі жөндеу жұмыстары қомақты қаржыны талап етеді. Дегенмен ком­муналдық тө­­лемдердің қымбаттауы тұр­ғындардың тұрмыстық шы­ғын­дарына да әсер ететіні анық. Сондықтан Үкімет тарапынан халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау шараларын жетілдіру, тұрғын үй көмегін көрсету және коммуналдық төлемдер бойынша жеңілдік тетіктерін қарастыру мәселесі де назардан тыс қалмайды. Сарапшылар коммуналдық саладағы реформалардың түпкі мақсаты – тұрғындарды сапалы әрі тұрақты қызметпен қамтамасыз ету екенін айтады. Осыған байланысты тарифтердің кезең-кезеңімен өсуі бір жағынан инфрақұрылымды жаңғыртуға мүмкіндік берсе, екінші жағынан халыққа түсетін салмақты бір­тіндеп реттеуге бағытталған.

Б.ҚАРАМАНТЕГІ
16 маусым 2026 ж. 41 0