Соңғы екі жылда Қазақстанда 217 келешек мектебі ашылды
Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте елімізде 2023-2025 жылдары іске асырылған «Келешек мектептері» ұлттық жобасының нәтижелері туралы баяндады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.Жобаның басты мақсаты – үш ауысымды оқытуды жою, оқушы орындарының тапшылығын жою және апатты жағдайдағы мектептерді жаңарту. Сонымен қатар жоба білім беру инфрақұрылымын жаңа модельге көшіруге бағытталған. Бұл модель халықаралық стандарттарға сай, заманауи, қауіпсіз және функционалды оқу ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді, - деді вице-министр.
2024-2025 жылдары жоба аясында 217 жаңа мектеп салынды, бұл шамамен 460 мың оқушы орнына есептелген:
2024 жылы – 105 мектеп;
2025 жылы – 112 мектеп.
Жобаны жүзеге асыру арқылы жүйелі маңызды нәтижелерге қол жеткізілді:
52 үш ауысымды және 12 апатты мектептің мәселесі шешілді;
100-ден астам мектептегі оқушы орындарының тапшылығы жойылды.
Фото: BAQ.KZ архив/Артём Чурсинов










