Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Толымды жобалары мен жарқын жетістіктер»: Қорқыт ата университеті үздік нәтижелерін бөлісті

«Толымды жобалары мен жарқын жетістіктер»: Қорқыт ата университеті үздік нәтижелерін бөлісті

Жылан жылы - Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті үшін толымды жетістіктер мен жоспарлардың жүйелі жүзеге асуымен құнды. Сонымен Сыр өңірінің басты білім ордасында қай бағыт бойынша өсу байқалады? Жалпы аймақ экономикасына қосқан үлесі қандай? Сандарды сөйлетіп, саралап көрсек. Stan.kz

2025 жылы Қорқыт ата университетінің ең басты жетістігі – "QS Stars Rating System" халықаралық рейтингте "4 жұлдыз" иеленуі. Жоғары оқу орнына түрлі талаптар бойынша бағалауды тәуелсіз аудиторлар жүргізді. Сенімді басқару, сабақ беру үдерісіндегі жаңашылдық, инфрақұрылым, түлектердің жұмыспен қамтылуы, “Энергетика” бағытындағы бағдарламаны жүзеге асыру, академиялық ұтқырлық, қоршаған ортаны қорғау, жаһандық байланыс және инклюзивті білім берудегі теңдік пен даму көрсеткіші бойынша университет Азия құрлығы мен әлемдік рейтингтерде үздіктер қатарына кіріп отыр.  


Қорқыт ата университеті Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты даму қағидаттарына негізделген "Times Higher Education Impact Rankings, QS WUR Sustainability Ranking, UI Green Metric Word University Ranking" секілді әлемдік 3 рейтингке де енді. 

2025 жылы студенттер контингенті 11 673 адамды құрап, 5 жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда  2,2 есе көбейді. Сыр бойындағы білім ордасында  Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Солтүстік-Қазақстан, Түркістан, Жетісу, Ұлытау облыстары мен Астана және Шымкент мегаполистерінен келген жастар білім алады. Сонымен қатар ағымдағы жылы университетте білім нәрімен сусындау үшін Түрікменстан, Өзбекстан, Қытай, Моңғолия және Ресейден 300-ден астам шетелдік келді.

Білім ордасы ғылым саласы бойынша да серпіліс жасады. Мәселен, жеке компаниялармен бірлесіп жүргізілген ғылыми-зерттеу гранттық жобаларынан түскен табыс соңғы 5 жылда 7,7 есе өсті. Бұл жергілікті ғалымдарға шетелдік серіктестермен заманауи зертханаларда ортақ зерттеу жүргізуге, әлемге танымал баспасөз беттеріне мақала жариялауға мүмкіндік беріп отыр.  

Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен Сыр өңіріне жаһанның озық білім ордаларынан ғалымдар келді:
  • Оксфорд университеті (Ұлыбритания): зерттеу аймағы – зооархеология; 

  • Лузофон университеті (Португалия): зерттеу аймағы – нанотехнология, медицина және физикалық химия; 

  • Сакария универсиеті (Түркия): зерттеу аймағы – физикалық және полимерлі химия, биологиялық белсенді бірігулер;

  • Паханг Әл-Сұлтан Абдуллах (Малайзия): зерттеу аймағы – оқу-ағарту ісіндегі жасанды интеллект, геймификация;   
Қорқыт ата университетінде жас ғалымдарды қолдауға ерекше мән беріледі. Мәселен, биыл 20 жас ғалымның ғылыми жобаларын іске асыру үшін 30 млн. теңге берілді.   

2025 жылы "Horizon EU, Эразмус+, LUPIC" келісімі аясында Жапонияның Мэйдзи, Португалияның Лузофон, Оңтүстік Кореяның СеулТех, Түркияның Мардина университеттері ғалымдарымен 8 халықаралық жоба жүзеге асырылды. 

Ағымдағы жылы сондай-ақ сырбойылық ғалымдар ғылыми диссертация қорғау бойынша рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп, 16 адам (PhD) ғылым докторы және ғылым кандидаты атанды. Қорқыт ата университетінің қос ғалымы Ресейдің Қазан федералды университетінде қорғап шықты. Олар сондай-ақ мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған "500 ғалым" жобасы стипендианттарының қатарынан көрінді. 

Қорқыт ата университеті сондай-ақ Қытайдың озық білім беру орталықтарымен тығыз байланыс орнатып, Қазақстан Республикасындағы Бас консулдықтың қолдауымен 15 оқытушы өндірістік желілерде ғылыми тағылымдамадан өтіп келді. Келер жылы мемлекет қаржыландыратын "Ғылыми тағылымдама" бағдарламасы аясында 2 ғалым АҚШ пен Ұлыбританияға барады. 

2025 жылы Арал теңізінің құрғаған ұлтанындағы экожүйені қалпына келтіруге бағытталған жоба бастау алды. Экологиялық жобаны Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, Берклидегі Калифорния университеті және халықаралық Аралды құтқару қорының атқарушы дирекциясы және Болат Өтемұратовтың қоры жүзеге асырады. 2026 жылдың көктемінде арнайы зерттелген 1 га аумаққа сексеуіл тұқымы дронмен себіледі. Егер өскін шығымы 20% асса, 2027 жылы көгалдандыру аумағы 50 гектарға дейін ұлғайтылады. 


30 желтоқсан 2025 ж. 44 0