Облыстық семинар өтті
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбие-білім беру процесінде баланың мектепте оқуға физикалық, психологиялық, эмоционалдық, әлеуметтік дайындығы үшін тең бастапқы мүмкіндіктер құрылады, деп хабарлады Syrboyi.kz.
«Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша филиалының ұйымдастыруымен «Сыр шуағы» IT бөбекжай-бақшасында «Мектепалды даярлық сыныптары – балалардың білім алуға бейімделуінің тиімді педагогикалық факторы» тақырыбында мектепалды даярлық топтары/сыныптары педагогтеріне арналған облыстық семинар өткізілді.
5 жастағы балалардың оқуға дайындығын қамтамасыз ету үшін мектепалды даярлық топтары/сыныптары мұғалімдерінің кәсіби құзыреттілігін дамыту.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды дамыту моделін жүзеге асыруға бағытталған іс-тәжірибелерді насихаттау мақсатында өткізілген тәжірибе алмасу семинары барысында «Сыр шуағы» IT бөбекжай-бақшасының тәрбиешілері мен педагогтері кіріктіріліп ұйымдастырылған ойын іс-әрекеттерін, ойын арқылы баланың танымдық дағдысын дамытуға арналған әдістемелік кейстер өткізіп, қызықты сурет салу әдістерімен бөлісті.
Семинардың екінші бөлімінде Қазалы ауданындағы №11 «Балапан» бөбекжай-бақшасының мектепалды даярлық топ тәрбиешілері ұсынған заттық кеңістіктік дамытушы ортаның материалдарынан көрме, тәжірибелік жұмыстар көрсетілді.
Сонымен қатар «Мектеп жасына дейінгі балалардың біліктері мен дағдыларының дамуына аралық, қорытынды, бастапқы мониторинг жүргізу нәтижелері», «Мектепалды топтарында заттық дамытушы ортаны ұйымдастыру», «5 жастағы балалардың дағдыларын дамытудағы ойындардың рөлі» тақырыптарында үздік баяндамалар тыңдалып, педагогтер тәжірибелерін ұсынды.
Семинар қорытындысы бойынша ұсынымдар қабылданып, сұрақ-жауап арқылы пікір алмасу болды. Семинарға қатысқан барлық педагогтерге сертификаттар, тәжірибелік жұмыс көрсеткен педагогтерге Құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табыс етілді.
Семинар жұмысының қорытындысы бойынша алдағы уақытта электронды жинақ шығарылады.«Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша филиалының қолдауымен мектепалды даярлық топтары/сыныптары педагогтерінің қызметін әдістемелік қолдауға, құзыреттілік деңгейін арттыруға, тәжірибе алмасуға және курстан кейінгі сүйемелдеуге бағытталған шаралар жыл бойы жалғасатын болады.