«7-20-25» бағдарламасындағы өзгеріс: енді баспананың шекті құны 30 миллион теңгеге дейін көбейді
Қазақстан Ұлттық банкі «7-20-25» ипотекалық тұрғын үй кредиттеу бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін хабарлады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Тиісті қаулы 2025 жылғы 26 қыркүйекте қабылданған. Жаңа талаптарға сәйкес:
- Астана, Алматы және олардың маңайындағы аймақтарда, сондай-ақ Ақтау, Атырау және Шымкент қалаларында сатып алынатын тұрғын үйдің ең жоғары құны 25 миллион теңгеден 30 миллион теңгеге дейін көтеріледі;- Қарағанды қаласында шекті баға 20 миллион теңгеден 25 миллион теңгеге дейін өседі;- Басқа өңірлер үшін ең жоғары құн 15 миллион теңгеден 20 миллион теңгеге дейін артады.
Сонымен қатар енді қарыз алушыларға төлем қабілетін растау үшін тең қарыз алушыдан бөлек кепілгерді тартуға да мүмкіндік беріледі. Ал несиелік өтінімді қарау кезінде қарыз алушының кірісі тұрақты болуы міндетті шарт ретінде белгіленді.
Ұлттық банк бұл түзетулер тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыруға және ипотекалық несиелеу жүйесінің икемділігін күшейтуге бағытталғанын мәлімдеді. Бағдарламаның өзге талаптары өзгеріссіз қалады.
Еске сала кетейік, «7-20-25» бағдарламасы 2018 жылы іске қосылған. Оның мақсаты – жұмыс істейтін азаматтарды бастапқы жарнасы 20%-дан, жылдық мөлшерлемесі 7%-дан басталатын және мерзімі 25 жылға дейінгі жеңілдетілген ипотекамен қамтамасыз ету.
2025 жылғы 2 қазандағы жағдай бойынша,п бағдарлама аясында 81 886 жеңілдетілген несие беріліп, олардың жалпы сомасы 1 трмллион 149,7 миллиард теңгеге жеткен.
Фото: Айқын