Жетінші бағыт: бағдардан айнымай, алға қадам басамыз

Расында да қай елдің болсын білім саласы ел өркендеуінің негізі болып табылады. Осы орайда білім мен ғылымды жетілдірудің мәні мен маңызы зор. Президент «Келешек мектептері» ұлттық жобасын тілге тиек етіп, білім саласына цифрлық технологияларды кеңінен енгізу қажеттігін айтты. Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасымен 100 мыңға жуық студентті жоғары технологиялық жобаларға тартуды көздейтін Al-Sana бағдарламасы жүзеге асырылуда. Десек те жасанды интеллектімен жұмыс істеу қабілетін бала бойына ерте бастан, мектеп табалдырығынан игерту маңызды.
«Осыған орай бірқатар бастаманы жүзеге асырған жөн. Ең алдымен, мектеп оқушыларына арналған жасанды интеллект негіздері туралы бағдарлама және оқу материалдарын әзірлеу қажет. Ұстаздардың жасанды интеллект технологиясын меңгеру дағдысын да қалыптастыру керек болады. Қашықтан оқыту тәсілі және жасанды интеллект технологиясы негізінде «Qazaq Digital Mektebi» атты шағын жинақты мектеп үлгісін әзірлеуіміз қажет. Мұндай платформа ауылдағы оқушыларды сапалы оқу тәсілдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді» деді Президент.
Елдегі ғылым мен білім сапасын арттыру – кезек күттірмейтін мәселе. Бұл орайда Президент шетелден мықты мамандарды ұлтына қарамастан көбірек тартудың маңызды екенін айтты. Сондай-ақ қандай да жағдаймен шетелде жүрген, елімізді дамытуға үлес қосатын ел азаматтарын елге қайтаруға тиімді жағдай жасау да маңызды. «Білікті, саналы адамдар – ұлттық экономиканың арқауы, ел болашағының кепілі» деді Президент.
Сондай-ақ Жолдауда өз мамандығы бойынша жұмыс жасаудан қашатындар да сөзге тиек болды. Расында жылына қаншама маман жоғары білім алып шыққанымен, нағыз кәсіби мамандар жетіспеушілігі әлі де байқалады. Бұған себеп – азаматтардың нақты бір білімді қажет етпейтін, айлық табысы тиімді жұмыстарға бет бұруы. Еңбектің, жұмыстың қай түрі де бағалануы тиіс. Бірақ нағыз кәсіби маман ешқашан өз биігінен түспесі анық. Біліктілігі жоғары маман қай жерде де бағаланады. «Экономиканың нақты саласында жұмыс істеуге ұмтылғаны жөн. Осыған мемлекет қажетті жағдай жасауы керек. Жұмысшы мамандықтарына деген құрметті арттыра түсуіміз керек. Оларға лайықты жалақы төлеу қажет. Бұл – мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі» деді Президент бұл орайда.
Тағы бір мәселе ретінде әлеуметтік төлемдердің біріздендірілмеуі туралы айтылды. Иә, «қазақ десе, өзіңе тиеді» дегендей, бір жерде пайда бар десе, үдере көшу көпшілікке тән қасиетке айналып отырғаны қынжылтады. Әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға берілетін әлеуметтік төлемдерді құйтұрқылықпен алғысы келетіндер бар. «Таяқтың екі ұшы бар». Толық емес отбасылар үшін жеңілдікке мұқтаж адамдар санаты енгізілгенде, оңай көмекке қол жеткізу үшін ажырасушылар саны күрт артқан. Есесіне, еліміз бұл көрсеткіш бойынша көш бастап, әлемдік деңгейде төмендеген еді. «Мемлекет өзінің негізгі міндеттерін орындаудан бас тартпайды. Бірақ әлеуметтік жеңілдіктерді қолдан көбейту – елді дамытуға, яғни мектеп, аурухана, көлік инфрақұрылымдарын және басқа да нысандар салуға жұмсалуы қажет қыруар қаражатты желге шашу деген сөз» деді Мемлекет басшысы саладағы мәселелерді сөз ете келіп. Сондай-ақ азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру, «АMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталды.
Сондай-ақ медицина, фармацевтика, денсаулық сақтау салаларындағы түйіткілді мәселелер сөз етілді. Аталған салаларда жұмыс жүйелі жолға қойылып келе жатқанымен, әр салада жасанды интеллектті дамытудың маңызы зор екенін Президент нақты айтып, Үкімет алдына тапсырмаларды жүктеді. Сонымен қатар жол қауіпсіздігі, қоғамда даулы мәселеге айналып отырған электросамокат жүргізушілері, мәдениет, бұқаралық спорт салалары назардан тыс қалмады. Президент әр саланың жетістіктері мен тиісті жұмыстарына тоқталып өтті.
«Мен жариялаған міндеттер Қазақстанның одан әрі қарқынды дамуы үшін айрықша маңызды. Олар елімізді цифрлық жаңғырту ісімен тығыз сабақтасып жатыр. Жасанды интеллектіні жаппай енгізу және жаппай цифрландыру еліміздің барлық саладағы әлеуетін еселеп арттырады. Біздің стратегиялық бағдарымыздың ең басты қыры осы болуға тиіс» деді Президент.
Еліміз жан-жақты реформалардың арқасында дамудың даңғыл жолына түсіп келеді. Алда Жолдауда туындаған мәселелерді нағыз іс жүзіне айналдыру мәселесі күтіп тұр. Еліміз бағдарынан айнымай, тек алға қадам баса бермек.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ