Аймақ басшысы БҰҰ өкілі Саранго Раднарагчамен кездесті

«2023 жылдың желтоқсанында Дубайда өткен Климат жөніндегі дүниежүзілік саммитте Мемлекет басшысы Арал теңізі мәселесіне ерекше назар аударып, халықаралық қауымдастықты Аралды құтқару халықаралық қорын қолдауға шақырды. Құм көшкінінің алдын алудың тиімді жолы – жергілікті климатқа бейімделген өсімдіктерді, әсіресе сексеуіл егу. Бүгінде халықаралық қорлардың қолдауымен теңіз табанына сексеуіл егу жұмыстары қарқынды жүруде. Өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімдігі БҰҰ Даму бағдарламасына жалпы құны 25 миллион АҚШ долларын құрайтын жобалар тізімін ұсынды. Бұл жобалар экология, су және табиғи ресурстарды басқару салаларын қамтиды», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Кездесуде Саранго Раднарагча Қызылорда облысымен тығыз әріптестік орнатуға және бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екенін білдірді.
Айта кетейік, облыс Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасымен тығыз ынтымақтастық орнатқан. Әсіресе, әлеуметтік жобалар аясында жастардың білімін арттыру, тәжірибе жинақтау мүмкіндіктерін кеңейту бағытында оқыту курстары, тренингтер мен шеберлік сабақтары тұрақты өткізіліп келеді.
@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі