Әсемдігі жарасқан теңдессіз қала

Биыл Астана қаласына бірнеше мемлекет басшылары мен министрлер арнайы іссапармен келді. Мәселен, ақпан айында Иордания Королі Абдулла II, Оман Сыртқы істер министрі Сайид Бадр аль-Бусаиди, Түрікменстан сыртқы істер министрі Рашид Мередов, мамыр айында Вьетнам ҚХП Бас хатшысы То Лам, Германия Бас кеңесі президенті Анке Релингер, Солтүстік Македония Президенті Гордана Сильяновска-Давкова және Хорватия Премьер-министрі Андрей Пленкович, Руанде Президенті Поль Кагаме, Италия Премьер-министрі Джорджия Мелони елордамызға атбасын бұрды. Ресми іссапарда құрметті меймандар инвестициялар мен сауда байланысын кеңейту, технология және мәдениет саласындағы ынтымақтастық талқыланды. Өзге де саяси көптеген мәселе қамтылды. Астанада өткен «Қытай – Орта Азия» саммиті негізінде Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин елімізде болып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге сауда, инвестиция, теміржол, порттық инфрақұрылым, құқық қорғау және қорғаныс салаларында келісімдерге қол қойды. Самит қорытындысы аясында «Мәңгілік тату көршілік және ынтымақтастық» туралы келісім жасалды. Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары маңызды құжаттарға қол қойып, елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға уағдаласты.
«Астана – болашағы зор қала. Осы орайда, біз «жасыл қала» идеясын жүзеге асыруға айрықша мән береміз. Елордамыз, ең алдымен, тұрғындарға ыңғайлы қала болуы керек. Астана – аймақтағы ірі қаржы орталығы… Әлемдік саясатшылар Астананы бейбітшілік алаңы дейді… Келешекте де Астана біздің геосаяси аймақтағы маңызды орталық ретінде дами бермек. Мен бұған кәміл сенемін», – дейді Мемлекет басшысы.
Міне, қазақ елінің астанасы әлем көз тіккен, ерекше мәртебеге ие қала санатында. Қала жылдан-жылға өсіп, жаңарып келеді. Инфрақұрылымы, цифрландыру деңгейі, қоғамдық көлік жүйесі, экологиялық жобалары, жасыл желекке айналған саябағы – Астананы өмір сүруге жайлы әрі келешегі зор қала етеді. Астанада көптеген жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары орналасқан. Сондай-ақ Ұлттық музей, Астана Опера, Көркемөнер галереялары қала мәдениетінің дамуына үлес қосуда.
Астана – еліміздің жүрегі, болашағымыздың бастау көзі. Қала – адамның арманы мен еңбегінің жемісі, ал Астана – Қазақстанның жаңа заманға бет бұруының символы десек, қателеспейміз.
Балтабай ОРДАБЕКОВ
Фото: Ашық дереккөзден