Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтқан басқа да маңызды сөздері

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтқан басқа да маңызды сөздері

– Үкімет білім мекемелеріндегі тәрбие жұмысын қайта зерделеп қарауы керек. Жас ұрпақты заңды сыйлауға үйрету мәселесіне баса мән берген жөн. Балалар мектептен «Адал азамат» болып шығуы қажет.

– Бүгін мен «Заң және тәртіп» апталығын жариялауды ұйғардым. Алдағы жеті күн құқықтық мәдениетті нығайтуға, сондай-ақ құқық қорғау органдарының абырой-беделін арттыруға арналуы керек.

– Менің тапсырмаммен «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» Заң жобасы әзірленіп, Мәжілістің қарауына берілді. Жаңа заң аталған саладағы мемлекеттік саясатты біріздендіріп, профилактикалық шаралармен қамтылатын тұлғалардың санатын кеңейтеді.

– Заңнамалық өзгерістермен қатар, ұйымдық құрылымды да жаңғырту қажет. Ішкі істер министрлігі жүйесінде профилактикалық жұмыстарды үйлестіретін дербес бөлімше құратын уақыт келді.

– Қылмысқа көбінесе тұрмысы нашар отбасыдан шыққан адамдар барады. Алдын алу шараларын жүзеге асырғанда дәл осы санатқа айрықша назар аударған жөн.

– Жасанды интеллект пен «үлкен дерекқор» мүмкіндіктерін жұмылдыру қажет. Көп ұзамай іске қосылатын суперкомпьютерімізді осы мақсатта пайдалануға болады.

– Бұдан бөлек, «Қауіпсіз қала» ұлттық платформасын іске қосу керек. Бұл – қаладағы бейнебақылау құралдары енді адамның бет-жүзін анықтап, оның жүріс-тұрысына талдау жасап, көшедегі көлікті де есепке алады деген сөз.

– Азаматтарымыздың жеке мәліметтерінің сенімді жерде сақталуын қамтамасыз ету өте маңызды. Халықтың қаржылық сауатын арттырып, қоғамда алаяқтардың әрекеттеріне иммунитет қалыптастыру үшін барлық деңгейдегі депутаттармен бірлескен жұмысты күшейткен жөн.

– Үкіметке уәкілетті органдармен бірлесе сим-карталарды сату тәртібін реттеуді және оларды таратқаны үшін мобильді операторлардың жауапкершілігін күшейтуді тапсырамын.

– Биыл Конституцияның қабылданғанына 30 жыл толады. Осыған орай, құқық қорғау құрылымдары, депутаттар мен құқық қорғаушылар сотталған азаматтарға рақымшылық жасау туралы бастама көтерді.

– Парламент тиісті заңды қарады, мен бұл заңға қол қойдым. Осы ізгі шараның арқасында жазасын өтеп жатқан 15 мыңнан астам адамға амнистия жарияланды.

– Мемлекет шалыс қадам басқан азаматтан теріс айналмайды, тек оның тура, дұрыс жолға түсуіне жәрдем береді.

– Жазасын өтеп жүргендерді қалыпты өмірге дайындаудың тағы бір тиімді жолы – еңбекпен, яғни, жұмыспен қамту. Бұл бағытта біраз түйткілдер бар, нақты шаралар қолдану керек.

@ptrkkz
23 маусым 2025 ж. 141 0