Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өңірлік дамудың өзекті мәселелері мен инвестициялық жобалардың орындалу барысы талқыланды

Өңірлік дамудың өзекті мәселелері мен инвестициялық жобалардың орындалу барысы талқыланды

ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланған мәжіліс өтіп, оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты. Басқосудан кейін аймақ басшысының төрағалығымен өткен мәжілісте жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктелді.

«Жеке инвестиция көлемін ұлғайтуда ірі жобаларды іске асыру үшін бюджеттен тыс көздерден инвестиция тартуды күшейтіңіздер. Мұнай өндіру саласындағы жағдай күрделі. Дегенмен, өсімнің қосымша көздерін іздестіру қажет. Мұнай-газдан басқа әлеуеті жоғары салаларды айқындап, инвестиция тарту, жұмыс орындарын ашу, табыс көзін арттыру шараларын ұйымдастырыңыздар.

Әр жобаны жеке бақылауға алып, туындаған мәселелерін қолданыстағы заңнама аясында шешу керек. Іске асырылу сатысындағы жобаны «қолмен басқаруға» алыңыздар. Басталған жобаларды аяғына дейін жеткізу, жаңаларының құрылысын бастау, проблемалық мәселелерін шешу, мемлекеттік қолдау шараларын көрсету арқылы өңірде кәсіпкерлікті дамытып, инвестиция көрсеткішінің жоспарын орындауымыз қажет.

Цифрлық платформаға енгізілген жобалардың Жол картасына сәйкес жұмыстардың мерзімінде орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырамын.

Оған «Қазақинвест» акционерлік қоғамының өңірлік филиалы, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлік палатасы белсенді қатысуы талап етіледі. Инвестиция тарту индикаторының толық орындалуын қамтамасыз етіңіздер», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Айта кету керек, 2025 жылдың 4 айында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуында өсім қалыптасты. Өнеркәсіп өндірісі 2,3 пайыз, өңдеу өнеркәсібі 23,6 пайыз, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2,3 пайыз, тартылған инвестициялар 15,3 пайыз, пайдалануға берілген тұрғын үйлер 3,4 пайыз, құрылыс жұмыстары 65,5 пайыз артты. Нәтижесінде қысқа мерзімді экономикалық көрсеткіш 105,5 пайыз болды.

@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

27 мамыр 2025 ж. 231 0