Жедел жәрдем: жаңа ереже

Денсаулық сақтау саласында медициналық көмектің бірін – жедел жәрдем қызметкерлері береді. Тәуліктің кез келген уақытында қоңырау шалып, көмек сұраған науқасқа алғашқы медициналық жәрдем көрсететін қызмет мамыр айынан бастап жаңа ережеге көшті. Жаңа ережеге сай жергілікті емхана жанынан мобильді бригада жұмыс істейді.
Қызметі ерекше, бастысы жылдамдық пен шыдамдылықты, кәсіби біліктілікті қажет ететін салада өз ісінің мамандары қызмет етеді.
Адам өмірі – мемлекеттің байлығы, баға жетпес қазынасы. Денсаулықтың сақшысы саналатын жедел жәрдем қызметі, алғашқы медициналық көмек дұрыс жасалған жағдайда адам өмірін сақтап қалуына мүдделі.
Сондықтан қателесуге мүлдем болмайтын салаға енген жаңа ереже туралы тұрғындарды ақпараттандыруды жөн көрдік.
Бұдан былай өмірге тікелей қауіп төндірмейтін жағдайлар кезінде шақыртуға жедел жәрдем емес, емхана жанындағы мобильді бригада қызмет көрсететін болады. Бұл шақыртуларды «төртінші санатты» деп атайды. Аталған санатқа жоғары қан қысымы, дене қызуы, жеңіл жарақаттарға байланысты шақыртулар жатады. Бастапқы үш санат бойынша науқастың жағдайы ескеріледі.
– Тұрғындар бұдан былай күндізгі уақыттан кешкі мезгілге дейін, таңертеңгі 8.00-ден 20.00-ге дейін емхана жанындағы мобильді бригаданың көмегін көретін болады. Бригада шақыртуға бір сағат уақыт аралығында келуге міндетті. Ал шұғыл жағдайда, бірінші, екінші және үшінші санатты шақыртуға жедел жәрдем 10-30 минутта жетуге тиісті. Шұғыл деңгейі бойынша жедел жәрдем мамандары межелі жерге тез жетуге тырысады. Түнгі уақытта және демалыс күндері барлық санаттағы шақыртуларға жедел жәрдем бригадасы барады, – дейді аудандық аурухананың бас дәрігері Жалғасбек Үсенов.
Айту керек, тұрғындар жедел жәрдем қызметін бұрынғыдай 103 нөміріне қоңырау шалып, тәулік бойы көмекке жүгіне береді. Жедел жәрдемге жүгіну тәсілі өзгермейді.
«Тт» ақпарат
Фото: Ашық дереккөзден