Жыл жетiстiктерге толы
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Жаналинов Данияр Еренғалиұлы облыстық денсаулық сақтау басқармасының 2024 жылды қорытындылау жиынына қатысуға және көпбейінді облыстық ауруханаға аймақ басшысының қолдауымен алынған медициналық құрал жабдықтарымен (МРТ, КТ, ангиограф) танысуға келді.
Алдымен жаңа аппараттар жұмысымен танысқан Данияр Еренғалиұлы алқа мәжілісіне төрағалық етті. Жиында аймақтың бас дәрігері Искаков Олжас Ермекұлы қатысушыларға алдымен күн тәртібіндегi қаралатын мәселелер мен сала бойынша атқарылуы тиiс жоспарларды таныстырды.
Алқа мәжілісінде Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасының 2024 жылғы жұмыс қорытындысы және 2025 жылға алға қойған міндеттері, жыл қорытындысымен негізгі индикаторлық көрсеткіштердің орындалу барысы бойынша медицина ұйымдарының қызметін бағалау рейтингісi, облыс бойынша ана мен бала денсаулығын сақтау жөніндегі өзекті мәселелер мен өткен жылы атқарылған шаралар туралы, 2024 жылы денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын дамыту және материалдық-техникалық жабдықталуы, медицина ұйымдарының қаржылық жағдайы туралы баяндалды.
Кездесу қорытындысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Еренғалиұлы саладағы атқарылған жұмыстарға он бағасын бердi.
Айта кетейік, өздеріңiзге белгілі өткен жыл жетiстiктерге толы болды.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында халыққа медициналық көмекті қолжетімді ету, ана мен бала денсаулығын сақтай отырып, өлім-жітім көрсеткішін төмендету мемлекетіміздің басты басымдығы екенін атап өткен болатын. Осы аралықта денсаулық сақтау саласында бірқатар кешенді жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштер көрсетiлсе, онкологиялық аурулар, туберкулез бен жарақаттану, халық арасындағы өлім-жітім мен мүгедектіктің себеп-салдарын анықтап, төмендетуге бағытталды.
Өткен жылы аймағымызда 17 873 нәресте дүниеге келді.
Өздеріңізге белгілі, медициналық көмектің сапасына кадрлардың қажеттілігі айтарлықтай әсер етеді. Мамандар тапшылығын азайту бағытында да өңірімізде кешенді іс-шаралар жүзеге асырылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы 2023 жылдан бастап жүзеге асырылуда.
2024 жылы жалпы құны 12,5 млрд. теңге қаржы бөлініп, денсаулық сақтау нысандарының құрылысы жүргізілді.
Сондай-ақ, денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету үшін 4,6 млрд. теңге бөлініп, медицина ұйымдары қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар, барлық елді мекендердегі денсаулық сақтау ұйымдарына 200 дана санитарлық автокөліктер алынып, ауылдық жерлерді санитарлық автокөлікпен қамту мәселесі түбегейлі шешілді.
Сыр медицинасындағы ауқымды жобалар мен игі жақсылықтардың барлығы халықтың денсаулығын жақсарту бағытында жүзеге асуда. Алдағы уақытта да тұрғындарға сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, медициналық қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар өз жалғасын табатын болады.