Ақпан тосын мінез танытпасын

Расында, әлемде жер көлемі бойынша тоғызыншы орын алатын еліміздің әрбір өңірінде климаттық өзгеріс көп. Солтүстік, оңтүстік, шығыс, батыс, орталық аймақтардағы ауа райының сан бағытта өзгеріске ұшырауы мал баққан көпшілікті әбігерге түсіретіні рас. Мәселен, осы айда «Қазгидромет» мәліметіне сүйенсек, Қазақстанның басым бөлігінде орташа ауа температурасы -10, -16°С төмендейді деп күтілуде. Сонымен қатар Атырау, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Жетісу, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе өңірлерінің оңтүстік-батысы мен Түркістан облысының солтүстік жартысында сынап бағасы -1, -9°С болады деген болжам бар.
Өз кезегінде еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын мол түсетіндігін айта кетейік. Бұл ретте, Маңғыстау мен Түркістанның басым бөлігінде, Атырау, Ақтөбе, Қостанайдың солтүстігінде, Солтүстік Қазақстанның солтүстік-батысында, Ұлытау облысының оңтүстік-батысында, Қызылорданың солтүстік жартысында, Жамбылдың оңтүстіс-батыс жартысында жауын-шашын нормаға жақын болады.
Ауыл шаруашылығы министрлігі ауа-райының күрт өзгеруіне байланысты мал шаруашылығымен айналысатын жұртшылыққа ескерту жасады.
– Осыған байланысты малды жылы және құрғақ қорада ұстау керектігін сұраймыз. Жем-шөп мөлшерін көбейтіңіз, өйткені суықта жануарлар дене температурасын ұстап тұру үшін көп энергияны қажет етеді. Жем-шөп қорын тексеріңіз, күн райының күрт өзгеруі жемнің қолжетімділігі мен сапасына әсер етуі мүмкін. Бұлақтың қатып қалуын болдырмаңыз және таза су беріңіз. Сонымен қатар малдың жағдайын тексеріп отырыңыз, – дейді Ауыл шаруашылығы министрлігі.
«Тт» ақпарат