Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақылы жолдар саны артады

Ақылы жолдар саны артады

Расында, жылан жылы бірнеше сала бойынша жаңалығымен келгені рас. Оның ішінде, көпшілік арасында қызу талқыға түскен бірқатар мәселе бар. Өз кезегінде ҚР Көлік министрлігі ақылы жолдардың санын арттыруға шешім қабылдады. Мәселен, 2,2 мың шақырымды құрайтын 10 жол учаскесі 2025 жылдың бірінші тоқсанында ақылы жолдар қатарына қосылады деп күтілуде.

Биылғы 26 қаңтардан бас­тап Қызылорда-Арал автожолы ақылы болып отыр. Негізінен, жолдың ұзындығы 455 шақырымды құрайды. Жалпы, автожол бойында төлем бекеті болмайды. Бұл ретте, ыңғайлы «ашық» төлем жүйесі енгізілген. Төлем жасаудың бірнеше әдісі қарастырылып, олардың қатарына интернет-банкинг, төлем терминалы, электрондық әмиян, ұялы телефон балансы, Е100 жанармай картасы арқылы және заңды тұлғалармен келісімшарт жасау қарастырылған. Тиісті министрліктің шешімі автобус­тар мен жүк көтергіш көліктерге тиесілі. Дегенмен, жеңіл автокөлік иелері аталған жолды тегін пайдаланады.

ҚР Көлік министрлігінің таратқан мәліметі бойынша биыл Қызылорда-Арал автожолынан бөлек, Ақтөбе-Мәртек, Қостанай-Троицк, Ақтау-Бейнеу, Қостанай-Денисов­ка, Шу-Бурылбайтал, Үшарал-Достық, Балқаш-Бурылбайтал, Қандығаш-Мақат, Тараз қаласының айналма жолы кіреді. Ақылы жолдардың көбеюі сан түрлі бағыттағы іс-шараны жүргізуге бағытталған. Ең бастысы, жол көлік қозғалысын реттеу, халықаралық тасымалдардың артуына байланысты, өнеркәсіп бағы­тын дамытуға, жолаушылар қауіпсіздігін сақтауға ерекше назар аударылады.

Өткен жылы елімізде 17 ақылы жолдан 48 миллиард теңге қаржы түскен. Қаржы республикалық маңызды жолдарды жөндеуге және арнайы техника алуға жұм­салады. «ҚазАвтоЖол» ҰҚ АҚ сапасыз салынған жолдарды анықтап, қайта қалыпқа келтірумен айналысады. Әрине, автожолдардың сапалы жөнделуі – адам өміріне төнген қауіпті азайтады.

– Елімізде ақылы жолдар саны артуда. Күнделікті жолаушы тасылмалдап, алыс-жақын қалаларға жолға шығатынымыз рас. Ақылы жолдармен жүргенімізде төлейтін қаражат көлемі есептеліп, ұялы телефонға келіп тұрады. Көпшілік қаражат төлеп отырғандықтан, жолдың сапасына аса мән береді. Жол-көлік оқиғасы салдарынан адам өмірімен қоштасып жатады. Мұндайда, жүргізуші жауапкершілігінен бөлек, жолдың сапасы да әсер етеді, – дейді Мұрат Жұмекешев.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
28 қаңтар 2025 ж. 115 0