Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » СЫРДАРИЯДАҒЫ ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ӨЗГЕ АУДАНДАРҒА ТӘЖІРИБЕ РЕТІНДЕ ЕНГІЗІЛЕДІ

СЫРДАРИЯДАҒЫ ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ӨЗГЕ АУДАНДАРҒА ТӘЖІРИБЕ РЕТІНДЕ ЕНГІЗІЛЕДІ


Сырдария ауданының этносаралық және конфессияаралық келісімді қалыптастыру бағытында атқарған жемісті жұмысы өзге аудандарға да тәжірибе ретінде енгізіледі. Бұл туралы облыс әкімі, облыстық ассамблея төрағасы Қырымбек Көшербаев Қызылорда облысының Қазақстан халқы ассамблеясының «Бес әлеуметтік бастама – қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» тақырыбындағы ХХI сессия­сында айтты. Аталған сессияда Сырдария ауданының әкімі Ғанибек Қонысбекұлы Қазантаев баяндама жасады.
Қызылорда облысының Қазақстан халқы ассамблеясының ХХI сессиясына облыстық ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестік жетекшілері мен белсенділері, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-нің ҚХА кафедрасының оқытушылары, студенттері мен магистранттары, зиялы қауым өкілдері, үкіметтік емес ұйым жетекшілері мен белсенділері, оқу орындарының басшылары және БАҚ өкілдері қатысты. Сессия жұмысы мемлекеттік Гимн­мен басталды. Сессияның күн тәртібінде бірнеше мәселе қаралды. Облыс әкімі, облыстық ассамблея төрағасы Қырымбек Елеуұлы Қазақстан халқы Ассамблеясы сарқылмас берекенің, ырысты ынтымақтың негізі екенін атап өтті. Сонымен бірге, ҚХА құрылған күннен бастап бейбітшілік ордасына айналып, толеранттылықтың ерекше үлгісін көрсете білгенін айтты.
Сессияда Сырдария ауданының әкімі, облыстық ҚХА мүшесі Ғ.Қазантаев баяндама жасап, соңғы жылдары ауданда атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды.
– Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қайраткерлігінің арқасында Қазақстанда Тәуелсіздік жылдарында этносаралық жанжал мен қоғамның бөлінуіне жол берілген жоқ. Еліміз барлық ұлт пен ұлыстың бейбітшілік ордасына айналып, толеранттылықтың ерекше үлгісін көрсете білді. Соның ішінде әлемде теңдесі жоқ бірден-бір құрылым – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Ассамблеяның жұмысын жетілдіру, оны басқа елдерге үлгі ету – Мемлекет басшысының дара саясаты. Елбасының көреген саясатымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысының нәти­жесінде елімізде этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей моделі қалыптасты. Қаймағы бұзылмаған қалың қазақ ордасы – Сыр елінде де қаншама ұлт пен ұлыс бір ананың баласындай тату-тәтті ғұмыр кешуде. Бұл жұртымыздың айнымас достығының үзілмес дәнекері. Бейбітшілік бесігін тербеткен Сырдария ауданында жалпы саны 651 әртүрлі ұлт өкілдерінің 16 этносы мекен етеді. Ауданымызда ассамблеяның құрамы – этномәдени бағыттағы бірлестік өкілдерінен, қоғамда өзіндік орны, абырой-беделі бар тұлғалардан құралған.
2015 жылдың наурыз айында Ассамб­лея жылы аясында ауданымызда «Достық үйі» ашылды. Қазіргі таңда Достық үйінің шаңырағының астында аудандық қоғамдық ұйымдар жұмыс жасауда. Сонымен қатар, қоғамдық ұйымдар мен ассамблея мүшелерінің жұмыс жасауына ресурстық орталық және кітапхана ашылған. Онда компьютерлер интернетке қосылып, телефон, фото-бейне аппаратурамен, 15 000-ға жуық кітап қорымен қамтамасыз етілген. Түрлі форматта шараларды өткізуге арналған «Қазақстан халқы Ассамблеясы» залы орналасқан.
Өз уақытысында ауданымыздан көшіп, басқа елдерге қоныс аударған этнос өкілдері де Туған жерлерінен қол үзіп қалған жоқ. Олардың көпшілігі ассамблея арқылы аудан шараларына қатысып, игі жұмыстарға атсалысуда. Достық үйінің жанынан өңіріміздегі өнерлі этнос өкілдерінен «Достық» вокалдық ансамблі құрылды. Құрамында кәріс, шешен, орыс, украин, молдаван, армян, татар этносының өкілдері бар. Бұл ансамбль қазіргі таңда аудан көлемінде аталып өтетін барлық шараларға белсенді қатысып келеді. Қос бірдей талантты ұлдарымыз Луца Константин мен Мясцов Никита халықаралық, республикалық ән байқауларына қатысып, ауданның абыройын асқақтатып жүр. Луца Константин Васильевич 2015 жылы Республикалық «Менің Қазақстаным» фестивалінде гран-при иегері атанып, сол жылы Қазақстан халқы ассамблеясының 22-сессиясында Елбасымен бірге Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін орындау мәртебесіне ие болды. Тағы бір талантымыз Мясцов Никита Николаевич 2015 жылы «Өнеріміз саған, Қазақстан» атты Республикалық ән байқауының, 2016 жылы дәстүрлі «Шекарасыз ән» халықаралық фестивалінің жеңімпазы атанып, 2015–2016 жылдары ҚР Мәдениет және спорт министрінің және Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасының орынбасарының «Алғыс хатымен» марапатталды. Аудан көлемінде тұратын этнос өкілдерінің ұлттық салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын қолдау мақсатында этнобағыттағы «Достығымыз жарасқан» қоғамдық бірлестігі құрылды. Аталған бірлестіктің жұмысын жандандыру мақсатында «Түрлі этнос өкілдері арасында шаралар ұйымдастыру» әлеуметтік жобасы аясында биыл төртінші жыл қатарынан аудандық бюджеттен тиісті қаржылар бөлінуде. Бұл жоба алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, тұрақты түрде мемлекеттік тапсырыс негізінде аудандық бюджеттен қаржыланатын болады. Аталған қаражат шеңберінде тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға қайырымдылық акцияы, үлгілі аралас отбасымен, этнос өкілдерімен кездесу, жас ақындар мүшәйрасы, этнос өкілдері арасында мемлекеттік тілді білуден сайыстар, патриоттық ән байқаулары, ұлттық тағамдарды әзірлеуден шеберлік сыныптары, концерт ұйымдастырылды. Қазақстан халқы Ассамблеясының тапсырмасына сәйкес, Қоғамдық келісім кеңестері барлық ауылдық округтерде құрылып, оның құрамына беделді, аузы дуалы, әділ шешім қабылдайтын таңдаулы азаматтар енді. Өткен жылдың мамыр айында Н.Ілиясов ауылында Қазақстан халқы ассамблеясының Қоғамдық келісім кеңесінің республикалық көшпелі отырысы болып, аталған шарада ауданымызға қарасты 13 ауылдық округтегі Қоғамдық келісім кеңесінің жұмыстары республиканың түкпір-түкпірінен келген қонақтарға тәжірибе ретінде таратылды.
Қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері, аудандық аналар кеңесімен кәсіби емес медиа­торлармен бірлесіп, даулы мәселер шыққан жағдайда екіжақты өзара келісімге келтіріп, мәселенің оң шешімін табуына атсалысып келеді. Сырдария ауданында 6 аудандық, 38 ауылдық округтік кәсіби емес медиаторлар тіркелген. Кәсіби емес медиаторлардың жұмысын жандандыру мақсатында ауданның барлық ауылдық округінде медиация кабинеті ашылып, жергілікті жердегі кәсіби емес медиатордың жұмыс жасауына жағдай жасалды. Аудандағы кәсіби емес медиатор Келдібаев Мұса Алпысбайұлы ағымдағы жылдың 18 мамыры күні Павлодар қаласында өткен Қазақстан халқы ассамблеясының қоғамдық медиаторының Республикалық форумына Қызылорда облысының атынан қатысып, медиация бойынша ауданымызда атқарылып жатқан жүйелі жұмыс жөнінде оң тәжірибесімен бөлісті,– деген аудан басшысы алдағы уақытта да жос­парлы жұмыстар жоғары деңгейде орындала беретінін айтты.
Келелі жиын барысында «Рухани жаңғыру» орталығының директоры, ҚХА мүшесі, облыстық ҚХА жанындағы ғылыми-сарапшылық тобының жетекшісі Н.Мыңжас, Қармақшы ауданы Т.Көмекбаев атындағы № 250 орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі, облыстық ҚХА мүшесі А.Гадирова, «Қызылорда су торабы» бөлімшесінің басшысы, Жалағаш ауданының тұрғыны С.Алмурзаев, облыстық ҚХА мүшесі, «Авангард-Мұнай» ЖШС директоры Қ.Әбікешев, «Қолөнер» ұлттық нақыш орталығының директоры А.Керімқұлова, «Волковгеология» АҚ филиалы №23 геологиялық барлау экспедициясының инженер-геологы А.Вебер, «Мұрагер» мектебінің 10-сынып оқушысы Е.Демиденко сөз сөйледі.
Қызылорда облысының Қазақстан халқы ассамблеясының ХХI сессиясының күн тәртібіндегі мәселелер кеңінен талқыланғаннан кейін облыс әкімі, облыстық ассамблея төрағасы Қ.Көшербаев Сырдария ауданындағы жемісті жұмысты кеңінен тарату, өзге аудандарға тәжірибе ретінде енгізу және аудандағы жасампаз жұмыспен танысу бағытында кешенді іс-шаралар әзірлеу жөнінде тиісті сала басшыларына тапсырма берді.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
аудан әкімінің баспасөз хатшысы
06 маусым 2018 ж. 1 611 0