Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі «Руханият» орталығының жұмысымен танысты

Аудан әкімі «Руханият» орталығының жұмысымен танысты

Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев Сыр елінде биылғы жылды «Руханият» жылы деп жариялаған болатын. Осыған байланысты облыс әкімінің қолдауымен барлық ауданда «Руханият» орталықтары салынып жатыр.

Облыс бойынша алғаш болып Сырдария ауданында «Руханият» орталығының іргетасы қаланды. Іс-шарада облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев «Сыр елінің жауһар жәдігерлерін сақтап, келер ұрпаққа жеткізуге, жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеуге және тәуелсіздіктің қасиет-құндылығын ұғындыруға әрбіріміз жауапкершілікпен қарауымыз қажет. Осы жұмыстарды жүйелі әрі тұрақты негізде, бір орталықтан жүргізу мақсатында барлық 7 ауданда музей, кітапхана, архив, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталықтарын біріктіретін, типтік үлгідегі «Руханият» орталықтарын салу туралы бастама көтеріп, шешім қабылдадық. Бұл – әртүрлі бағытта қызмет көрсететін мекемелерді бір орталыққа оңтайландыру арқылы бюджет қаражатын үнемдеуге, әкімшілік шығындарды азайтуға мүмкіндік беретін тың жоба» деп атап өткен болатын.

Бүгінде аудандағы «Руханият» орталығының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Аудан әкімі Берік Сәрменбаев құрылыс жұмыстарының барысымен танысып, мердігер мекеме өкілімен сөйлесті.

Аудан әкімі аймақ басшысын қолдауымен салынып жатқан рухани орталықтың маңызы зор екенін атап, құрылыс жұмыстары сапалы жүргізілу керектігіне тоқталды. Құрылыс нысанын аралап, мердігер мекеме өкіліне жұмыстарды уақытылы, мерзімінде аяқтауды ескертті.

Айта кетейік, жалпы құны 1,5 млрд. теңгені құрайтын «Руханият» орталығының құрылысын «Техоснастка-Ремсервис» ЖШС атқаруда. Мұнда 50 адам, 3 техника жұмылдырылған. Қазіргі таңда ішкі құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі
06 қараша 2024 ж. 116 0