Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Самара-Шымкент» автомобиль жолын қайта құрылымдау жобасы таныстырылды

«Самара-Шымкент» автомобиль жолын қайта құрылымдау жобасы таныстырылды

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қызылорда облыстық филиалы аудан тұрғындарына алдын ала хабарлағандай қоғамдық тыңдау өткізді.

Қоғамдық тыңдауда «Самара-Шымкент» республикалық маңызы бар автомобиль жолының 1806-1337 шақырымын (Қызылорда-Сексеуіл) 1-б техникалық санатқа қайта құрылымдау» жобасына техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу бойынша жоба таныстырылды.

Тыңдауға аудан әкімінің орынбасары Роллан Еспенбетов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Жәнібек Сыздықов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары Ерсайын Мұзафар, бас жобалаушы «ҚазЖолҒЗИ» АҚ-ның бас инженері Виталий Копылов қатысты.

Қоғамдық тыңдауда «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қызылорда облыстық филиал директорының орынбасары Ерсайын Болатұлы «облыс аумағында республикалық маңызы бар 1024 шақырым жол бар» деді. Оның 810 шақырымы «Самара-Шымкент» автожолын құрайды. Осы жолдың 246 шақырымы көп жолақты бірінші санатты, Ақтөбе бағытына 566 шақырым екінші санатты екі жолақты жол. Сонымен қатар Қызылорда-Жезқазған учаскесінің 192 шақырымына қайта жаңғырту жұмысы жүруде. Биыл 140 шақырым жол пайдалануға беріледі деп жоспарланғанын айтты.

– Өткен жылы Сыр еліне Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары кезінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев республикалық, аудандық, қалаішілік жол бойынша есеп беріп, халықтың көкейінде жүрген «Самара-Шымкент» автожолының Ақтөбе бағыты бойынша жолды бірінші санатқа көшіру қажеттігін айтты. Бұл Президент тарапынан қолдау тауып, тиісті министрлікке тапсырма берді. Тиісті жобалаушы анықталып, жұмыс бас­талды. Бұл жоба екі учаскеге бөлінді. Біріншісі, Қызылорда қаласынан айналма жол салу және екіншісі, Қызылордадан бастап Сексеуіл кентінің бұрылысына дейін жолды екінші санаттан біріншіге көшіру. Бұл ірі жобаны «ҚазЖолҒЗИ» АҚ-ның бас инженері Виталий Копылов бастаған топ әзірледі, – деді Ерсайын Болатұлы.

Жобаның бас инженері алдағы уақытта құрылысы жүретін ірі жобамен таныстырды. Бұл жобада ең алдымен адам қауіпсіздігі ескерілгені, салынатын өткелдер мен санитарлық демалыс аймағы, пайдаланатын құрылыс материалдарының сапасы басты назарға алынғаны айтылды.

Өз кезегінде облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Жәнібек Сыздықов облыста жол жөндеуге 2022 жылы 17 млрд теңге бөлінсе, 2024 жылы жолға бөлінген қаржы 43,3 млрд теңгеге жеткенін айтты. 2015 жылы пайдалануға берілген «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» магистралінің облыс аумағындағы бөлігін қайта жаңғырту қажеттігі орын алғандықтан, көп жолақты жолға қайта құрылымдау жобасы әзірленген. Бұл өз кезегінде жыл сайын орын алатын жол-көлік оқиғалардың болмауы және алдын алуы үшін маңызды.

Қоғамдық тыңдауда көпшілік тарапынан жолды кеңейту мәселесіне байланысты жасалған жоба қолдау тауып, қойылған сұрақтарға тұщымды жа­уап берілді.

Бибісара ЖАНӘЛІ
12 қазан 2024 ж. 102 0